Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстандағы ең алғашқы қазақ тілін тегін үйрететін www.soyle.kz онлайн курсының жұмысы туралы үздік мақалаға байқау жариялайды. Байқаудың мақсаты оқырмандарды мемлекеттік тілді үйренуге тарту және осы порталмен көпшілікті таныстыру.
Байқауға кәсіпқой журналистермен қатар www.soyle.kz ресурсы арқылы мемлекеттік тілді үйреніп жүрген кез келген пайдаланушы қатыса алады. Авторлар өз мақалаларында осы порталмен қазақ тілін үйреніп жүрген өз тәжірибелері туралы бөлісуі керек. Байқауға жіберілген жұмыстар 2014 жылдың 1 шілдесінен 20 қыркүйегі арасында баспасөз беттерінде жариялануы керек.
Үздік мақала авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Байқау шарттары туралы қосымша ақпаратпен www.qazaq-found.kz және www.soyle.kz сайттарында немесе http://vk.com/soyle_kz, on.fb.me/1mIhFZR сілтемелерімен өтіп таныса аласыздар.
Байқау жеңімпаздары 2014 жылдың 22 қыркүйегі, Қазақстан халқының тілдері мерекесі күні қарсаңында анықаталады.
Анықтама: 2013 жылдың аяғында Қор Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін www.soyle.kzпорталын іске қосқан болатын. Ашылғалы жарты жылдың ішінде порталмен еліміз бен алыс-жақын шетелдерден 100 000 астам адам танысып, 10 000-нан астамы тіркеліп, қазақша үйренуге кірісті. Бұл порталдың ашылуына ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының қоры, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samsung Electronics» компаниясы қолдау көрсетті.
Байқау шарттары:
1. Байқау жеңімпазы бас жүлде – планшетпен, 2-3 орындар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.
2. Байқауға бұрын жарық көрмеген, біреудің мақаласынан көшірілмеген орыс тіліндегі авторлық мақалалар қабылданады.
3. Жұмыстар біздің info@qazaq-found.kz электрондық поштаға «Мақала» деген атпен, жарияланған мақалаға сілтемесімен, автордың аты-жөні мен байланыс телефонымен жіберілуі керек.
4. Мақала авторы өз жұмысында осы порталмен қазақ тілін үйренуі және осы порталдың ерекшіліктері туралы ақпарат беруі керек және мақала бір беттен кем болмауы керек.
5. Байқау ұйымдастырушылары байқауға түскен жұмыстарды өзінің интернет парақшаларында және басқа да БАҚ-тарда жариялай алады.
6. Жұмыстар 2014 жылдың 20 қыркүйегіне дейін қабылданады
Баспасөз қызметі