07.04.2010 — Мемлекеттік тілді дамыту қорына жаңа директор болып Азат Шәуеев тағайындалды. Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев төрағалық ететін Қордың Қамқоршылық кеңесі бүгін осындай хаттамалық шешім қабылдады.
Азат Шәуеев 1969 жылғы 9 ақпанда туылған. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Қор директорының бірінші орынбасары болып қызмет істеген. Бұған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде қызмет істеп, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты Ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы, Алматы қалалық әкімдігінде Қазақстан халқы шағын Ассамблеясымен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласының Ішкі саясат департаменті Қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі, Алматы қалалық әкімшілігінің Тіл басқармасында ономастика, терминология және тіл мәдениеті бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған.
Осы қызметте А.Шәуеев саясаткер Берік Әбдіғалиевті ауыстырды.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының
Баспасөз қызметі
Анықтама үшін:
Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы 5 қыркүйекте құрылды.
Қор жұмысының негізгі басымдығы – Қазақстанның ұлттық қазынасы, қазақ халқы мәдениетінің темірқазығы саналатын қазақ тілін дамытуға жан-жақты және барынша ықпал ету.
Қордың негізгі мақсат-міндеті қазақ тілін дамытуға бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсетіп, демеушілік жасау арқылы ана тіліміздің мәртебесін арттыруды ынталандыру болып табылады.
Өз қызметінің негізгі бағытына сай Қор өткен жылы Үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген тұлғалардың 30-дан аса жобасына, олардың қатарында қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламаларына, қазақ тілді интернет-сайттар ашу жобаларына, әр алуан жарнамалық-насихат акцияларына, оқу-әдістемелік құралдар мен сөздіктер шығару жұмыстарына қолдау көрсетті.
Қордың Жоғарғы басқарушы органы Құрылтайшылар жиналысы болып табылады. Оның құрамына ҚР Тұңғыш Президенті Қоры, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар Одағы, Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық қоры кіреді.