Мемлекеттік тілді дамыту қоры 2015 жылғы 30 наурызда, сағ. 11.00-де Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің «Қазмедиа орталығында» iPhone и iPad тұтынушылары үшін қолжетімді «Айтыс» (iTys) атты Тұңғыш қазақстандық мессенджердің тұсаукесерін өткізді.
iTys мобильдік қосымшасы тұтынушыларға мемлекеттік тілде толыққанды хат-хабар алмасуға мүмкіндік береді, сондай-ақ әлемнің әр қиырындағы барша қазақстандықтарды біріктіруді көздейді. Бұл iTys өнімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді қарқынды дамытудың басты бағдары ретінде айқындаған инновациялық жобаларының қатарына жатады.
Алғаш рет «Айтыс» (iTys) қазақстандық мессенджерінің тұсаукесері 2014 жылғы 19 қарашада өткізіліп, Android платформасына ғана бейімделген болатын.
Енді Тұңғыш қазақстандық мессенджер iOS платформасына шығарылып отыр. Оны AppStore мен www.itys.kz сайтынан тегін жүктеп алуға болады.
Бірнеше айдың ішінде iTys мессенджерін ұялы телефондарына жүктеп алған тұтынушылар саны 150 000-нан асты, олардың қатарында тек Қазақстан тұрғындары ғана емес, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Түркия, Франция және Жапония елінің азаматтары да бар.
Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде еркін сөйлесуге мүмкіндік беретін iTys қосымшасын қазақстандықтар зор ризашылықпен қабылдаған болатын. Бұл ұлттық жоба тілімізді, ел мәдениетін және қазақстандық IT-технологияны жетілдіруге ықылас білдірген тұтынушыларды біріктіруші күшке айналды деуге болады. 28 және 29 қараша аралығында қазақстандық iTys қосымшасы ресми Android Market интернет-дүкенінде жүктелу саны жағынан бірінші орынға шықты.
iTys Қазақстанда, әсіресе жастар арасында ерекше танымал байланыс түріне айналды. Еліміздегі iTys-ты қолданушылар күн сайын үш миллионнан астан хабарлама жіберіп, мультимедиялық файлдар алмасып отырады.
Бұл қосымша барша қазақстандықтардың, сондай-ақ шетелдіктердің де қолдауына ие болды, оған қатысты оң пікірлер айтылуда. iTys командасы барлық келіп түскен пікірлер мен тілектерді назардан тыс қалдырмайды. Біз www.itys.kz сайтын барынша қолайлы етуге және қызмет түрін көбейтуге тырысудамыз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта еліміздің кез келген азаматы сайттың халықтық дауыс беру парақшасы арқылы iTys командасының қатысушысына айналу мүмкіндігіне ие.
Халықтық ашық дауыс беру жүйесі пайдаланушылардың өздеріне бағдарлама жүйесіне түрлі стикерлер мен смайликтер, тақырыпшалар енгізу мүмкіндігін бередi. Енді міне, соның нәтижесінде iTys толықтай халықтық жобаға айналды.
iPhone және iPad құрылғыларына орнатылатын Мессенджердің қазақша клавиатурасы да қолайлы, орыс және ағылшын әріптеріне көздері үйренген тұтынушылар енді қазақ әліпбиін де еркін пайдалана алады.
iTys — баршамыз білетін Whatsapp-тың қазақстандық баламасы
iTys — тұңғыш қазақстандық мамандар әзірлеп шығарған, жедел хабар алмасу мүмкіндігін беретін арнайы мобильдік қосымша.
Бағдарламаның бірқатар ұтымды да тиімді тұстары баршылық: мұнда жеке хабарламалардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін автоматты өшіру функциясы бар, ұлттық нақыштағы стикерлер мен смайликтер де орынды таңдалған, интерфейсті де қазақ және орыс тілдерінде қолдануға болады. Ерекше тоқталатын тағы бір маңызды жайт — ТЕГІН пайдалану мүмкіндігі.
iTys командасы алғашқы қазақстандық мессенджерді жетілдіру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізуде. Біз көпшілік тарапынан осы жобаны қызықты да тартымды, қолайлы ету мақсатында ұсынылған ой-пікірлерді қуана қабылдаймыз.
Енді iTys пайдаланушылары суреттерді басқа қосымшалар секілді қысылған форматта емес, толық түпнұсқа түрінде жібере алады. Бұл жіберілетін суреттердің сапалы болуына мүмкіндік береді, жылдам әрі ыңғайлы.
Сондай-ақ iTys арқылы Android нұсқасында txt, doc, pdf, xls. pps, т.б. форматтағы түрлі құжаттарды жіберуге болады.
Жобаға қатысты пікірлеріңізді мессенджердің ресми сайтына www.itys.kz жіберу арқылы, өз ұсыныстарыңызды айтуға және өздеріңізге ұнаған тақырыпшалар мен функцияларға дауыс берулеріңізге болады.
Жоба әзірлеушілері таяу аралықта iTys сервисінің базасында тегін дыбыстық қоңыраулар, қазақ тілінің автотүзетушісі, графикалық редактор сервистерін ұсынып, ұлттық нақыштағы жаңа стикерлер мен анимациялар түрін қоспақшы.
Бұл міндеттерді жоғары деңгейде орындап, көпшілік көңілінен шығу үшін жетілдіру жұмыстарына қазақстандық дарынды суретшілер, дизайнерлер және техникалық мамандар жұмылдырылады.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының
баспасөз-қызметі