Мәңгі есте сақтау парыз. Мемлекеттік тілді дамыту қоры мектеп оқушыларының «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы шығармалары байқауының қорытындысын шығарды.
Алматыда Жеңістің 65 жылдығы мен туған ұлтымыздың қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 толуына орай ұйымдастырылған «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы мектеп оқушылары шығармаларының байқауына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.
Байқауға Мемлекеттік тілді дамыту Қоры ұйтқы болды және оны «Ұлан» балалар газетімен біріге отырып ұйымдастырды. Жобаның демеушісі – «Beeline» сауда маркалы «Кар-Тел» ЖШС.
Баспасөз мәслихатының спикерлері ретінде Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, «Ұлан» балалар газетінің редакторы Есей Жеңісұлы, «КарТел» ЖШС-нің өкілі Анар Жұмағұлова, 1941-1945 жылдарғы соғыс ардагері Жәпек Молдабаев сөз сөйледі.
Шараны аша келе А. Шәуеев биылғы ақпан айында Қор жариялаған байқаудың екі негізгі міндетті – оқушылардың соғыс пен отаншылдық тақырыбына, әсіресе Бауыржан Момышұлының біртуар тұлғасына қызығушылығын туғызу және жасөспірімдерді сөз өнері мен қазақ әдеби тіліне бауыр бастыру көзделгенін атап көрсетті.
«Байқауға республиканың барлық аймақтарының оқушылары атсалысты. Біз олардың шығармашылық және өзіндік қолтаңбасымен таныса отырып, балалардың тарихқа немұрайлы емесін, қазақ тілін жақсы көріп, бағалайтынын, оның кең мүмкіндіктерін түсінетіндеріне көзіміз жетті» — деді Қордың директоры.
Барлығы байқауға өлеңмен және қарасөзбен жазылған 200-астам шығарма келіп түскен. Олардың авторлары – қазақ мектептерінің 5-9 сыныптарының оқушылары. Талапкерлердің еңбектерін бағалағанда шығармалардың әдеби-көркемдік айшықтылығына, өзіндік тұжырымы, жазу мәнері мен ойының ерекшелігіне назар аударылды.
Байқаудың қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынға Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Абай атындағы мектебінің 9 сынып оқушысы Айданақ Амантайқызы ие болды. Екінші орынды Қызылорда облысы Қазалы ауданының N216 мектебінің 9 сынып оқушысы Алтынгүл Сансызбай мен оның Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Қ.Ақынов атындағы мектептегі құрдасы Серік Қантаев өзара бөлісті. Ал, үшінші орынға Ақмарал Ертазиева (ақтөбелік N132 мектеп), Гүлжамал Ерғалиева (Орал қаласындағы N130 мектеп) және алматылық N43 мектептің оқушысы Дастан Мәдиев лайық деп табылды.
Әрбір жеңімпазға Мемлекеттік тілді дамыту қорының арнаулы дипломы, «Ұлан» газеті жас тілшісінің куәлігі, сондай-ақ «Beeline» компаниясынан ұялы телефоны тапсырылды.
Мемлекеттік тілді дамыту
қорының баспасөз қызметі