2013 жылғы 6 желтоқсан күні Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен №52 мектеп-гимназиясында Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында «Батырлардан өнеге» тақырыбында бастауыш сынып оқушылары арасында өткен батырлар жырларын мәнерлеп оқу сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізді.
Байқаудың мақсаты жас ұрпақтың бойына батыр бабаларымыздың, аға ұрпақтың ерлік дәстүрлерін, рухани-парасаттылық, патриоттық құндылықтарды қалыптастыру және өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыру.
Байқау талабы бойынша сайысқа Астана қаласының әр мектебінен бір оқушыдан қатысты.
Оқушылар батыр бабаларымыздың ерлік істерін баяндайтын батырлар жырынан үзіндіні жатқа айтты. Сайысқа қатысушы оқушылардан сөйлеу мәнері (мәнерлеп оқуы, дауыс ырғағы), актерлік шеберлігі (сахнада өзін-өзі ұстауы, іс-әрекеттің ұтымдылығы), сахна мәдениеті (сыртқы көрінісі, киімі) талап етілді.
Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен үздік нәтижеге №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Қали Қазына қол жеткізсе, екінші орынды №4 мектеп-гимназиясының оқушысы Данияр Риза мен үшінші орынды №64 мектеп-лицейінің 4 сынып оқушысы Сағынтай Құрмантаев иеленді. Байқау жеңімпаздары Қордың дипломдары мен арнайы сыйлықтарына ие болды.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының
баспасөз қызметі