2019 жылдың 25 ақпанында ҚР АКМ Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілін үйренуге көмектесетін жаңа жобасымен таныстырды. Бұл «Ұлы дала аңыздары» («Легенды великой степи») веб-графикалық романдар сериясы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған игі мақсаттарды жүзеге асыру аясында Қор қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани жетістіктерін дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастырып келеді.
Осыған орай, «Ұлы дала аңыздары» (Легенды великой степи) онлайн жобасы аясында веб-графикалық романдар сериясын әзірлеуді қолға алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы әзірленді.
«Ұлы дала аңыздары» жобасы ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен қазақ халқының тарихы мен аңыздары туралы сыр шертетін «Ұлы махаббат туралы жеті хикая» және «Қазақ жерінің ұлы батырлары» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Аңыздар мазмұны Қазақстанның киелі орындарының тарихымен астасып жатыр, әңгімелер арқауы көпшілікке киелі жерлер туралы толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік береді.