Осындай атпен бүгін Алматыда өткен салтанатты форумда қаладағы ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері бас қосты. Мерекелік шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекеттік тілді дамыту қорымен бірігіп ұйымдастырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығы мемлекет ісіне үлес қосқан бір топ азаматқа «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбегі сіңген қайраткер» медальдары мен арнайы гранттарды тапсырды.
Алматыда қазіргі таңда 20-дан астам ұлт пен ұлыс ынтымақтың шырқын бұзбай, тату ғұмыр кешіп келеді. Республикалық ұлттық мәдени орталықтардың басым бөлігі да осында. Алматылық диаспоралардың белді мүшелері бүгін бір дастархан басында жиналды.
Ералы Тоғжан, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Тәуелсіздіктің тал бесігі атанған Алматы барлық диаспораларға бірдей жағдай жасап келеді. Бұл еліміздегі келісім мен ұлтаралық татулыққа бағдарланған саясаттың жемісі.
Қазақ жері қиын-қыстау кезеңде пана сұраған талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан киелі мекен. Сондықтан, тілі басқа болса да, тілегі бір халықтарды тең атаның ұлындай көріп, бөле-жармай ұстаған қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына түрік диаспорасы да 19 жылдан бері тілектес. Түбі бір түрік баласының қазір мемлекеттік тілді үйренуге құлшынысы ерекше. Қазақбай аға соған қуанады.
Қазақбай Қасым, Алматы қалалық түрік мәдени орталығының жетекшісі:
Біз мұны ешқашан да ұмытпаймыз. Қиын кезеңде бір бөлік нанын бізбен бірге бөліскен қонақжай халықтың дархандығын қалай ұмытуға болады.
Салтанатты форумда қазақ қоғамына еңбегі сіңген диаспоралардың белді мүшелері марапатталды. Олар: түрік ұлттық мәдени орталықтан — Шах-Исмаил Аси, кәріс ұлттық мәдени орталықтан — Апанасий Ким және «Достық» журналының Бас редакторы — Зейнепгүл Сейсен. Екеуі «Ерен еңбегі үшін» медальін кеудесіне тақса, біреуі «Еңбегі сіңген қайраткер» атанды.
Зейнегүл Сейсен, «Достық» журналының бас редакторы:
Өте қуаныштымыз осындай тәуелсіздік күні марапатталып жатырмын. Менің осындай азды-көпті еңбегімнің еленіп жатқанына.
Этносаралық келісім мен өзара жарасты сыйластық. Осы қағидатқа бекем ғұмыр сүрген қайраткердің бір тобына «Самұрық-Қазына» қоры тағайындаған гранттар табысталды. Өзім деген өзге ұлттарды өзекке теппей, тату-тәтті өмір сүру. Жүзден астам ұлтты бір шаңырақтың астына ұйыстырған қазақ халқының ниеті осындай.
Әуесбайдың Қанаты
16.12.2010
kaztrk.kz