Бүгін Астанада «Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі» әдістемелері республикалық байқауының қорытындысын жариялауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қамқоршылық Кеңесінің мүшесі – Президенттік Мәдениет Орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков пен осы қор директорының міндетін атқарушы Азат Шәуеев өткен жылдың қорытындысын жариялап, үстіміздегі жылдың жоспарларымен таныстырды.
2009 жылғы сәуірде жарияланған байқау тіл үйретудегі инновациялық үдерістерді, тиімді әдістемелік құралдарды, осы саладағы ұстаздар ұжымы мен қоғамдық ұйымдарды ынталандыру, қолдау мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Қазылар алқасының Төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, байқауға мектепке дейінгі мекемелерден, қазақ тілі оқытушыларынан, әдіскер-ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардан барлығы 20-ға жуық өтінім түскен.
Жұмыстарды іріктеу барысында қазылар алқасы байқауға келіп түскен жұмыстардың тіл үйретудегі қолайлылығы мен әдістемелік тиімділігіне баса назар аударды.
Бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің 3 бірдей әдістемесін ұсынған әдіскер Райхан Мәженқызы (Астана) бірінші орынды иеленіп, арнайы дипломмен және 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Павлодарлық №116 балабақша мұғалімі Әйгерім Каримоваға жүлделі екінші орын мен 200 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.
Ал үшінші орын мен 100 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықты қазылар алқасы Арқалық қаласындағы «Раушан» балабақшасының оқытушысы Алданыш Айжарықоваға беруді ұйғарды.
Бүгінгі шара барысында қазақ тілін дамытуға арналған қоғамдық жобаларға қолдау көрсеткен бірқатар отандық компаниялар Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер Министрі Қанат Саудабаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Тілдік жобаларды қолдағаны үшін «ҚазЦинк», «Қазмұнайгаз» Сауда үйі», «Қазмұнайгаз» Барлау Бұрғылау» Акционерлік Қоғамдары мен меценат С.А. Терещенконың демеушілігі атап өтілді.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры директорының міндетін атқарушы Азат Шауеевтің хабарлауынша, тіл шараларын, оның ішінде балаларға арналған байқаулар өткізу биыл да жалғасым таппақ.
«Мектеп оқушылары арасында «Ұлан» балалар газетімен бірлесе отырып өткізілетін шығарма жазу байқауларының 1 наурыздан басталатынын жариялаймыз. «Ерлік пен Жеңіс» деп аталатын бірінші байқауға республиканың қазақ мектептерінің оқушылары, екінші «Еліміз Еуропа төрінде» тақырыбындағы сайысқа өзге тілді мектеп оқушылары қатыса алады, — деді А. Шәуеев.
Оның айтуынша, байқау шарттары таяу аралықта «Ұлан» газеті мен мемлекеттік тілді дамыту қор сайтында (www.qazaq-found.kz) жарияланбақ.