Мемлекеттік тілді дамыту қорының Soyle.kz командасы «Казцинк» ЖШС-ның қолдауымен балаларға арналған тапсырмалары, жаттығулары және ойын симуляторлары бар интерактивті ойын түріндегі алғашқы бірегей «Тәтті алма» онлайн-платформасын іске қосты.
Платформа кімге арналған?
— 4 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға
— ата-аналарға
— бастауыш сынып мұғалімдеріне
— балабақша тәрбиешілеріне
— балалар орталықтарының оқытушыларына
Платформаның бірегейлігі — алғашында балалар сайтты ересектердің көмегімен меңгерсе, кейін сабақты өз бетінше жалғастыра алады. Осылайша, ата-аналар үшін балаларының нәтижелеріне қуану ғана қалады. Сондай-ақ, сайтта мектепке дейінгі және бастауыш мектеп мекемелері үшін қазақ және орыс тілдерінде оқытудың өзекті дидактикалық материалдары бар. Балаларға арналған 6 томдық «Тәтті алма» жинағының көркем шығармаларын https://tattialma.kz/kz сайтында, «Кітапхана» бөлімінде оқуға болады.
Сайт екі негізгі функцияны біріктіреді:
— бастауыш сынып оқытушыларына бағытталған және оларды қазақ тілінде оқыту контентімен қамтамасыз етуді көздейді;
— балаларға арналған ойын түріндегі білім беру бағдарламасы.
Қазіргі уақытта №1 Soyle.kz онлайн-порталында әлемнің түкпір-түкпірінен 300 мыңға жуық пайдаланушы қазақ тілін үйренуде. Сондай-ақ, Soyle.kz командасының тіл үйрететін «Soyletube», «Soyletiktok» арналары, қазақ тілілінде сауатты іс қағаздарын жүргізуге көмектесетін «Resmihat.kz» платформасы, «Qazcomics.kz» веб-графикалық романдар сериясы, Қазақстандағы тұңғыш «Abaialemi.kz» онлайн-энциклопедиясы, «Qazaqstan 3D» Қазақстанның киелі жерлерінің картасы және «Кім білгіш?» тұңғыш отандық мобильді зияткерлік ойыны сияқты жобалары сәтті жұмыс істеуде.