Маусымның 26-27 күндері Астанада Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен журналистерге арналған «Көркем SOYLE» атты медиа-тренингі өтті.
Тренингке еліміздің барлық аймақтарынан БАҚ өкілдері, радио, теледидар, ақпарат агенттіктері, мерзімді баспасөз бен интернет басылымдарының 100-ден астам журналистері қатысты.
Тренинг «Телеарналардағы мемлекеттік тіл», «Радиожурналистикада мемлекеттік тілдің қолданылу мәселелері», «Мерзімді баспасөз және мемлекеттік тіл», «Қазақтілді интернет порталдар», «PR-технологияларда мемлекеттік тілді қолдану ерекшеліктері» тақырыптарын қамтыды.
Тренингті Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры А.Шауеев ашып, аталған тақырыптар бойынша Берік Уәли, Мәди Манатбек, Қанат Әуесбай, Ғабит Мүсіреп, Аршат Ораз, Серікқазы Кәкібала сияқты осы саладағы жетекші мамандар мен белгілі саясаттанушылар, тіл мамандары, журналистер, қоғам қайраткерлері дәріс оқыды.
Іс-шара мазмұнына БАҚ-та мемлекеттік тілдің нормаға сай қолданылуы, тіл мәдениетін жетілдіру, журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері арқау болды.
Тренинг барысында қатысушылар қажетті де пайдалы ақпарат алмасып, мамандардың кеңестерін алды және өзара тәжірибелерімен, идеяларымен, ой-пікірлерімен бөлісті.
Тренинг соңында әр қатысушыға арнайы сертификат тапсырылды.