Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада Мемлекеттік Хатшы-Сыртқы Істер Министрі, Қор Қамқоршылық Кеңесінің Төрағасы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қамқоршылық Кеңесінің ІІ мәжілісі өтті.
Кеңес жұмысын ашқан Қ.Саудабаев өз сөзінде: «Бұл кездесудің ерекше мәні бар. Қазақстан жақында ғана халықаралық аса беделді ұйым – ОБСЕ-ге төрағалық ету міндетін қабылдап алғанын айрықша айтуымыз керек. Ол – еліміздің аз уақытта қол жеткізген ұлы жеңісі, зор мақтанышы» — деп атап өтті.
Күн тәртібінде Мемлекеттік тілді дамыту қорының 2009 жылғы қызметі қаралды. Осы мәселе бойынша Қор директоры Берік Әбдіғалиев баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Қор осы уақыт аралығында өз жұмысын үш бағытта: қоғамдық бастамаларды ынталандыру мен қолдау, қоғамды жұмылдыру және қоғамдық бақылау, сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары мен қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында жүргізгенін атап өтті.
Бүгінгі күні Қор қызметінің елеулі нәтижесі — қазақ тілінің қоғамдағы өз орнын нығайтуға бағытталған 30-дан астам қоғамдық жобаның жүзеге асырыла бастауы.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры бір ғана Грант байқауы шеңберінде қазақ тілді сайттардың құрылуына, қазақ тілін оқыту бойынша әзірленген авторлық бағдарламаларға, әр алуан жарнамалық-насихат акцияларына, сондай-ақ қазақ тілі оқулықтары мен оқу құралдарының, сөздіктердің жарық көруіне қомақты қаржы жұмсады.
Қор осы аталған мақсаттарға 48 млн. теңгеден аса қаражат бөлді.
Осы айтылғандармен қатар, жұртшылықтың назарын аударған түрлі байқаулар жариялап: қазақ тілінің «Бірлік пен береке тілі» атты жарнамасы, ең үздік оқыту әдістемесі, орыс тілді ақпарат беттерінде жарияланған мемлекеттік тілді насихаттайтын мақала, мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін оқытудың «Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі» атты үздік әдістемесі , сол секілді «Қоғамдық тіл инспекциясы» атты фото байқау жүлдегерлерін марапаттады.
Тұтастай алғанда, Қордың бір жылғы атқарған қызметіне Қамқоршылық кеңесінің мүшелері оң баға берді.
Сондай-ақ, осы басқосуда еліміз үшін аса маңызды мәселе – мемлекеттік тілдің келешегі төңірегінде ой бөлісіп, пікірлер айтылды. «Мемлекеттік тілдің дамуы еліміздің болашағының баянды болуымен тікелей байланысты. Сондықтан туған тілдің тағдыры мемлекет тарапынан назардан ешқашан тыс қалған емес, қалмайды да. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін халыққа жеткізе отырып, мемлекеттік тілді өркендетуді ел саясатының ең маңызды бағыттарының біріне айналдырғаны туралы айтылды.
Қазір еліміздің аумағында мемлекеттік тілді үйрететін 64 орталық жұмыс істейді. Ал 2011 жылы олардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда. Қазақ тілінде оқытатын мектептер мен балабақшалар саны жер-жерде жыл санап көбейіп келеді. Бүгінде қазақ тілінде оқытатын орта мектептер саны төрт мыңға таяп қалды. Бұл ауыз толтырып айтатын үлкен жетістік. Жылдан жылға мемлекеттік тіл саясатын қаржыландыру ұлғайтылуда. Осының арқасында қоғамда мемлекеттік тілді дамыту процесі кең қолдау тауып, оның қолдану аясы кеңейе түсуде. Бұл әсіресе жастар арасында жақсы көрініс табуда. Бүгінде 25 мыңнан астам ұлты қазақ емес оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. 20 мың бала қазақ балабақшаларына барады. 200 жексенбілік мектепте 7 мыңнан астам өзге этнос балалары қазақ тілін үйренуде. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілдің біртіндеп өркен жайып, қазақстандықтарды топтастыратын күшке айнала бастағанының нақты көрінісі. Осылайша, мемлекеттік тілдің рөлі жылдан жылға арта бермек. Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың перзенттік парызы екенін отандастарымыздың шынайы ұғына бастағаны бәрімізді қуантады.
Сондай-ақ, Мемлекеттік Хатшы өз сөзінде мемлекеттік тілді дамытудағы жетістіктер алдағы уақытта нақты істермен жалғасын табатынына тоқталып өтті. Отандық телеарналардағы мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін арттыруға барынша маңыз берілмек. Цифрлық телевидениеге көшу аясында елімізде тек мемлекеттік тілде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 телеарна ашу қарастырылуда. Олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болады деп болжанып отыр.
«Азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы бағалау технологиясы» атты мемлекеттік стандарттар бекітілмек. Осы стандарттарға сәйкес, келешекте мемлекеттік қызметке келетін үміткерлерден мемлекеттік тілді білу қатаң талап етілетін болады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мақсатында еліміздегі «Мемлекеттік қызмет туралы», «Азаматтық кодекс» сияқты қолданыстағы бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Астанада Қор Қамқоршылық кеңесінің II мәжілісі өтті
Астанада Қор Қамқоршылық кеңесінің II мәжілісі өтті
9 Желтоқсан 2009 | 3:49