Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Алдан Смайыл. Қазақ тілі ақпараттандыру тіліне айналуы тиіс

1 Маусым 2012 | 10:17

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен жалпы отырыста депутат, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Алдан Смайыл ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаның атына депутаттық сауал жолдады.

«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Біздің әлеуметтік-мәдени саладағы жеңісіміз-барша қазақстандықтардың ұлттық құндылықтарды құрметтеуі, өзара сыйластық пен бауырластық. Бұл қоғамдық өмірдің барлық саласынан, оның ішінде мемлекеттік тілге деген ынта-ықыластан айқын көрінуде. Елбасының 2017 жылы халықтың 80, 2020 жылы 95 пайызы қазақ тілін біліп, он жылда мектеп түлектерінің бәрі осы тілде сөйлейтін болсын деген тапсырмасы жаппай қолдау тапты.

Осындай рухани үйлесімділік кезеңінде мемлекеттік тілдің беделін көтеріп, оны қазіргі заманғы ғылыми-техникалық өркениет тіліне айналдыру баршамыздың аса маңызды міндетіміз. Ана тіліміз «Назарбаев университеті» арқылы игерілетін жаңа мамандықтар мен білім салаларының, инновациялық-индустриялық бағдарлама арқылы пайда болатын тың кәсіптердің, барлық деңгейдегі электронды ақпарат құралдарының тілі болуға тиіс.

Біздің Республика Үкіметіне осы мақсатта жасаған ұсыныстарымыз назарға алынғанымен, баяу орындалуда. 2008 жылы «Мемлекеттік тіл — қазіргі заманғы ақпараттандыру тілі» атты бағдарлама жасау мәселесі Білім және ғылым министрлігі мен Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде талқыланып, бірқатар міндеттер атап көрсетілген болатын. Мына шаралар жүзеге асырылуға тиіс делінсе, олар әлі күнге өзекті болып отыр.

1. Қазақ тілінің транслитерациялық әліпбиін әзірлеу.

2. Латын графикасына негізделген жаңа ақпараттық әліпбидің интернет желісіне икемделген жеңіл, әрі ақпарат сыйымдылығы мол электрондық үлгісін әзірлеу.

3. Қазақ тілінің сөздік қоры үнемі жаңартылып, жетілдіріліп және толықтырылып отыратын ашық жүйе түріндегі электрондық-компьютерлік базасын жасау.

4. Байланыс операцияларын, ұялы телефон арқылы берілетін және алынатын ақпаратқа қатысты басқа да операцияларды қазақ тілінде орындаудың бағдарламасын дайындау.

5. Ұялы байланыс пен электрондық үкімет, интернет желісіне қатысты қазақ тіліндегі Түсіндірме сөздігін, екі тілді (қазақ-орыс, орыс-қазақ) және үш тілді (қазақ-орыс-ағылшын) сөздіктерін әзірлеу.

6. Қысқаша және орташа көлемді ақпараттық технологияларға қатысты жаңа атауларды қамтыған екі тілді, үш тілді сөздіктер жасау.

7. Электронды ақпараттарда қолданылатын қазақ тілінің грамматикасын дайындау.

Көріп отырсыз, қыруар ғылыми жұмыс атқаруға тура келеді. Мұндай шараларсыз қазақ тілін қазіргі заманның электронды ақпарат технологиясы мен халықаралық информация алмасу қызметіне енгізе алмаймыз. Сондықтан біз атап көрсеткен мәселелер бойынша «Мемлекеттік тіл — қазіргі заманғы ақпарат тілі» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, іске жоспарлы түрде кірісуіміз керек. Бұл мақсатқа республика ғылымының барлық саласы, атап айтқанда лингвистика, ақпарат және байланыс, терминология, информатика, компьютерлік графика, телекоммуникация салалары атсалысуға тиіс.

Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы мемлекеттік тілдегі ақпараттар жеткіліксіз. Бұл мәселені реттеу үшін 2010 жылғы 15 шiлдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне «электрондық үкiметтi» дамыту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мемлекеттiк ақпараттық жүйелердегi қазақ тiлiндегi ақпараттың көлемi орыс тiлiндегi ақпараттың көлемiнен кем болмауға тиiс деген норма енгізілді. Дегенмен, бұл талап бүгінгі күнге дейін орындалмауда. Тұрғындардан мемлекеттік интернет-ресурстарында мемлекеттік тілде жеткілікті ақпарат ала алмай отырғандығы жөнінде арыз-шағымдар түсуде.

Осы ретте мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қазақ тілінде ақпараттардың орналастыруы туралы жоғарыда аталған норманың орындалуына мониторинг жүргізу қажет.

Сонымен қатар, бұл мәселені қалыпқа келтіру үшін мемлекеттік органдардың сайттарының құрылымы мен оларды толтыру бойынша арнайы мемлекеттік стандарт қабылдау қажет.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын мемлекеттік тілде дамытуға тосқауыл болып отырған факторлардың бірі — ортақ терминдер жинағының жоқ болуы. Сондықтан мүмкіндігінше жылдам түрде қазақ тілінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы бойынша терминдер жинағын (глоссарийін) әзірлеу қажет.

Республика тұрғындарының интернет байланысымен қамтылуында ақпараттық теңсіздік орын алуда. Мысалы, бүгінгі күнге дейін ауылдық жерлер сапалы кеңжолақты және мобильді интернет жүйесімен қамтамассыз етілмеген. Ауыл тұрғындары мобильдік интернеттің сапасы нашар болғанымен қала тұрғындарымен бірдей тарифтермен төлем жасайды.

Ауылдық жерлердің мобильдік байланыс стансаларымен қамтылуы, өңірлерде қосымша стансалар салу жоспары туралы ақпарат беруді сұраймыз.

Қазақ тілінде мобильдік байланыстағы SMS хабарламалар тарифі латын әріптеріне қарағанда екі есе жоғары. Бұл жерде мемлекеттік тілді кемсітушілік жоқ па деген заңды сұрақ туындауда. Ақпараттық технологиялардың ерекшеліктеріне қарамастан SMS хабарламалар бағасын бір қалыпқа келтіру қажет. Керек десе қазақ тілінде жіберілетін SMS хабарламалар тарифін екі есе төмендету әділ болар еді.

Осымен бірге, аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды заң арқылы қамтамасыз ету қажет. Ал қолданыстағы Тіл туралы заңда тілді электронды ақпарат тіліне айналдыру секілді маңызды міндеттер қарастырылмаған.

Ой-ұсыныс түрінде айтып отырған талабымыз осы.

Жауабын ҚР Заңдарында көрсетілген тәртіппен жазбаша беруіңізді сұраймыз».

Осы депутаттық сауалды қолдап әріптесі Мұрат Әбенов қол қойған.

Мәжілістің баспасөз қызметі
http://abai.kz/content/aldan-smaiyl-kazak-tili-akparattandyru-tiline-ainaluy-tiis