Халықаралық балалар күні қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Ақмола облысы Үсенов атындағы Сабынды орта мектебінің оқушыларын құттықтап, «Тәтті алма» атты 4-томдық балаларға арналған шығармалар жинағының 40 данасын тарту етті.
Шараның мақсаты өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді үйренуге, тарих пен мәдениетті білуге деген қызығушылығын арттыру, оларды қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақ әдеби тілін үйренуге баулу және балалардың шығармашылық қабілетін арттыру.
«Тәтті алма» жинағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, Елбасының «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірленіп, басым көпшілігі республикадағы балалар кітапханалары мен мектептеріне таратылды.
Халықаралық балаларды қорғау күні 1 маусымда жыл сайын атап өтілетіні жайлы еске салайық. Мереке 1949 жылы қарашада Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы Конгресінің шешімімен құрылды. Бұл мейрам 66 жыл бұрын алғаш рет атап өтілді.