Мемлекеттік тілді дамыту қорының грантын алу байқауына еліміздің 12 өңірінен және жақын шетелден 100-ге жуық жоба келіп түсті.
Осы күнге дейін Мемлекеттік тілді дамыту қорының грантына үміткер ретінде үкіметтік емес ұйымдар мен жеке адамдардан 100-ге жуық жоба келіп түскен.
Грант алу байқауына келіп түскен жобалар тек Қазақстанмен ғана шектелмейді. Тіпті Ресей астанасындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Қазақ тілі және мәдениеті орталығы мен Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы да өз жобаларын ұсынып отыр. Сондай-ақ грант алуға еліміздің 12 өлкесіндегі тіл жанашырлары ынталылық танытуда.
Қорға келіп түскен жалпы жобалардың сұрап отырған қаржысы 200 млн. теңгеге жетті.
Жобаларды құрамында білікті мамандармен жасақталған арнайы комиссия сүзгіден өткізгеннен кейін қай жобаның қанша қаржыға лайық екені анықталмақ.
Комиссия шешімі, яғни, бірінші тоқсанда келіп түскен жобалардың нақты нәтижесі сәуір айының екінші жартысында жарияланады.
Көпшіліктің назарында болар, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылдың қыркүйек айында құрылған бұл қордың негізгі бағыты қазақ тіліне қатысты қарапайым халықтың ой-санасын ояту және қоғамдық инициативаны қолдау мен оны ынталандыру болып табылады.
Осы мақсатта қор үстіміздегі жылдың қаңтар айында алғашқы баспасөз-мәслихатын өткізіп, әр жобаға 100 мыңнан 3 млн. теңге көлемінде грант тағайындағанын хабарлаған болатын.
Айырықша айтар мәселе, аталған байқауға қатысушыларға шектеу қойылмайды, яғни, үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық топтар, қоғамдық ұйымдар және жекелеген жандар, тіпті, қаржылық құрылымдар да қатыса алады.
Қорға келіп түскен жобалардың көп болуына байланысты ең әуелі комиссияның сүзгісінен өткен, яғни, өзгелерді қазақ тілін үйренуге қызықтыра алатын, дәл қазір қолға алуға қажет қызықты да, әсері күшті жобалар қаржыландырылатын болады.
- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- 100-ге жуық жоба келді
100-ге жуық жоба келді
4 Наурыз 2009 | 6:17