Астанада жас қаламгерлер құрметке бөленді.
«Алтын тобылғы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқау заманауи қазақстандық көркем әдебиетті қолдауға, дамытуға, насихаттауға, жас қаламгерлерді анықтауға және көтермелеуге бағытталған.
Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас әдебиетшілердің қазақ және/немесе орыс тіліндегі шығармалары қатысты. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Шығармалар 2022 жылдың сәуір айынан қазанға дейін қабылданды.
Жастардың шығармасын жазушылар, БАҚ бас редакторлары, режиссерлер, кәсіби журналистер және т.б. бағалады.
«Алтын тобылғы» байқауын сегізінші рет өткізіп отырмыз. Жыл сайын жас қаламгерлердің жоғары белсенділік танытатыны қуантады. 8 жыл ішінде байқауға 1100 қатысушыдан 1500-ге жуық шығарма келіп түсті. Биылдың өзінде 120 автор қатысты», — деді байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Әлкей Марғұланұлы байқау жас таланттарды анықтап, жастардың қазақстандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды, адамгершілікті нығайтуға ықпал ететінін, төл тарихты көбірек білуге жол ашатынын атады.
Байқауға қатысушылардың туындылары мәдениетке, өнегелі өмір тарихына, адамның рухани қасиеттеріне және т.б. арналған.
Тыңғылықты іріктеу нәтижесінде үздік шығармалардың авторлары анықталды.
Номинация жеңімпаздары 2 миллион теңгеден алды:
— «Жылдың үздік прозасы» — Абай Аймағамбетов «Бес күнді күту» шығармасы;
— «Фантастика жанрындағы үздік шығарма» — Әсет Сыздықов, «Самый быстрый турайбол»;
— «Жылдың үздік киносценарийі» — Мырза Бейбітұлы, «Айғасар» сценарийі;
— «Жылдың үздік поэзиясы» — Нұржан Байтусов, «Ауыл суреттері» өлеңдер жинағы;
— «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» — Нұрбек Кеңесбай, «Сары емшінің баласы».
«Ел мұраты – Тәуелсіздік» тақырыбына арналған үздік шығарма» арнайы номинациясын Ғылымнұр Қадырбайдың «Тыныс» повесі жеңіп алды. Авторға 3 миллион теңгенің сертификаты берілді.
Бұған қоса, ынталандыру жүлдесі ретінде екі еңбектің авторы 1 миллион теңге сыйлықпен марапатталды: Жібек Зинелова «Мұз қалашық» туынды («Жылдың үздік балалар туындысы» номинациясы) және Оразай Жеңіс – «Балаған Құлагерге…» («Жылдың үздік поэзиясы»).
https://fnn.kz/kz/news/1075