Кеше Алматыда Мемлекеттік тілді дамыту қоры Жастардың қазақ тілін насихаттау жөніндегі үздік жобасы байқауының қорытындысын шығарды. Оған студент және оқушы жастардың екі жүзден астам өкілі қатысты. Байқауға «Еларна» телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетті.
Байқаудың мақсаты еліміздің мәдени кеңістігіне қазақ тілін енгізудің жаңа әдістерін іздеуге жас ұрпақтың қатысуын ынталандыру болып табылды.
Ұйымдастырушылар байқауға келіп түскен материалдардың сапасының жоғарылығын қанағат сезімімен атап өтуде. «Қатысушылардың көпшілігі жай ғана идеялар емес, тиімділігі екшеліп, нақты есебі шығарылған және іс-қимыл бағдарламасы іс жүзінде тексерілген жобалар ұсынды» — дейді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев.
Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орын мен ақшалай сыйлыққа Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің 1-ші курс студенті Арайлым Ноянбаева ие болды. Ол шет мемлекеттердегі, оның ішінде бұрынғы кеңестік аумақ елдеріндегі тіл құрылысының тәжірибесін жинақтай отырып, айтарлықтай сараптамалық жұмыс жасаған. Өзінің зерттеуінің нәтижесі бойынша Арайлым бизнес құрылымдарында, кәсіпорындарда, білім саласында қазақ тілін алға бастырудың бірқатар нақты шараларын ұсынады.
Екінші орынға Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Мирас» мектеп-гимназиясының 11-ші сынып оқушысы Перизат Жетпісбаева лайық деп танылды. Өзінің жобасын даярлау барысында Перизат қазақ тілін балабақшаларда оқытудың әдістемесін талдап, оның әлсіз тұстарын анықтауға талпынды, тәрбиешілер мен ата-аналардың арасында сауалнама жүргізіп, тілдік даму жөнінде ұсыныстар әзірледі. Ал, ең бастысы, ол өзінің көршілерін ауызекі қазақшаға тәп-тәуір үйретіп, жоба бойынша нақты нәтижеге жетісті.
Байқаудың қазылар алқасы үшінші орынға Халықаралық бизнес университетінің студенті Дидар Алмабековтің жобасы лайық деп ұйғарды. Ол өз жұмысында тіл туралы заңнамаға баса көңіл бөледі. Автор, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңның жекелеген нормаларын өзгертуді ұсынады. Сонымен қатар ол, өзінің ойынша, қазақ тілін пайдалану ауқымын айтарлықтай кеңейтуге көмектесетін бірқатар жаңалықтар дайындады.
Байқаудың қазақ тілін өрістетуге байланысты елеулі ұсыныстар берген тағы жеті қатысушысы Қордың арнаулы дипломдарымен марапатталды. Олардың қатарында Қазақ Ұлттық техникалық университетінің 3-ші курс студенті Ғ. Құрманғалин, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-курс студенті А.Жантеева, Алматы Технологиялық университетінің студенті Д. Жүсіпова, Жамбыл облысының Луговое кентіндегі Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы А.Қасымова және басқалар бар.
Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «Еларна» телеарнасының «Азамат» бағдарламасында көрсетілді.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, жастардың үздік жобалары Тіл саясатына жауапты өкілетті органдардың қарауына жолданады.