«Қазақстан Бүгін» — Мәжілістің өткен аптадағы жалпы отырысында депутат Алдан Смайыл Қазақстан Республикасының премьер-министріне тіл туралы заңның орындалуын үкіметтің не себепті қадағаламай отырғаны жөнінде сауал жолдады, деп хабарлайды «Қазақстан Бүгін» агенттігінің тілшісі. Депутат үкімет басшысына жолдаған сауалын «Заң неге орындалмайды?» деген сұрақпен бастады. «Мәселенің мәні мынада. Қазақстан Республикасында Тіл жөніндегі заң да бар, бағдарламалар мен қаулы-қарарлар да жетіп артылады. Бірақ мемлекеттік деңгейге көтерілген Мемлекеттік тіл жоқ. Неге? Себебі біреу-ақ, заң да, бағдарлама да толыққанды жұмыс істемей отыр»,- дей келе депутат үкімет басшысына мынадай сұрақтар тастады:
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңның 4-бабы — «Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген міндет орындалып отыр ма?
«Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті» деген тұжырым жүзеге асырылды ма? 23 — баптағы «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді» деген ұйғарым күшіне еніп, рухани өмірімізге қызмет етуде ме?
Депутаттың пікірінше, «олардың бір де біреуі орындалған жоқ. Мемлекеттік тіл қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылып отырған жоқ. Іс қағаздарын жүргізу тілі болған жоқ. Үкімет те, атқарушы органдар да мемлекеттік тілді республика аумағында дамытуға айтарлықтай үлес қосқан жоқ. Мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес білуге тиіс кәсіптердің де, мамандықтар мен лауазымдардың да тізімі заңдастырылған жоқ».
«Қазақстан Республикасы президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 жарлығына толықтырулар енгізу туралы» қаулы неге толық орындалмай отыр» — дейді халық қалаулысы. «Осы қаулыда былай делінген: «Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, ауызекі және көрнекі әсер етудің түрлі нысандары мен әдістерін пайдалана отырып, мемлекеттік тілді насихаттау және енгізу жөніндегі шараларды әзірлеу қажет».
«Мемлекет органдары іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы 2010 жылға дейін мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармағындағы қағиданы сақтай отырып жүргізу қажет».
«Осылардың қайсы жүзеге асты дей аласыз? Бәлкім, Сізге барып түсетін есептерде тап-тұйнақтай еттік делінетін шығар, ал ақиқатында керісінше. Мемлекеттік басқару орындары, оның ішінде сіз басқарып отырған үкіметтің іс-шаралары, мәжілістері мен жиындары түгелге дерлік ресми тілде жүргізіледі. Халықаралық қызметте де солай. Ал мемлекеттік тілді осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру жөнінде сізге және тиісті министрліктерге айтқан талап-тілектерімізге құрғақ уәде берумен шектелдіңіздер. Есіңізге сала кетейік, біздің әлгі өтінішімізге 2008 жылдың 10-сәуірінде берген жауабыңызда мемлекеттік тілді үйрету, мультимедиялық кешенін, электрондық диалектологиялық т.б. сөздіктерін әзірлеу, веб-порталда мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарылған барлық өнімдерді қазақ тілінде орналастыру мәселелері шешіледі дегенсіз. Мұның бәрі тағы да сөз жүзінде қалды. Осы маңызды шараларды тындыратын мемлекеттік органдардың бірі Ақпараттандыру және байланыс агенттігі аталған өзекті міндеттерді дер кезінде жүзеге асыруға қабілетсіз болып отыр. Осы күнге дейін Интернеттегі мемлекеттік тілдегі хабарлардың жалпы көлемі 3-ақ пайыз болуы, ұялы телефондар арқылы қазақ тілінде ақпарат алмасуға толық қол жеткізілмеуі, компьютерлердегі бағдарламалардың мемлекеттік тілге икемсіздігі бұған толық дәлел бола алады».
Депутаттың айтуынша, «Мемлекеттік, жергілікті басқару органдары Конституцияның 7-бабына сәйкес іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы мемлекеттік тілде жүргізуге міндеттелгенімен, бұл мәселеге әр жерде әр түрлі мән берілді».
«Қай министрлік, қай облыс бүгінде мемлекеттік тілге қанша пайыз көшкені туралы сізге 2008 жылғы 30-қазанда толық мәлімдеп, ҚР президентінің бағдарламалық тапсырмасы орындалмай отырғанын баяндаған едік. Мәселенің саяси және рухани маңызын ескере келе шара қолдануды, үкіметтің кезекті отырысында арнайы талқылауды өтінгенбіз. Осы депутаттық сауалымызға 2008 жылғы 27-қарашада берген жауабыңызда біз көтерген мәселелер Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия отырысының күн тәртібіне енгізіледі және Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы № 127 Жарлығын орындамаған мемлекеттік органдардың басшыларына тиісті шаралар қолданылады дегенсіз», деп еске салды А.Смайыл.
«Атап көрсетіңізші, содан бергі уақыт ішінде іс қағаздарын мемлекеттік тілге 2,3 пайыз көлемінде ғана көшірген Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне, 3,9 пайыз көшірген Ұлттық банкке, 15 пайызбен қанағаттанған Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне, 10 пайызбен шектелген Жоғарғы сотқа, 23 пайызбен тоқтаған Ауыл шаруашылығы министрлігіне, осы тақылеттес басқа да басқару жүйелеріне қандай шаралар қолданылды? Ал біз оларға осы кемшіліктер үшін ауызша да ескерту жасалмағанын білеміз. Мәселені үкімет отырысында қарау жөніндегі ұсынысымыз да қабылданған жоқ»,- деді ол.
«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Заңның орындалмауының себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Оның себебі, басқару орындары Тіл туралы заңның бар екендігін баяғыда ұмытқан»,- дейді халық қалаулысы.
Оның пікірінше, «олар осы заңда: «ҚР Тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, не жауапты хатшылары, ҚР президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдары, кез-келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар ҚР заңдарына сәйкес жауапты болады» деген бап бар екенін білмейді. Кейбірінің білсе де білгісі жоқ. Өйткені осы заңның орындалуын қадағалап отырған үкімет жоқ. Дәл сол сияқты аталған заңның 23-бабының да бағы жанбай келеді».
«Әділдік үшін айтайық, Сіз жетекшілік ететін комиссияның 2008 жылғы 27 қарашадағы отырысында аталған бап жан-жақты қаралды, үш мәселе шешімін тапқандай болды. 1.Мемлекеттік тілді білуге тиіс кәсіптер, мамандықтар мен лауазымдар тізбесі жасалды. 2.Мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау жүйесі талқыланды. 3. Осы екі мәселе бойынша қолданыстағы Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде шешім қабылданды. Үкімет сол өзгерістерді мәжілістің қарауына 2008 жылдың қаңтар айына дейін енгізуі керек еді. Содан бері күтудеміз, әлі күнге хабар-ошар жоқ. Енді не істейміз? Бұл сауалға Сіз ғана жауап бере аласыз. Сол жауапты ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен күтеміз»,- деді А.Смайыл.
- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Депутат тіл туралы сауал жолдады
Депутат тіл туралы сауал жолдады
4 Наурыз 2009 | 6:16