Мемлекеттік тілді дамыту қоры жастар арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында «www.soyle.kz» интернет-порталының парақшасында әлеуметтік сауалнама өткізді.
Сауалнамаға қатысушыларға мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қатысты бірнеше жауап нұсқалары ұсынылды. Сауалнама нәтижесі жастардың 77.7% қазақ тілінде еркін сөйлейтінін, 10.3 % ауызекі сөйлеу деңгейінде білетінін көрсетті, 5 % «түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын» — деп жауап берсе, 3.7 % «бірнеше сөздерді ғана білемін, жәй сөйлемдерді түсінемін» — деген, ал 1.6 % қазақ тілін мүлдем білмеймін десе, 1.7 % «білмеймін, бірақ үйренуді бастаймын» — деген нұсқасын таңдаған.
Әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы қазақстандық жастардың 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілді жетік меңгергенін көрсетеді.
Сауалнамаға еліміздің барлық аймақтарынан 5 мыңға жуық 18 ден 30 жасқа дейінгі жастар қатысты.
Биыл елімізде қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін берген «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына жиырма бес жыл толады. Мемлекеттігіміздің нышаны саналатын қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесі тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен күн тәртібінен түспей келеді. Бүгінгі таңда қазақ тілі жастар арасында күнделікті қарым-қатынас тіліне айналды. Еліміздің 60 пайыздан астам оқушылары мемлекеттік тілде білім алуда.
Естеріңізде болса, www.soyle.kz порталы қазақ тілін тегін үйрету мақсатында өткен жылдың аяғында ашылған болатын. Ашылғалы бері бес айдың ішінде осы порталда тіркелген қазақ тілін үйренушілер саны 9 мыңға жетіп, порталмен еліміздің барлық аймақтары мен мен шет елдерден 80 мыңға жуық адам кіріп танысты.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметі