Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астана қаласының «Балақай» балабақшасында «Армысың Әз Наурыз» мерекесін өткізді. Балаларды ұлттық салт-дәстүрлермен таныстыруға арналған ойындар ұйымдастырылды. Олар наурызға байланысты түрлі сұрақтарға жауап берді, сөздер құрастырып, сөзжұмбақтарды шешті, ән айтып, би билеп, сахналық көріністер қойды.
«Бұл шараның мақсаты балаларды қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрімен таныстыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақ тілінде сөйлеуге баулу және балалардың шығармашылық қабілетін арттыру. Кешегі Ақордадағы кездесуде Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекеттік тілді дамыту ел болашағы үшін маңызды мәнге ие. Тілдің дамуына жан-жақты көмек көрсету керек. Мұны өскелең ұрпақтан бастау қажет», — деп атап өтті. Жақында балаларға арналған Bala.soyle.kz интернет-порталын жасадық. Жұмыс істей бастаған үш ай ішінде күн сайын 5-6 мың өскелең ұрпақ өкілі порталдың көмегімен тіл үйренуде. Біз балабақша және балалар үйлерімен, мектептермен, жоғары оқу орындарымен тікелей жұмыс істейміз», – деді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев.
Іс-шара соңында өскелең ұрпақты қазақ тілін үйренуін ынталандыру мақсатында Қор бүлдіршіндерге мемлекеттік тілдегі кітаптарды сыйға тартты. Бұл Қазақстан халықтарының ертегілері мен мектепке дейнгі балаларға арналған танымдық әдебиет.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының
баспасөз қызметі