Бүгін Астанада жас журналистердің «Қаламгер-Азамат» III Республикалық форумының салтанатты ашылуы өтті. Шараны ұйымдастырушыларының бірі — Мемлекеттік тілді дамыту қоры болып табылады.
ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің арнайы құттықтау жолдаған шарада 18-23 жас аралығындағы қазақтілді БАҚ-ң 100-ден астам өкілдері бас қосты.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, сонымен қатар Білім және Ғылым министрлігі мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылар форумға, ең алдымен, жас журналистердің шеберліктерін шыңдаудың, өзара идеялар мен пікір бөлісу, тәжiрибе алмасу алаңы ретінде қарайды.
Шараға қатысушыларға үш күндік бағдарлама аясында «Қазақ басылымдарының дамуы», «Қазақ интернет-журналистикасы», «Жаңалық сюжеттері мен телебағдарламалардың сапасы» сияқты тақырыптарды талқылау ұсынылды.
Сонымен қатар, форум аясында тәжірибелі журналистер мен белгілі тележүргізушілердің, баспа және электрондық БАҚ-ның бас редакторларының шеберлік-сыныптары өтті.
Форумның қорытындысы бойынша оны ұйымдастырушылар мен қатысушылар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына 2011 жылды Қазақстанның жастар жылы деп жариялауға ұсыныс жолдауды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік тілді дамыту
қорының
Баспасөз-қызметі