– ДЕЙДІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ «ҚОҒАМ ТВ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ ЕЛЕНА РЫБИНА
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды». Ана тіліміз турасында сөз болғанда халық арасындағы осы нақыл тілге орала беретіні бар. Елбасының өзі «Он бес жылда аюға да тіл үйретуге болады» деп еді. Ащы сөз. Адам намысына тиетін, санасын сергітетін-ақ мысал. Дегенмен, тіл проблемасы күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Қоғамдағы қызу талқыланатын тақырыптың бірі болып тұр.
Ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Жалпы жұртшылықтың мемлекеттік тілге бет бұрғаны байқалады. Мысалы, өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері қазақша үйреніп жүр. Үйреніп қана қоймай, теледидардан бағдарламалар да жүргізеді. Бұрынырақта өзге ұлттан қазақ тілін тек Герольд Бельгер мен Асылы Осман ғана білетіндей болып көрінетін. Қазір теледидарда қазақ тілінде сөйлеп отырған қыз-жігіттерді санасаң, саусағың жетпейді. Солардың бірі Қызылорда облысындағы «Қоғам ТВ» телеарнасының жүргізушісі Елена РЫБИНА. «Егеменнің» елдегі тілшісі қазақ тіліне қамшы салдырмайтын қаршадай қызға жолықты. Сұхбаттасты. Екеуара әңгіме былайша өрілді.
«Адамда екі Отан болмайды»
– Әдетте «Отан оттан да ыстық» деп ауыз толтырып айтып жатамыз. Сен үшін Қазақстан дейтін байтақ шынымен оттан ыстық па?
– Кіндік қаның тамып, кір жуып өскен жерің – ол сенің Отаның. Адамда екі жүрек болмайды. Сол сияқты Отанның да екеу болуы мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан менің туған отаным. Маған отаным оттан да ыстық десем, қоспасыз айтқан болар едім. Мен Қазақстанда тудым. Осы жерде жетілдім. Өскен ортам да Қызылорданың құмды даласы. Мектепті де Ақмешіт атырабында бітірдім. Жұрттың бәрі жоғарғы білім іздеп жан-жаққа кетіп жатқанда, мен өз қаламда қалдым. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдадым. Қазір осы қалада, елдің айнасына айналған «Қоғам ТВ» телеарнасында қызмет етіп жатырмын. Тағы қайталап айтайын: мен Қазақстанда тудым. Осында азамат болып қалыптастым. Жұмысымды істеп жатырмын. Ешкімнен кем болмай күнімді көріп жүрмін. Сондықтан Қазақстан менің отаным.
– Жоғарыдағы сұрақтың сыры бар еді. Жүрегіңнің әлдебір түкпірінде атажұртқа деген сағыныш жоқ па? Күндердің бір күнінде өзіңді өсіріп-жетілдірген қазақ жерін қиып кетпейсің бе?
– Негізі менің туысқандарым Ресейде тұрады. Бірақ, шынымды айтайын, ол жаққа көшу туралы еш ойланбаппын. Сосын мен неге көшуім керек? Жаңа айттым: Қазақстан менің отаным. Ал отанымды тастап кетсем, ол опасыздық болып саналмай ма? Әрине, саналады. Отанына опасыздық жасаған адам өзге жерге де керек деп ойламаймын.
Кезінде біраз адам Қазақстаннан көшіп кетті. Менің ата-анам көшкен жоқ. Ол жағдайының жетпегенінен, не болмаса Ресейге барғанда күн көре алмай қалудан қорыққаннан емес. Олар да өздері өскен жерді қимады. Тастап кете алмады. Қазір көріп отырмыз ғой, сол кезде көшіп кеткен адамдардың көбі қайта оралып жатыр. Өйткені, олар бәрібір барған жеріне сыйыса алмады. Туған жерін сағынды. Қазақы ортаны аңсады. Осындай жәйттарды көзіммен көріп, санаммен сезініп отырған соң Қазақстаннан көшу туралы ойланбаймын да. Оның үстіне мен бұл жерде ешқандай қысым көрмеймін. Жұмысым бар. Табысым жеткілікті. Ешкім артық талап қойып отырған жоқ.
– Біз көп ұлтты елміз. Қазақстандағы ұлттар арасындағы қарым-қатынасқа, өзге ұлттарға жасалып жатқан қамқорлыққа қандай баға берген болар едің?
– Көп ұлттылық Қазақстанның артықшылығы дер едім. Тұтас бір мемлекет түгілі, бір отбасының өзінде келіспеушіліктер, пікір қайшылықтары болып жатады. Ал 130 ұлт пен ұлыстың басын бір шаңырақтың астына біріктіріп отырған біздің туған елімізде ондай алауыздық пен алакөздік жоқ. Өйткені, мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты дұрыс. Қазақ жеріне өзге ұлттың өкілдері тағдыр талайына жазылған әртүрлі жағдайлармен келді. Дегенмен, солардың барлығын қазақ халқы туған бауырындай қабылдады. Қолындағы бір үзім нанын бөліп беріп, ашты тоғайтты, жарлыны байытты. Берекелі де мерекелі жерге келіп бақ-дәулеттері тасыған жұрт та оларға риза. Ресми билік те бір ұлтқа басымдық беріп, екіншісін кеудесінен итеріп отырған жоқ. Билік үшін бәрі бірдей. Алаламайды, бөлмейді. Сондықтан қазақ топырағын мекендеген барлық халық бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай болып тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Қазақта «тамыр» деген сөз бар. Бұл жәй ағаштың не гүлдің тамыры емес. Адамдар арасындағы тамырластық. Иә, қазақ қаны бөлек болса да өзге жұрттың бәрін өзіне тамыр деп жақын тартқан. Тамырласқан. Қазақ халқының осындай кең пейілі де бейбітшілік пен татулыққа үндейді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әрбір сөзінде татулықты басшылыққа алады. Ұлттар арасындағы бір-біріне төзімділікті, толеранттылықты насихат етеді. Бұл да өз жемісін бермей жатқан жоқ. Тәуелсіз еліміз татулықтың тал бесігінде тербеліп тұр. Ал бұл екінің бірі, егіздің сыңарының қолы жете бермейтін жетістік.
– Дұрыс. Мемлекет ұлт пен ұлысты бөлмей, бір-бірінен алаламай, бәріне бірдей саясат ұстанып отырған ел тынысын көрмеу мүмкін емес. Алайда өзге ұлттың өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі некен-саяқ. Әрі-беріден соң «сыйға сый, сыраға бал» деген ой болуы керек қой…
– Мен сізге өзімді мысалға келтірсем бола ма? Мысалы, маған ешкім «сен қазақ тілін үйрен» деген жоқ. Өз еркіммен үйрендім. Өзіме керек болғаннан кейін меңгердім. Сондықтан «жұрттың бәрі қазақша сөйлеуге құлықсыз» деуге болмайды.
– Меніңше, сен сияқты ойлайтын адамдар көп емес.
– Оны білмедім. Мәселен, Қызылорда облысында 96 пайыз қазақтар тұрады. Сол себепті осы ортадағы адамдардың барлығы қазақ тілін табиғи түрде біліп алады. Ол қаласын, қаламасын орта қазақша болғаннан кейін, мемлекеттік тілді үйренуге мәжбүр болады.
– Бұл жерде мәселе тек Қызылорда облысына қатысты емес. Республика деңгейінде айтып отырмын…
– Егер республика деңгейінде алып қарайтын болсақ, онда мынаны айтар едім. Солтүстік, шығыс өңірлерде қазақтардың өзі қазақ тілінде сөйлемейді. Тіпті, алып Алматыда қазақтар қазақ тілін біліп тұрса да, орыс тілінде сөйлеседі. Орталық Қазақстанда да мемлекеттік тілге деген салқындық бар. Енді айтыңызшы, қазақтардың өзі орыс тілінде сөйлеп тұрғасын, өзге ұлт мемлекеттік тілді қажетсіне ме? Қажетсінбейді. Ең алдымен қажеттілік керек. Ал оны тудыру үшін қоғамдық ортаны қалыптастырып алу шарт. Сонда ғана өзге жұрт мемлекеттік тілде сөйлейтін болады.
«Ес білгенімнен қазақ тілінде сөйлеймін»
– Осы орайда өзіңнің қазақ тілін қалай меңгергеніңді айта кетсең…
– Ес білгенімнен қазақ тілін білемін. Жалпы, менің тілім қазақша шыққан деуге болады. Өзім осы қалаға жапсарлас жатқан Белікөл ауылында дүниеге келдім. Сонда оқыдым. Әрине, орыс мектебіне бардым. Бірақ ол жерде менің сегіз-ақ сыныптасым болды. Оларды тек мектепте ғана көремін. Сыныпта және үйде ғана орысша сөйлесеміз. Қалған жерлердің бәрінде қазақша сөйлейсің. Өйткені, айналаңның бәрі қазақ. Солармен ойнайсың. Араласасың. Дос боласың. Сосын өз еркіңнен тыс олармен қазақша сөйлесесің. Олардың бәрі бір мен үшін орыс тілінде сөйлемейді ғой. Керісінше, мен бейімделдім.
Ал өзімнің қазақ тілінде жақсы сөйлейтінімді жоғары оқу орнына түсер кезде білдім. Анық сезіндім. Себебі, мен таңдаған мамандық бойынша орыс тобы болмады. Сосын маған таңдау жасауға тура келді: не қазақ бөліміне түсем, болмаса орыс бөлімі бар басқа қалаға кетем. Мен біріншісін таңдадым. Сөйтіп, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің қазақ бөліміне құжат тапсырдым. Университет қабырғасында тіл мәселесінен еш қиналған жоқпын. Ғылыми тұрғыда да қиыншылық байқалмады. Себебі, қазақ тілінде еркін сөйлеймін, оқи аламын, ойымды да шама-шарқымша жеткіземін. Шыны керек, оған дейін өз шамамды өзім білмеген екем. Осыдан кейін өзімнің қазақ тілін қаншалықты меңгергенімді білдім.
– Өзің тұрмыс құрдың ба?
– Жоқ. Әлі отбасын құрып үлгермедім.
– Болашақта балаңды қазақ мектебіне берер ме едің?
– Бұл мәселеде мен былай ойлаймын: баламды қай мектепке бермейін, ең алдымен оның оқыту тәсілі, бағдарламасы, білімі дұрыс болуы керек. Сосын қазақ тілін де, орыс тілін де үйрететін мектеп болса деймін.
– Айтып отырғаның аралас мектеп жайы ғой.
– Иә, аралас мектеп. Бала бір тілді білумен ғана шектелмеуі керек. Ол қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін де біліп өсуі қажет. Сонда ғана ол қоғамның қажетіне жарайтын азамат болады.
– Мемлекеттік тілді білудің пайдасы болмаса саған зияны тимеген шығар?
– Пайдасы зор. Оқушы, студент кезімде мемлекеттік тілді білгенімнің арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінің бәрін араладым. Түрлі фестиваль, форум, конференциялар болса, мемлекеттік тілді біледі деп мені жіберетін. Әсіресе, студент кезімде ондай жиындарға көп қатыстым. Сол жерлерде жұртпен араластым. Өз ойымды айттым. Биік мінберлерден сөйледім. Негізі менің мамандығым химия пәнінің мұғалімі. Бірақ облыстық «Қоғам ТВ» телеарнасында жұмыс істеймін. Бұл да қазақ тілін білгенімнің пайдасы. Егер тіл білмесем, мені арна жұмысқа алмас еді. Мемлекеттік тілді білгенімнің арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын.
– Қазақ тілін білу пайдалы екен. Осыны өзге тіл білмейтіндер түсінбей ме, әлде басқа себептері бар ма? Орыс тілді ортамен де араласасың ғой. Осының себебіне үңіліп көрдің бе?
– Насихат жұмыстары аз сияқты…
– Қалайша? Түрлі іс-шаралардан бөлек, көшеде тілді үйренуге үгіттеген билбордттарға дейін тұр. Жыл сайын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында миллиондаған қаржы бөлінеді. Санамалай берсе, насихат жұмысының санына жету қиын. Сонда осы аз ба?
– Мемлекеттің мемлекеттік тілге деген қамқорлығын жоққа шығара алмаймын. Билік басындағы азаматтар қазақ тілінің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейту үшін бағдарлама қабылдап, қаржы бөлгізіп жатыр. Газеттер де жазудай-ақ жазады. Телеарналар да насихаттайды. Әсілі, насихат аз сияқты дегенді асығыс айтсам керек. Бірақ қазақ тілін көтеруге бөлінген қаржы тиісті мақсатқа жұмсалып жатқанына күмәнмен қараймын. Неге дерсіз? Мысалы, мен қазақ тіліне қатысты талай жиынға қатыстым. Көп жағдайда олар жиынды өткізу керек болғасын ғана өткізе салады. Сапасы төмен болады. Жаны ашымайды десем де болатын шығар. Ал қазақ «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дейді. Осы жұмыстарды ұйымдастырушылар жаны күйіп істесе, онда жағдай басқаша болар ма еді?!
– Біздің қоғамда қазақ тілін білетін өзге ұлттың өкілдеріне біршама жеңілдіктер берілген. Осы дұрыс па? Мемлекеттік тілді білу әркімнің парызы емес пе?
– Осы арқылы өзге тіл білмейтіндерге насихат жұмысын жүргізіп, оларды үгіттеу деп есептеймін. Ол – мемлекеттік саясат. Қазақ тілін білетін әрбір ұлт өкілін көрсете отырып, өзгелерге де «осындай болыңдар» деген сөз. Сосын мемлекеттік тіл менің туған тілім емес қой. Жеңілдік жасалатыны сондықтан да болуы мүмкін.
– Мысалы, Қытайда басқа ұлт өкілін «мынау қытай тілін біледі» деп оны бөлекше әспеттемейді ғой. Бізде де сондай болуы керек емес пе.
– Олардың заңында «барлық тұрғын қытай тілінде сөйлеуге тиіс» делінген. Бізде ондай жоқ.
– Сонда біз де мұны заңмен реттеуіміз керек шығар?
– Солайы солай. Заңмен реттелмегеннен кейін пәлен деп айта да алмайсың.
«Қазақ тілін білмейтін азамат мемлекеттік қызметке алынбауы тиіс»
– Ал қазір Ата заңнан «орыс тілі – ресми тіл» деген тармақты алып тастау туралы ұсыныстар айтылып жүр. Қазақ тілін білетін өзге ұлттың өкілі ретінде сен бұған қалай қарайсың?
– Оған қарсымын. Егер орыс тілін заңмен алып тастасақ, онда біздің елдің даму деңгейі төмендеп кетеді.
– Неге? Оны қандай тұжырымға сүйеніп айтып отырсың?
– Қазір біз шет елдермен қай тілде байланыс жасаймыз? Әрине, орыс тілінде. Елбасының өзі үш тұғырлы тіл саясатын ұстанып отыр. Сондықтан Қазақстанда қазақ, орыс, ағылшын тілдері қатар дамуы керек.
– Жарайды, сыртқы қарым-қатынаста үш тіл болсын делік. Ал Қазақстанның ішкі өз өмірінде де солай болуы керек пе?
– Біз секілді жастарға мемлекеттік тілді үйреніп алу қиын емес шығар. Тез бейімделеміз. Ал елуден асқан адамға қалайша қазақ тілін үйрен деген талап қоямыз? Оларға қиын тиеді ғой. Оны олар өздеріне көрсетіліп жатқан қысым ретінде қабылдауы да мүмкін. Ал заңға келсек, оны қатайту керек. Бірақ орыс тілін алып тастау арқылы қатайтудың қажеті жоқ.
– Сонда қалай?
– Мәселен, мемлекеттік қызметке алынатын әрбір адам қазақ тілінде емтихан тапсырсын. Қазақ тілін білмейтін адам мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтындай болсын. Осының өзімен-ақ біз бірталай жетістікке жетеміз. Бүгінде жастардың барлығы мемлекеттік қызметкер болғысы келеді. Егер әлгіндей талап қойылатын болса, онда олардың бәрі қазақ тілін үйренуге көшеді. Солайша, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырамыз. Осы арада жастарды қазақ тіліне үйретудің тағы бір тәсілін айтқым келеді. Жастар еліктегіш келеді ғой. Осыны оңтайлы пайдалануға болатын сияқты. Былайша айтқанда, қазақ тілінде сөйлеу «модаға» айналуы қажет. Сонда еліміздегі барша жас өзінен-өзі-ақ қазақша сайрайтын болады. Жалпы, тілдің мәртебесін арттыруға қатысты талай тәсілдер бар. Бастысы, соны оңтайлы пайдалана білу дер едім.
– Бүкіл ел қазақ тілінде сөйлеу үшін қандай амалдарға бару керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен қазақ тілінде оқулықтар аз. Көбіне жетіспей жатады. Мемлекеттік тілде білім беретін оқулықтар санын арттыру керек. Сонан соң интернет сайттарының да санын көбейткен жөн. Өйткені, қазақ тілінде мағлұмат іздесең, таппайсың. Бар оқулықтың өзін түсіну қиын. Сондықтан олардың сапасына мән бере отырып, санын да арттыру қажет.
Дей тұрғанмен, ең алдымен қазақтардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыру керек сияқты. Бүгінде қазақтардың өзі орыс тілінде сөйлегенді мәртебе санайды. Соған қарай икемделеді. Енді қазақтардың өзі ана тілін үйренуге құлықсыз болып тұрғанда, басқадан бірдеңе сұраудың өзі біртүрлі ұят тәрізді.
– Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз деп жүріп, оның сапасын төмендетіп алған жоқпыз ба? Әсіресе теледидар саласында. Өзің де облыстық «Қоғам ТВ» телеарнасында қызмет істейсің. Бұл тұрғыдан не байқағаның бар?
– Мен қазақ тілінде сөйлеймін. Хабар жүргіземін. Бірақ мен тіл маманы емеспін. Сондықтан тілдің сапасына қатысты пікір айта алмаймын.
– Мақұл делік. Мысалы, «Біз сізге көрсетеміз» дегенді қалай қабылдар едің?
– Қорқытып тұрған сияқты ғой. Әдетте ашуланған адам «мен саған көрсетемін» демейтін бе еді?
– Дұрыс. Бұл сөз бір телеарнаның жаңалықтар қызметінің жарнамасы. Тілдің қадірін қашыратын осындай келеңсіздіктер ғой.
– Әлбетте. Жалпы, қазір тілді оңды-солды қолдана беретіндер көбейіп барады. Жарымжан жарнамалар, сақау сөйлемдерден көз сүрінеді. Сонымен қатар, қазақ халқының өзі түсінбейтін терминдер шығып жатыр. Өткенде балконның аудармасын естіп, не күлерімді, не жыларымды білмедім. «Қылтима» деп аударыпты. Сонда аудармашылар балконнан қарап тұруды қылтиып тұру деп қабылдағаны ма? Әлде басқа себебі болды ма екен? Кейде бізге баспасөз парағы келіп жатады. Әлгінің қазақшасын оқысаң түк түсінбейсің. Амалсыздан орыс тіліндегі нұсқасына қол созасың. Содан кейін барып қана мәселенің мән-жайы анықталады. Негізі, тілді қолдануда ең алдымен журналистер абай болуы керек. Халықтың алдында жүргеннен кейін тілді бұзбай, мәйегін сақтап, жүйесімен сөйлеу шарт. Сондықтан сіздің алаңдаушылығыңызды түсінемін.
– 2020 жылға қарай барша қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деген болжам бар. Сіз осыған сенесіз бе?
– Өзімізге белгілі, 2011-2020 жылдар аралығында мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейтуді көздеген бағдарлама қабылдадық. Мен онымен танысып шықтым. Ішінде елдің көкейіне қонатын тың бастамалар бар. Қазақ тілінің мәртебесін арттыратын игі істер де жеткілікті. Егер жұмыс жүйелі жүріп, бағдарламада көрсетілген талаптар мен мақсат-міндеттер орындалар болса, онда 95 пайызға жетеміз деп ойлаймын. Ал жүрдім-бардым қарап, көңілсіз жасалатын болса, онда осы күйімізде қала береміз. Тағы да қайталап айтайын: қазақ тіліне алдымен қазақтардың жаны ашуы керек. Сонда ғана өзге ұлттың өкілдері мемлекеттік тілге мойын бұрады.
– Рахмет.
Түйін сөз: Қазақ тілінде мақалдатып сөйлеп отырған қыз әңгіме барысында бізге бірнеше рет қазақтардың қазақ тілін білуге құлықсыз екенін айтты. Бетімізге шіркеу болып басылды демеспіз, бірақ «өзің дуанасың, кімге пір болғандайсың?» деген мәтелді есімізге түсірді. Сондықтан барша қазақ ана тілінде сөйлемейінше, өзге ұлтқа салмақ салу ұят па деп қалдық…
Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС.
Төбесі тесік қыз
Оқушы кезім. Сабақтан қайтып келе жатыр едім. Автобустың ішінде өзіммен қатар екі қазақ қызы отыр екен. Маған қарап жымиды да, әңгімеге кірісті. Байқаймын, мені сөз етіп отыр. Амалсыздан құлақ салдым. Біраз нәрсе айтылды. Мен үндемедім. Бір кезде мұрныма келді кезек. Бірі: «Мұрны неткен дәу еді?» деді. Екіншісі де: «Қызға мұндай мұрын жараспайды екен өзі», деп қоштады. Мен өз аялдамама келгем. Автобустан түсіп бара жатып:
– Құдайдың берген мұрны осы болса, маған не дейсіңдер?– дедім. Екі қыздың көздері ұясынан шығып кете жаздады.
Жалпы, менде мұндай жағдайлар көп болған. Соның бірі пойызда орын алды. Купедегі үш кісі қазақша сөйлесіп, мені түсінбейді деп ойлады. Енді мен туралы айта бергендерінде: «Апай, мен қазақша білемін ғой», дедім.
– Ойбай, мынаның төбесі тесік екен ғой, – деп күлкіге басты көршілерім.
Төбесі тесік қыз
Оқушы кезім. Сабақтан қайтып келе жатыр едім. Автобустың ішінде өзіммен қатар екі қазақ қызы отыр екен. Маған қарап жымиды да, әңгімеге кірісті. Байқаймын, мені сөз етіп отыр. Амалсыздан құлақ салдым. Біраз нәрсе айтылды. Мен үндемедім. Бір кезде мұрныма келді кезек. Бірі: «Мұрны неткен дәу еді?» деді. Екіншісі де: «Қызға мұндай мұрын жараспайды екен өзі», деп қоштады. Мен өз аялдамама келгем. Автобустан түсіп бара жатып:
– Құдайдың берген мұрны осы болса, маған не дейсіңдер?– дедім. Екі қыздың көздері ұясынан шығып кете жаздады.
Жалпы, менде мұндай жағдайлар көп болған. Соның бірі пойызда орын алды. Купедегі үш кісі қазақша сөйлесіп, мені түсінбейді деп ойлады. Енді мен туралы айта бергендерінде: «Апай, мен қазақша білемін ғой», дедім.
– Ойбай, мынаның төбесі тесік екен ғой, – деп күлкіге басты көршілерім.
«Егемен Қазақстан», Сәрсенбі, 25 Қаңтар, 2012