«Қазақстан — 2050» стратегиясында Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының бірнеше басым бағыттары айқындалған. Соның бірі — біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі ретіндегі жаңа қазақстандық потриотизмді қалыптастыру болып табылады. Конституция Күні қарсаңында Қор ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Стратегияны жүзеге асыру мақсатында «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мен «Балақай» балабақшасында кездесулер өткізді.
Бұл шараның мақсаты балалардың арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыру, оларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, көп ұлтты Отанымызға деген мақтаныш қалыптастыру, қазақ әдеби тілін үйренуге баулу және өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыру.
Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда осындай тәрбиелік шаралардың маңызы зор. Кездесу кезінде Қор «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мен «Балақай» балабақшасының тәрбиеленушілеріне мемлекеттік тілдегі 120 кітап пен дискілерді сыйға тартты. Бұл — әлем ертегілері, оқушыларға және мектепке дейінгі балаларға арналған энциклопедиялар, танымдық балалар әдебиеті, аудио-дискілердегі ертегілер және әлем классиктерінің әдебиеттері.