Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі Комиссия отырысын өткізді.
Отырысқа «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, орталық атқарушы органдардың басшылары, Парламент депутаттары, лингвист-ғалымдар қатысты.
Комиссия мүшелері мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың тиімділігіне талдау жүргізу мәселесін талқылап, сондай-ақ мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, қазақстандықтардың тіл мәдениеті деңгейін көтеру, лингвистік капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шараларды қарады.
Отырыста Б.Байбек, Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов сөйледі.
Өз сөзінде Б.Байбек мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті. «Тіл саясаты мәселелері қоғамға және тұтастай алғанда, еліміздің болашағына тікелей қатысты»,-деп атап көрсетті Б.Байбек.
Отырыста МАМ басшысы тілдердің жұмыс істеуі мен дамуы мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру қортындылары туралы хабарлады.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ мектептері оқушыларының саны 900 мыңнан сәл ғана асатын, қазір ол цифр 1,7 миллионға дейін жетті. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде оқытатын 1 мыңнан астам мектеп салынды»,-деп хабарлады М.Құл-Мұхаммед.
Министр сондай-ақ бүгінгі күні мемлекеттік органдарда іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру және әдістемелік базаны нығайту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Мемлекеттік органдардың 70 пайыздан астамы іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуде, 1 миллионнан астам дана сөздік шығарылды»,-деді М.Құл-Мұхаммед.
Отырысты қортындылай келе, С.Ахметов мемлекеттік тілді дамыту Мемлекет басшысының айрықша бақылауында отырғанын атап өтті.
«Үкімет, «Нұр Отан» партиясы, Парламент депутаттары бірлесіп Президенттің «тілдерді жұмыс істету мен дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етуі керек»,-деп атап көрсетті С.Ахметов.
Бұдан басқа, Премьер-Министр өкілетті органдарға мемлекеттік бағдарламаларды орындау тиімділігін одан әрі жақсарту бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан
Министрліктің жаңалықтары
http://www.mki.gov.kz/kaz/press-sluzhba/novosti_ministerstva/?cid=0&rid=2238