Vласть интернет-журналы мен Qazaq Banki бірлесіп ұйымдастырған «Казахский язык за месяц» жобасының 5 қатысушысы анықталды.
Іріктеу Алматы және Астана қалаларында өтті, өткен жылғыдай тестілеу кезінде қалалық тіл басқармаларының өкілдері қатысты.
Жобаға қатысушылар «Казтест» жүйесі бойынша тестілеуден өтіп, қорытындысы бойынша журналист Ольга Малышева 75 ұпаймен үздік нәтиже көрсетсе, мұғалім Ибрагим Ибатуллин 71 ұпай, Юлия Кузнецова – 59 ұпай, ал Астана қаласынан Сергей Горбунов 42 ұпай жинады.
Биыл Vласть бұл жобаға өзгерістер енгізді. Өткен жылы барлық қатысушылар қазақ тілін тілдік ортаға толық ену әдісімен үйренсе, ал биыл әр қайсысы тілді үйренудің түрлі әдістерін қолданбақшы.
Астана қаласынан жалғыз қатысушы Сергей Горбунов мемлекеттік тілді қазақ тілінің онлайн курсы — «Soyle.kz» көмегімен үйренетін болды.
«Казахский язык за месяц» жоба барысын мамандар бақылап, қатысушылардың қазақ тілін үйрену техникасы мен нәтижелері жайлы пікірлерімен бөлісіп отырады.
Жоба соңында қатысушылар тағы да тест тапсыратын болады.