Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Азат Шәуеев: Әлемдегі қазақтарға ана тілін үйретіп жатырмыз

3 Қазан 2023 | 10:00

8c44c73c868894f5

Кез келген сала қазір цифрлық дәуір талаптарына жауап беруге тиіс. Сол секілді қазақ тілі мен ұлттың өзге де құндылықтарын  заманауи түрде насихаттау маңызды.  Бұл ретте Мемлекеттік тілді дамыту қорының атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Осы қордың директоры Азат Шәуеевпен сұхбаттасқан едік.

- Мемлекеттік тілдерді дамыту қоры қандай жұмыстарды атқарып жатыр? Қазақ тілін заманауи түрде дәріптеу бағытында жүзеге асқан  жобаларға тоқталсаңыз…

- Мемлекеттік тілді дамыту қоры Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы құрылды. Бастапқы кезде оны Берік Әбдіғалиұлы басқарды.  Ол әкімдік қызметке ауысқан соң  2010 жылдан бастап өзім  директорлық етіп келемін. Басты мақсатымыз – қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін кеңінен насихаттау. Құрылғаннан бері тілдік жобаларды жүзеге асырудамыз.  Бірнеше байқау өткіздік, бәрін өз күшімізбен ұйымдастыруға күш саламыз. Үкіметтік емес ұйым болғандықтан, бюджеттен заң бойынша қаржы бөлінбейді.  Құрылтайшылар мен демеушілердің арқасында қаржы көзін тауып отырмыз. Ірі компанияларға хат жазып, мақсат-міндетімізді түсіндіріп көреміз.  Көпшілігі ұлтқа қажет жобалар болған соң қолдау көрсетеді.

-Қордың ең басты жобасының бірі — SOILE.KZ. Ана тілімізді үйретуге бағытталған жобаның нәтижесі қалай болып жатыр?

-Бұл-Қазақстандағы тұңғыш онлайн курс деуге болады. Ниет білдірген азаматтар қазақ тілін дүние жүзінің кез келген жерінен кіріп, оқи алады. Басында біз бұл жобаны елімізбегі орыс тілді азаматтарға арнап жасадық. Бірден тіркеліп, қазақ тілін үйрене бастады.  Бұл халықаралық стандартқа сәйкестендіріп жасалған тиімді жоба. 60 сабақтан, әр түрлі деңгейден, сол деңгейлерге байланысты жаттығулармен қамтылған. Ойындары да бар. Сабақтың соңында тест тапсырып, өз деңгейін анықтай алады. Қайталап та оқуға болады. Жобаның ашылғанына биыл он жыл болады. Кейін біз Soyle. kz-ті дамыттық. Оған  құрылтайларда  еуропалық қазақтармен танысуымыз себеп болды.  Жобамызды таныстырғаннан кейін  қызығушылық білдіргендер өте көп болды. Алайда, еуропада тұратын қазақтар кирилица білмейді, олар негізінен ағылшын тілін қолданады.  Осы өтінішті ескеріп, ағылшынша, латынша нұсқасын жасап шығардық. Аласапыран жылдары Қытайдан Түркияға ауған қазақтар түрік тілінде сөйлеп,  жазады дегендей…  Оны да ескеріп түрікше-қазақша нұсқасын жасап қойдық. Бұл жобаның артықшылығы-орыс, ағылшын, түрік тілді қандастарымыз да қазақ тілін үйренеді. Дәл қазір қосымшаға 339 мың адам тіркеліп, тіл үйреніп жатыр.  Аз көрсеткіш емес. Гугл аналитика арқылы қолданушылар  қай елден кіргенін, қанша уақыт отырғанын бақылай аламыз. Сонымен қатар, жобаның мобильдік қосымшасын да әзірледік. Android немесе iOS-тан 200 мың адам жүктеп алып, тіл үйреніп жатыр деген сөз.   Instagram парақшамызда 75 мыңнан аса жазылушымыз бар.  Күнделікті жазба жариялап, миллиондаған қаралым жинап жатырмыз. Біз осылай тек тілімізді ғана емес, әдебиетімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді де насихаттап келеміз. Қазір әлеуметтік желілерге көбірек көңіл аударып жатырмыз. Желіге келгенімізге 6 ай ғана болды, осы уақыттың ішінде жақсы көрсеткіштерге жетіп отырмыз. Youtube арнамызда 50 мыңға жуық жазылушы қосылған. Барлық ақпарат көздерін қамтып отырмыз. Ағылшын тілін әлем бойынша үйрететін доктор Пимслер деген ұстаз бар. Ғалымның әдістемесі бойынша онлайн сабақтар дайындаймыз. Канадалық Роман Коул деген 19 жастағы  бала Қазақстанда ешқашан болмаған, біздің сайт арқылы қазақ тілін 3-6 айда үйреніп алған.  Онымен  Zoom платформасы арқылы сөйлестім. Сонымен қатар Алматыдағы «Беу» заманауи әндер фестивалінде біздің жүргізушілер Эстониядан келген қызға сұрақ қойғанда ол қазақ тілінде жауап беріпті. Қазақстанға алғаш рет келген азаматша біздің сайт арқылы тілімізді үйреніп алған.  Ол осы жазда тағы елімізге келіп кетті. Оқу орнында бірге білім алатын қазақ достарым  тілге деген қызығушылығымды оятты дейді. Осындай мысалдар көп. Аталған қосымша арқылы қазақ тілін үйренген сингапурлық инженер де бар.

Сайтта сондай-ақ Kараоке Soyle.kz деген бөлім бар. Бұл жақсы әдістеме, ән арқылы тілді үйренуге жол аштық. Қолданушылар танымал әндерді орындай отырып тілді меңгереді. Тәжірибе ретінде жақсы көмектеседі. Ынталандыру үшін сайтта әр ай сайын оқушылар балл жинайды. Соны біз тексереміз. Қазір көп адам тіл үйрену үшін репетитор іздейді ғой, біздің сайтта қазақ тілі мұғалімдерінің базасы бар. Видеосабақтар сақтаулы тұр. Репетитордың ақпараты мен аты-жөндерін де сайт арқылы кез келген азамат таба алады.

Сайтта сонымен қатар тіл үйренушілер бір-біріне сұрақ қойып, дайындығын пысықтайды. Балаларға арналған Bala soile деген бөлім де бар. Бұл қосымша ескіргендіктен, Tatti alma деген бөлімді биыл аштық. Бұл ойын арқылы тіл үйрететін бөлім. 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған ойын 10 деңгейден тұрады. Мұның да мобильді қосымшасымен жұмыс істеп жатырмыз, күзге қарай ашамыз. Біз сонымен қоса «Тәтті алма» балалар әдебиеті шығармаларынан 6 томдық жинақ шығардық. Оның бәрін осының ішінен онлайн оқуға болады.

«Кім білгіш» деген зияткерлік ойынымыз да балалардың танымын арттыруға үлкен көмекші. 7 жыл қатарынан сайысты өткізіп келдік. 9-11 сынып балаларына ҰБТ тапсыруға  көмектесетін интеллектуалды ойын. Қолданушылар  онлайн режимде ойнайды,  10-15 баланы таңдап, жарыс өткіземіз, сыйлықтар береміз. Осы жарыстан жеңген балалар Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы ұпай алды.

Айта кету керек, біздің басты демеушіміз — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Сол қордың жыл сайынғы байқауына қатысып тұрамыз, біздің елге пайдалы жұмыстарымызға үнемі қолдау көрсетеді.

-Сонымен қатар, қазір Speaking club өткізіп жүргендеріңізді білеміз…

-Қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтарды жинап айына бір рет клуб отырысын өткіземіз. Шамамен  20-30 адам жиналып тұрады. Н.Назарбаев университетінде Айгерім Қапұр деген қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше сөйлейтін мұғаліміміз бар. Сол кісі бәріне тіл үйретеді. Speaking club-қа спортшы Илья Ильин де жұбайымен әрдайым қатысады. Бізді әлеуметтік желіден тауып алып, қазақ тілін үйрену үшін қатарымызға қосылды. Клубқа қатысушылар арасынан орыс тілді ғалымдарды да көруге болады. Сосын Zoom платформасы арқылы айына бір рет жиналамыз, оған шамамен 200-300 адам қатысады.

-Қай елдердің азаматтары тіл үйренуге көбірек қызығушылық танытып отыр?

-Тіл үйренушілер бойынша әрине, бірінші орында Қазақстан тұрғаны белгілі. Екінші Ресей, үшінші Украина, ары қарай Түркия, Германия, Америка, Корея деп кете береді. Оңтүстік Кореядан үйренушілер бар, себебі олардың университеттерінде қазақ кафедрасы жұмыс істейді. Олар бізге өздері өтінішпен шықты. Мәскеуде лингвистикалық университет бар. Ол жаққа өзім де барғанмын. Сол жерде білім алушы  орыс қыздар біздің сайт арқылы қазақ тілін үйреніп, тіпті танымал блогер болып кеткендері де кездеседі. Олар сосын Алматы, Астанаға келіп тұрады. Жерлес әншіміз Димаш Құдайбергеннің фанаттары да біздің сайттан тілді меңгеруде. Малайзия әлде Сингапурда олар форум өткізген, тікелей эфир арқылы өткізілген жиында экранда біздің сайттан кіріп тіл үйреніп жатқанын көрдік.

-Цифрлық технология күн өткен сайын жаңарып, жаңғырып жатыр. Қосымшаны жетілдіру жағын ойластырып жатқан шығарсыздар…

-Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда қосымшаның SOILE.PRO деп аталатын жаңа нұсқасын жасап жатырмыз. Үлгерсек, осы жылдың аяғында ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл SOILE.KZ-тің жаңартылған түрі болады. Тіркеліп, 60 сабақты игеріп алсаңыз, ауыз екі тілде сөйлей алатын болсаңыз, қазақ тілінде еркін сөйлеп кетесіз.  Мемлекеттік қызметкерлер, «Самұрық Қазына»-да жұмыс істейтін  адамдар қазақша құжат әзірлегендіктен, біздің сайт арқылы тіл үйренеді, сабақ алады. Бұл сайтты жасағанда ешқандай кітаптан көшірмедік, өзіміздің ғалымдарымыз бар, филология ғылымдарының докторы Айман Мырзалықызы Алдашева деген апайымыз бар. Менің ұстазым. Сол кісі бастаған комиссиямен күнделікті тақырыптарды таңдап алып, сабақ дайындаймыз.

-Мемлекеттік құжаттарды толтыруды да үйретеді екенсіздер…

-Resmihat.kz деген сайтымыз жұмыс істеп тұр.  Мемлекеттік құжаттарды толтыруды сол платформа арқылы үйренуге болады. Ресми іскерлік тіл, яғни нормативтік актілерді, бұйрық, өтініш, т.б. секілді құжаттарды қазақша әрі дұрыс толтырып, жазуды еркін меңгеруге мүмкіндік бар. Бұл ресурсқа бүгінде 70 мың адам тіркелген.

-Мемлекеттік тілді дамыту қорының тағы бір ауқымды жобасы - Abaialemi.kz.

-«Абай әлемі» порталын ақын  Ақберен Елгезекпен бірге аштық. Абайға қатысты барлық материалдар сайтта жинақталған. Abaialemi.kz  — ірі танымдық энциклопедия. Абайдың көзін көрген замандастары, туыстары сонымен қатар абайтанушы ғалымдардың естелік, ғылыми зерттеулерін бір жерге топтастырдық. Видеолар мен фотосуреттерді де осы жерден табуға болады.

-Шығармашылықпен айналысатын жастарды ынталандыру мақсатында жыл сайын «Алтын тобылғы» байқауын өткізіп келе жатырсыздар. Аталмыш сайыс жөнінде де аз-кем тоқталып өтсеңіз…

-«Алтын тобылғы» ұлттық байқауын 2015 жылдан бері өткізіп келеміз.  Демеуші – Назарбаев  қоры.  Конкурс «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті», «Әдеби сын» сияқты бірнеше жанрды қамтиды. Тоғыз жыл ішінде қаншама таланттың жұлдызы жанды. Әлібек Байбол, Татьяна Крытова, Мақпал Мыса, Жадыра Байбұлан, Бақытбек Қадыр, Қайсар Қауымбек, Шерхан Талап сынды көптеген дарынды жастар жеңімпаз атанды.  Бұл байқау жастарды ынталандырып қана қоймай,  материалдық жағынан да көп қолдау көрсетуде. Жастарымыздың басым көпшілігі аталған конкурстың көмегімен үй алды. Әлі де талай ақын-жазушының есімін даралайды деп сенемін.

-Қазіргі таңда комикстар оқырмандар тарапынан жақсы оқылады. Қазақша комикс шығаруды да қолға алғандарыңыз мәлім…

-Ұлттық құндылықтарымызды қамтып, еліміздің батырларын дәріптеу үшін бірнеше комикс жинақтарын жарыққа шығардық. Суретті кітапшалар қазақ, орыс және ағылшын тілінде тарайды.  «Комикон» атты комикстердің жарысы өтеді, соған 3 жыл болды қатысып жатырмыз. Халық қызығушылық танытып сатып алып жатыр.  14 түрлі комиксіміз бар. 7 анимациялық фильмін жасадық. Ол жұмыстар «Балапан», «Қазақстан» телеарналарынан көрсетілді. Жастардың көбі кітап оқымайды, ал комиксте сурет пен мәтін үйлескен, балалар қызығады. Батырлар жыры, ғашықтық жырларды оқырманға ұсындық. 5000 дана кітабымызды Оқу-ағарту министрлігі сатып алды, комикстер еліміздегі мектептер мен балабақшаларға таратылады. Қызықты жинақтарды Шығыс Қазақстан әкімдігі  сатып алды, енді Жамбыл облысы алуға ұсыныс жасап отыр. Осы жоба арқылы тамыры терең тарихымыз бен  ауыз әдебиетіміздің жауһарларын бүлдіршіндерге үйретіп жатқан жайымыз бар.

Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Олжас Қасым