Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры 2019 жылғы 1 шілдеден бастап дәстүрлі «Алтын Тобылғы» әдеби байқауына өтінімдер қабылдауды бастайды. Сыйақының жалпы қоры – 11 миллион теңге.
Байқау әріптесі – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
Осымен бесінші рет өткізілгелі тұрған байқау Жастар жылына арналады. Шығармалар «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша қабылданады. Әр жеңімпазға 2 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалады.
Жастар жылына арналған арнайы номинация «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» тақырыбында жазылған «Ең үздік шығарма» деп аталады. Сыйақы көлемі 3 миллион теңгені құрайды.
Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар at2019@fpp.kz сілтемесі бойынша қабылданады.
Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерден құралған Қазылар алқасы сараптайды.
Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылар алқасы шығарма авторларының есімдерін алдын ала білмейді.
Өтінімдер 2019 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады. Жеңімпаздар есімі (сыйлық лауреаттары) 2019 ж. желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде жарияланады. Толық ақпаратпен www.fpp.kz сайтынан танысуға болады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры «Алтын Тобылғы» әдеби байқауын талантты жас авторларды анықтау және қолдау мақсатымен 2015 жылы тағайындады. Байқау әріптесі – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
«Алтын тобылғы» әдебиет жүлдесіне байқау өткізу
Ережесі
- Жалпы ережелер
- Осы Ереже Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры тағайындаған «Алтын тобылғы» әдебиет жүлдесін (бұдан әрі – Жүлде) беру тәртібін белгілейді.
- Жүлденің мақсаты – қазіргі заманғы Қазақстанның көркем әдебиетін дамыту, қолдау көрсету және насихаттау.
- Жүлденің міндеттері:
- жаңа ұрпақтың қазіргі заманғы көркем әдебиеттегі өмірлік философиялық қағидаттарын бейнелейтін жас қазақстандық қаламгерлерді анықтау және көтермелеу;
- тың әдеби үрдістердің қалыптасуына қолдау көрсету;
- қазіргі заманғы әдебиеттегі жаңа есімдерді көпшілік қауымға таныстыру.
- Жүлденің құрылтайшысы мен ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры (бұдан әрі – Жүлде құрылтайшысы).
Жүлдені тағайындау бойынша конкурс өткізудің серіктестері: Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
- Жүлде конкурс негізінде төмендегі номинациялар бойынша тағайындалады:
1) «Жылдың үздік прозасы»;
2) «Жылдың үздік поэзиясы»;
3) «Жылдың үздік драматургиясы»;
4) «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;
5) Жастар жылына арналған «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» тақырыптық үздік әдеби туынды.
- Әрбір номинация жеңімпазына «Алтын тобылғы» әдебиет жүлдесінің лауреаты атағы және 2 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. 3 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақы «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды номинациясы жеңімпазына беріледі.
- Өткізу тәртібі
Конкурс басталғаны туралы хабарландыру Н.Назарбаев Қорының сайтында www.fpp.kz және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Шығармалар 2019 жылғы 1 шілдеден 1 қарашаға дейінгі аралықта қабылданады.
Конкурстың қорытындысы 2019 жылғы желтоқсанның бірінші онкүндігінде жарияланады.
- Жүлдеге әдеби туындыларды ұсыну тәртібі
- Конкурсқа 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлердің қазақ және орыс тіліндегі шығармалары қабылданады.
- Бір автор тек екі номинацияға қатысуға құқылы.
- Авторлық жұмыстарға қойылатын талаптар:
- Конкурсқа бір автордың бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармасы ғана қабылданады;
- конкурсқа бейнормалық қолданыстағы сөздер кездесетін, этикалық нормалар мен авторлық құқықтары бұзылған шығармалар қабылданбайды;
- шығарма А-4 форматында, мәтіні 14 көлеміндегі Times New Rоman қарпімен 1,5 аралықта терілуі керек. Мәтіннің көлеміне қойылатын шектеу:
- проза үшін — 35 беттен кем емес;
- поэзия үшін — 5 беттен кем емес;
- драмалық шығарма үшін — 30 беттен көп емес;
- балалар әдебиеті үшін — 25 беттен көп емес;
- «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған түрлі жанрдағы әдеби шығарма (проза — 35 беттен кем емес; поэма — 5 беттен кем емес; драма — 30 беттен көп емес; балалар шығармасы — 25 беттен кем емес;).
- Конкурсқа жіберілетін өтінім «Алтын тобылғы» деген белгі қойылып бір конвертпен мынадай тәртіппен жіберілуі керек:
Конвертке бөлек салынатындар 1) автордың аты-жөні көрсетілмей бір данада басып шығарылған шығарма, 2) автордың өзі туралы мәліметтер осы конверттің ішінде жеке конвертте болуы тиіс: аты, тегі, әкесінің аты, туған жылы, тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефондары, e-mail.
- Өтінімдер поштамен Нұр-Сұлтан қаласы, А. Бөкейхан көшесі, 1 үй, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мекенжайына және at2018@fpp.kz электрондық пошта бойынша жіберілуі тиіс.
- Конкурсқа қатысуға өтінім бере отырып, автор:
- өзінің авторлығын растайды;
- Жүлденің ұйымдастырушыларына шығармаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, Ұйымдастырушының ұйғарымы бойынша жинақтарда және ғаламторда жариялауға рұқсат береді;
- авторлық гонорарды талап етпейді.
- Қабылданған шығармалар рецензияланбайды және қайтарылмайды.
- Жұмыстарды Конкурсқа жіберуге және салтанатты марапаттау рәсіміне қатысуға байланысты шығындарды қатысушылар өздері өтейді.
- Жеңімпаздарды анықтау тәртібі
- Қолжазбаларды бағалау және Жүлде жеңімпаздарын (лауреаттарды) анықтауды Конкурстың Құрылтайшысы елімізге танымал ақын-жазушылардан, баспа өкілдерінен, сондай-ақ байқау құрылтайшылары мен серіктестері өкілдерінен жасақтаған (7 адамнан кем емес) Қазылар алқасы жүзеге асырады.
- Қазылар алқасының құрамы мен Төрағасын Конкурстың Құрылтайшысы бекітеді.
- Қазылар алқасының Жүлденің талаптарына сәйкес келмейтін шығармаларды қарамауға (сонымен қатар анонимді шығармаларды) құқы бар.
- Конкурсқа ұсынылған шығармалар қазылар алқасы мүшелеріне анонимді түрде жіберіледі (автордың есімі аталмайды).
- Қорытынды шешім қазылар алқасының жалпы санынан кемінде 2/3 кворумы болған жағдайда ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
- Конкурсқа ұсынылған туындыларды әділ бағалау үшін барлық жұмыстар анонимді түрде қаралады. Конкурсқа ұсынылған жұмыстарды бағалау кезінде шығарманың өзектілігі мен автордың ойлау дербестігі, ұстанымы, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, эстетикалық әсер тереңдігі басшылыққа алынады.
- Қорытынды шешім қабылданғанға дейін анонимділік сақталады.
- Қазылар алқасының шешімі ақырғы болып табылады және қайта қаралмайды.
- Конкурсқа лайықты шығармалар түспеген жағдайда, Қазылар алқасы Ұйымдастырушыларға сол номинация бойынша жүлдені толығымен бермеуге немесе жартылай беру туралы ұсыныс жасауға құқылы.