Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры биыл үшінші рет өтетін дәстүрлі «Алтын Тобылғы» әдебиет байқауына өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарлайды. Сыйақының жалпы қоры – 5,5 миллион теңге.
Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық әдебиетте жаңа есімдерді қалыптастыру және жас қаламгерлердің өмірлік философиясын көрсететін қазіргі заманғы әдебиетке қоғамның қызығушылығын арттыру болып табылады.
Жобаның серіктестері – Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры «Алтын Тобылғы» әдебиет сыйлығын алғаш рет 2015 жылы тағайындаған. Байқау Қазақстанның жас таланттарын қолдауға бағытталған және олардың әдебиет саласындағы шығармашылық әлеуетін көпшілікке танымал етуге мүмкіндік береді. Жас ақын-жазушылар, прозаиктер мен драматургтердің жаңа есімдері елге танымал болып, шығармалары қазіргі заманғы әдебиетте лайықты орынға ие болады.
Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындары қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар ғана қабылданады.
«Алтын Тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» сияқты төрт номинация бойынша тағайындалған. Әрбір номинацияның жеңімпазына 1 миллион теңге сыйақы беріледі. Сонымен қатар, биылғы жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мақсаттарды жүзеге асыруға арналған арнайы тақырыптық номинация жарияланды. Бұл «Туған ел» номинациясы бойынша сыйақы 1,5 миллион теңге көлемінде белгіленді.
Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерінен құралған Қазылар алқасы сараптайтын болады.
Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылыр алқасы шығармалар авторларының есімдерін білмейтін болады.
Өтінімдер 2017 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады. Жеңімпаздар есімі (сыйлық лауреаттары) 2017 ж. желтоқсан айында жарияланады. Толық ақпаратпен www.fpp.kz сайтынан танысуға болады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры — 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған коммерциялық емес ұйым. Қор әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және басқа да қоғамға пайдалы жобаларды іске асырып келеді.
Дәстүрлі «Алтын тобылғы» әдебиет туындылары байқауының
Ережесі
- Жалпы ережелер
Осы Ереже Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры тағайындаған әдебиет саласындағы «Алтын тобылғы» сыйлығын (бұдан әрі «Сыйлық») беру тәртібін белгілейді.
- Сыйлықтың мақсаты – қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту, қолдау көрсету және насихаттау.
- Байқаудың міндеттері:
- жаңа ұрпақтың қазіргі заманғы көркем әдебиеттегі өмірлік философиялық қағидаттарын бейнелейтін жас қазақстандық қаламгерлерді анықтау және ынталандыру;
- тың әдеби үрдістердің қалыптасуына қолдау көрсету;
- қазіргі заманғы әдебиеттегі жаңа есімдерді көпшілік қауымға таныстыру.
- Сыйлық құрылтайшысы мен ұйымдастырушы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры (бұдан әрі Сыйлық құрылтайшысы немесе Тұңғыш Президент Қоры.
Сыйлықты тағайындау байқауын өткізудегі Жоба серіктестері: Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
- Сыйлық байқау негізінде төмендегідей номинациялар бойынша тағайындалады:
1) «Жылдың үздік прозасы»;
2) «Жылдың үздік поэзиясы»;
3) «Жылдың үздік драматургиясы»;
4) «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;
5) «Туған ел» тақырыбындағы арналған үздік әдеби туынды.
- Әрбір номинация жеңімпазына әдебиет саласындағы «Алтын тобылғы» Сыйлығының лауреаты атағы және 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. 1,5 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақы «Туған ел» арналған тақырыптық номинация жеңімпазына беріледі.
- Өткізу тәртібі
Байқаудың басталғандығы туралы хабарландыру Тұңғыш Президенті Қорының сайтында www.fpp.kz және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Шығармалар 2017 жылғы 1 шілдеден мен 1 қарашаға дейінгі аралықта қабылданады.
Байқау қорытындысы 2017 жылы желтоқсанның бірінші онкүндігінде жарияланады.
- Сыйлыққа әдеби туындыларды ұсыну тәртібі
- Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлердің қазақ және орыс тіліндегі шығармалары қабылданады.
- Бір автор екі номинацияға қатысуға құқылы.
- Авторлық жұмыстарға қойылатын талаптар:
- байқауға бір автордың бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармасы ғана қабылданады;
- байқауға бейнормалық қолданыстағы сөздер кездесетін, этикалық нормалар мен авторлық құқықтар бұзылған шығармалар қабылданбайды;
- шығарма А-4 форматында, мәтін 14 көлеміндегі Times New Rоman шрифтімен 1,5 аралықта терілуі керек. Мәтіннің көлеміне қойылатын шектеу:
- проза үшін – 35 беттен кем емес;
- поэзия үшін – 5 беттен кем емес;
- драмалық шығарма үшін – 30 беттен көп емес;
- балалар әдебиеті үшін – 25 беттен көп емес;
- «Туған ел» тақырыбына арналған түрлі жанрдағы әдеби шығарма (проза – 35 беттен кем емес; поэзия – 5 беттен кем емес; драма – 30 беттен көп емес; балалар шығармасы – 25 беттен кем емес;).
- Байқауға жіберілетін өтінім «Алтын тобылғы» деп белгі қойылып бір конвертпен мынадай тәртіппен жіберілуі керек:
Конвертке бөлек салынатындар 1) автордың аты-жөні көрсетілмей бір данада басып шығарылған шығарма, 2) автордың өзі туралы мәліметтер осы конверттің ішінде жеке конвертте болуы тиіс: аты, тегі, әкесінің аты, туған жылы, тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефондары, e-mail.
- Өтінімдер поштамен Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 10 үй, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мекенжайына және at2017@fpp.kz электрондық поштасына жіберілуі тиіс.
- Байқауға қатысуға өтінім бере отырып, автор:
- өзінің авторлығын растайды;
- Сыйлық ұйымдастырушыларына шығармаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, Ұйымдастырушының ұйғарымы бойынша жинақтарда және ғаламторда жариялауға рұқсатын береді;
- авторлық гонорарды талап етпейді.
- Қабылданған шығармалар рецензияланбайды және қайтарылмайды.
- Жұмыстарды Байқауға жіберумен және салтанатты марапаттау рәсіміне қатысумен байланысты шығындарды қатысушылар өздері өтейді.
- Жеңімпаздарды анықтау тәртібі
- Қолжазбаларды бағалау және Сыйлық жеңімпаздарын (лауреаттарды) анықтауды Сыйлық Құрылтайшысы елімізге танымал ақын-жазушылардан, баспа өкілдерінен, сондай-ақ байқау құрылтайшылары мен серіктестері өкілдерінен жасақтаған (7 адамнан кем емес) Қазылар алқасы жүзеге асырады.
- Қазылар алқасының құрамы мен Төрағасын Сыйлық Құрылтайшысы бекітеді.
- Қазылар алқасының Сыйлық талаптарына сәйкес келмейтін шығармаларды қарамауға (сонымен қатар анонимді шығармаларды) құқы бар.
- Байқауға ұсынылған шығармалар қазылар алқасы мүшелеріне анонимді түрде жіберіледі (автордың есімі аталмайды).
- Қорытынды шешім қазылар алқасының жалпы санынан кемінде 2/3 кворумы болған жағдайда ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
- Байқауға ұсынылған туындыларды әділ бағалау үшін барлық жұмыстар анонимді түрде бағаланады. Байқауға ұсынылған жұмыстарды бағалау кезінде шығарманың өзектілігі мен автордың ойлау дербестігі, ұстанымы, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, эстетикалық әсер тереңдігі басшылыққа алынады.
- Қорытынды шешім қабылданғанға дейін анонимділік сақталады.
- Қазылар алқасының шешімі ақырғы болып табылады және қайта қаралмайды.
- Сыйлыққа лайықты шығармалар түспеген жағдайда, Қазылар алқасы Ұйымдастырушыларға сол номинация бойынша жүлденің толық берілмеуі немесе жартылай бөліп беру туралы ұсыныс беруге құқылы.