Бүгін Астанада өткен «Қазақ тілін оқытудың инновациялық технологиялары» атты семинар аясында жаңа қоғамдық құрылым – Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы көпшілікке таныстырылды.
Жаңа қоғамдық құрылым Мемлекеттік тілді дамыту қорының бастамасымен және қолдауымен құрылды. Оның жетекшісі болып филолог, орыстілді мектептердегі қазақ тілі пәнінің оқытушысы Айгүл Ахметқалиева сайланды.
Қауымдастықтың басты міндеті — оқушыларды қазақ тілінің болашақ басты тұтынушылары ретінде қалыптастыру және олардың отаншылдық сезімдеріне мемлекеттік тіл арқылы жол ашу; ата-аналар әлеуетін оқу үдерісіне жұмылдыру; орыстілді мектептер мен балабақшаларда қазақ тілін оқытудың жаңаша шешімдерін іздестіру мен әзірлеу; қазақ дәстүрін жас ұрпаққа сіңіруге үлес қосу.
2009 жылғы қарашада мемлекеттік тіркеуден өткен Қауымдастық, сондай-ақ, қазақ тілі оқытушыларының біліктіліктері мен әдістемелерін жетілдірумен айналысатын болады. Тағы бір мақсаты – мемлекеттік тілді меңгермеген оқушылардың ата-аналарымен жұмыс болып табылады.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры директорының міндетін атқарушы Азат Шауеевтың айтуынша: «ата-аналар балаларына қазақ тілін білу – олардың болашақта отанына қызмет етуде өз лайықты орындарын табуына, туған елінің тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін шынайы сезінуге үлкен септігін тигізетінін түсіндіруі қажет».
Семинар астаналық орыс мектептерінің жүзден аса қазақ тілі оқытушыларын жинады. Семинарда Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің профессоры Таңат Аяпова мастер-класс өткізді.
Шараға сондай-ақ, Қауымдастықтың Қамқоршылық кеңесінің мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры директорының міндетін атқарушы Азат Шауеев, қалалық білім басқармасының басшылары қатысты.