Жақында Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде «Мемлекеттік тіл және қазақстандық патриотизм бәсекеге қабілетті мемлекетті құру факторы ретінде» атты республикалық конференция өтті.
Конференцияға «Қазақ газеттері »ЖШС-нің директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Жұмабек Омарұлы Кенжалин, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Сәдметұлы Шәуеев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Асылбайұлы Сейітқасымов, Ақмола облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлы, «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласының Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нөкербайұлы Нұғманов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Нұрмағамбетұлы, Республикалық дебат қауымдастығы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берік Ракушев қатысты. Алқалы жиында қазіргі қоғамдағы тіл мәселесі жан-жақты талқыға түсіп, әр тараптан түрлі ұсыныстар ортаға салынды. Ақмола облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлы өз баяндамасында «Дүние жүзінде ЮНЕСКО-ның дерегі бойынша 2900 тіл, 8000-дай диалект бар деп есептелінеді. Ағылшынның керемет ғұламасы, лингвист Дэвид Кристал деген әлемдік ұйымдардың тіл жөніндегі сарапшысы бар. Сол лингвисттің есептеуінше, жер бетінде 6000 мен 7000-ның арасында тілдер бар екен. Оның әлемдегі тіл құбылыстарына тұжырым жасайтын «Тіл ажалы» («Гибель языков») деген еңбегі бар. Осы кітабында дүние жүзінде ай сайын 2 тілден жоғалып отыратыны айтылады. Алысқа бармай-ақ 73 жылдың аралығында КСРО-ның өз ішінде 92 тіл жойылып кеткенін біз білеміз бе? Трагедиялық жағдай деп бағалауға болады…» деген деректермен өз сөзін тұздықтай отырып, біздің елдегі тіл мәселесінің қаншалықты өзекті екеніне де назар аударды. Сондай-ақ ол өз сөзінде Ақмола облысындағы ономостика бөлімінің атқарып жатқан шараларына да тоқталды. Сонымен қатар 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының талқыға түсіп жатқанын, осы шара аясындағы атқарылуы тиіс түрлі шараларға тоқталып өтті. Мінбеге көтерілген «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласының Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғманов та ұрпақ тәрбиесіндегі ана тілінің маңызына тоқтала отырып, жапондардың бала тәрбиесіндегі озық үлгілерін мысалға келтірді. «Мәселен, жапондар өз балаларын 12 жасқа дейін тек ана тілінде оқытады. Біздер осы бағытты ұстансақ бола еді. Сонда ғана ұрпақ өз ана тілін бойына сіңіріп, ұлттық болмысынан ауытқымайтын болады» деді ол өз сөзінде.
«Қазақ газеттері»