«www.soyle.kz» — Қазақстанда тұңғыш рет мемлекеттік тілді онлайн режимінде тегін оқытатын Интернет-портал іске қосылды.
Бүгін Астанада Мемлекеттік тілді дамыту қоры мемлекеттік тілді тегін оқытатын«www.soyle.kz» Интернет-порталының ашылу рәсімін өткізді. Бұл жоба «Қазақстан -2050» Стратегиясында айтылған міндеттерді орындау мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының Қоры мен «Samsung Electronics Kazakhstan and Central Asia» Компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Жаңа интернет-порталды көпшілік назарына ұсынған ҚР Тұңғыш Президенті-Ұлт Көшбасшысы Қорының өкілі Серік Бұлхайыров, «Samsung Electronics Kazakhstan and Central Asia» Компаниясының өкілі Гүлжамал Исаева, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Алдаш және Мемлекеттік тілді дамыту Қорының директоры Азат Шауеев ресурстың басты мақсаты мен ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Жобаны әзірлеу барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Алдаш жетекшілік еткен шығармашылық топ (тілші ғалымдар, әдіскерлер мен оқытушылар) жұмыс істеді.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры, онлайн курс идеясы мен концепциясының авторы Азат Шауеев өз сөзінде: «Soyle.kz» порталында орналастырылған барлық сабақ материалдары, танымдық-ақпараттық материалдар тіл үйренушілердің қазақша сөйлеп үйренуі үшін ұсынылып отыр. Біздің түпкі мақсатымыз – қазақ тілін үйренем деушілерге барынша көмектесіп, сабақтарды мейлінше қарапайым, мейлінше түсінікті түрде тегін үйрету. Қазіргі таңда интернет жүйесінде қолжетімді (тегін) онлайн курс жоқ. Сондықтан да біз тілдерді оқытудың халықаралық және отандық іс-тәжірибесінің тиімді тұстарын зерттеп-зерделеп, сараптай келе, қазақ тілін оқытудың онлайн курсын әзірлеуді қолға алдық. Бұл, әрине, мемлекеттік тілді оқыту мәселесінде айтулы қадам. Қазіргі заманда тек ақпараттық технологиялар ғана мемлекеттік тілді жалпыға бірдей оқытуды қамтамасыз ете алады» — деді.
ҚР Тұңғыш Президенті- Ұлт Көшбасшысы Қорының өкілі Серік Бұлхайыров: «Бүгінгі таңда қазақ тілін онлайн режимінде оқытудың бірегей мүмкіндігі пайда болды, өйткені мемлекеттік тілді үйренуге деген қажеттілік күн сайын ұлғайып келеді. Онлайн портал күнделікті өмір мен кәсіби қызметтің көптеген қырларын қамтиды» – деп атап өтті.
«Samsung Electronics Kazakhstan and Central Asia» Компаниясының өкілі Гүлжамал Исаева өз сөзінде: «Компания мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолдану аясын кеңейтуге зор көңіл бөлуде. Бүгінде Самсунгтың барлық құрылғылары қазақтілді интерфейспен жабдықталып, көптеген қосымшалар мемлекеттік тілде қолданылуда. Бұл жоба Samsung Electronics Kazakhstan компаниясының жалпы құндылықтарды құру бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Мемлекеттік тілді қолдау осы бағдарламадағы негізгі басымдықтардың бірі» – деді.
Мемлекеттік тілді дамыту Қорының Баспасөз қызметі