20.10.2010 ж. Астанадағы «Жастар» Сарайында Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен «ТІЛектестер ШАШУы» атты жастар фестивалі өтті.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында қазақ тілін насихаттау, олардың өз Отанына, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлттық, патриоттық тақырыптағы жаңа әндердің дүниеге келуіне ықпал ету.
Ақысыз ұйымдастырылған бұл жастар фестиваліне 1000-нан аса көрермен жиналды. Көрермендердің тіркелмей өтіп, билетсіз кіруі, концерттің жоспарлы жиналысқа айналмай, дәстүрлі ұрансыз өткізілуі шараның әсерлі де тартымды өтіп, қала жұртшылығы үшін қазақ әндері мерекесіне айналуына мол мүмкіндік берді.
Концертке белгілі жұлдыздармен қатар жас әншілер қатысып («Бәйтерек», «Дабыл», «Аламан» топтары, Медет Шайкелов, Қасымхан Бұғыбай, Ғайни Жұмашева, Асқар Жайлаубаев және т.б.), ел мен туған жер, Отан және Ана тіліміз туралы патриоттық әндермен шашу шашты.
Сонымен қатар, «Баян сұлу» би ансамблі мен «Асхана жаңалықтары» КВН командасы өздерінің қызықты нөмірлерін тарту етті.
Сондай-ақ, бүгінгі концертте жас сазгер Ескендір Ибрагимовтың авторлық орындауындағы «Аманат» атты жаңа әнінің тұсауы кесілді.
Біздің «ТІЛектестер ШАШУы» фестивалін ұлттық рухымызды көтеріп, жыл сайын патриоттық тақырыптағы жаңа шығармалардың тұсауы кесілетін алаңға, дәстүрлі шараға айналдыру ниетіміз бар, — деді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев.
Фестивальге ақпараттық қолдау көрсеткен «Астана» радиосы.