Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ деген халық болмаса, оның мен сияқты Президенті бола ма?»

10 Желтоқсан 2010 | 4:52

№12 Желтоқсан, 2010
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналынан

Елбасы егемендіктің елең-алаң шағында, дәлірек айтсақ, 1992-ші жылы «Қазақ тілі» қоғамының 2-ші құрылтайында сөз сөйледі. Сонда Мемлекет басшысы «Қазақ деген халық болмаса, оның мен сияқты Президенті бола ма?», — деп ағынан жарылған еді. Қазақстан Президентінің, қазақтың төл перзентінің осы бір жүрекжарды сөздері көпшілік жадында сақталып қалды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті өз тағдыры туған халқының тағдырымен егіз екенін айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп келе жатқан біртуар қайраткер. Алты алаш Көшбасшысының Ана тіліне деген қамқорлығы — соның бір ғана дәлелі.
Елбасының қазақ тілін дамыту мен оның болашағы турасында айтылған ой-толғамдарын саралай отырып, жасалған баяндамалар мен журналистерге берген сұхбаттарынан «Атасы мен немересі екі тілде сөйлеп, әр ұрпақ өкілдері бірін-бірі түсінуден қала бастаған, ана тіліміздің басынан бағы тайып, негізінен ауызекі әңгіменің деңгейіне дейін төмендеген» кереғар жағдайды ұдайы назарында ұстап, жауапкершілік жүгін тереңінен сезінетінін пайымдайсыз. Талай қазынасынан айырылған елінің қажымас рухына қанат байлап, айбынын аспандатуды Президентіміздің өзіне асыл мұрат санап келе жатқаны баршаға мәлім ақиқат.
Сонау, 1989-шы жылы қабылданған «Тілдер туралы» алғашқы заңда отарлық заман теперішін аяусыз тартқан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі атап көрсетіліп, іс жүзінде қамтамасыз ету жолдары негізделді. Ата заңымыз – Конституцияның 7-ші бабында «Қазақстан республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі нақтыланды. Демек, тәуелсіз мемлекетке атын берген қазақ халқының алдына ана тіліне қатысты әділ де заңдастырылған талаптарды жүзеге асыру жөніндегі қауырт жұмыстарды орындау міндеті қойылды.
Міне, «Тілдер туралы» Заңның қабылданғанына да жиырма жылдан астам уақыт өтті. Бұл жеке адамның өмірімен таразыласақ, бесіктегі баланың ат жалын тартып мініп, өз алдына отау тігер шағы. Бірақ, тіл қоғамдық құбылыс, тұтас бір ұлттың рухани қазынасы. Тоталитарлық бұғаудан босаған халықтың еңсесін тіктеп, бар-жоғын түгендеуі зор қажыр-қайрат пен уақытты қажет етері түсінікті. Ал, қазақ сол мәртебелі уақыттың өзіне берген мүмкіндігін пайдалана алып отыр ма?!
Бұл сауалға мемлекеттік және халықтық тұрғыдан жауап беру дұрыс сияқты. Егер, әуелі, мемлекеттік деңгейде, яғни Үкімет тарапынан атқарылған шаруаға келсек, туған тіліміз тұғырының құқықтық жағынан бекітілгендігі туралы айтып өттік. Бұған қоса Тілдерді дамытудың кезеңдік бағдарламаларының пайдасын да ешкім жоққа шығара алмайды. Соның нәтижесінде, мәселен, 1989-1990 оқу жылында 910 мың оқушы қазақша білім алса, қазір олардың саны 1,5 миллионнан асып отыр. Халықаралық мектеп олимпиадаларында жеңімпаз атанып жүргендердің де 64 пайызы сол қазақ мектептерінің оқушылары. Республика бойынша іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі қиындықпен болса да межесіне жақындап келеді.
Ал, халықтың өз белсенділігі қалай? Республикада тілдік ахуалдың жақсарып келе жатқаны, әлбетте Үкімет пен жанашыр қауымның қоян-қолтық жұмысының жемісі. Бұл сонымен қатар тілектестерді ортақ іске жұмылдыра біліп, елді оятуды мақсат еткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қажырлы қызметінің арқасы. Алайда, ағайынның басым бөлігі әлі де болса, ескі «құлдық» мінез-құлықтан арыла алмауда. Балаларының тілдері «шүлдірлеп» шықпаса, сыбағасы шала көретіндер азаймай отырса, басқа не деуге болады. Әйтпесе, бар жауапкершілікті билік органдарына итере салудың жөні қайсы?! Қазақ тілінің Президенттің өзі тікелей қадағалап, заң арқылы бекітілген мәртебесін орнықтыру — әрбір қазақтың абзал борышы.
Ана тіліміздің қоғамда өзіне лайықты орнын алатын кез жақын. Тілдерді қолдану мен дамытудың алдағы он жылға арналған бағдарламасы осы мерейлі міндетке қызмет етеді деп күтілуде. Оның басты мақсаты – ұлт бірлігін нығайтудың алғышарты ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданылуын қамтамасыз ету, тіл саясатын қоғамдағы тұрақтылыққа нұқсан келтірмей, үйлесімді жүзеге асыру болып табылады.
Жалпы, елімізде ұлтаралық келісім мен татулықты сақтауға ерекше маңыз берілетінін қазақстандықтар жақсы біледі. Кезінде бұл қағидатты жекелеген елжанды азаматтардың «солқылдақ» саясаттың салдары ретінде көрсетуге тырысқандары да шындық. Жас мемлекеттің қабырғасы қатаймаған тұста тіл төңірегінде кейбіреудің дау-дамай туғызуы ел егемендігіне қатерлі әрекет еді. Ұлт араздығының туып, елді от шарпуын сыртта да, іште де күткендер аз болмады. Сондықтан Елбасы туған елінің егемендіктің жемісін көруге асығуын түсіне тұрып та «тәуелсіздіктің ұзақ көш екенін айтып, асықсақ та аптықпауға» шақырудан танбады.
Баршаға мәлім, дүбірлі 90-шы жылдары, ойдан шығарылған «орыс мәселесін» көлденең тартып, пәле іздеп жалаңдағандар өріп жүрді. Олар бірде «Единство» деп құйқылжыса, енді бірде Орыс мәдени орталығы мен «Орыс қауымдастығын» бетке ұстады, тіпті Орал, Жетісу казактары дегендер «ат ойнатудан» аулақ болмады. Қара ниеттілер биліктің шалыс басқанын қалт жібермей қадағалады. Сондай қатерлі кезеңде ел басшылығының сындарлы ұлт саясаты ғана республикада арандатуға ешқандай жол бермеді.
Тіл мәселесінде де қазаққа онша ұнамайтын, бірақ түбінде сол қазақтың тағдырына кызмет еткен сындарлы саясат ұсталды. Орыс тіліне ұлтаралық қатынас құралы мәртебесі беріліп, оның мемлекеттік қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылуы заң жүзінде бекітілді. Мұның, әрине қазақ тілінің дамуына кедергі келтіргені рас. Бірақ, сол бір аласапыран уақытта бұл еріксіз жасалған қадам болатын.
1999-ші жылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілінің айбары» алтын белгісін тапсыру салтанатында халқымыздың көшбасшысы бұл құрметті «Елбасына елдің ана тілінің қамын ойла деп берілген тапсырма» деп түсінетінін мәлімдеді. «Егер ертеңгі келер ұрпақ мына сайын дала төсінде бойыңды балқытып, жан дүниеңді шымырлататын қазақ тілінде сөйлемейтін болса, онда ол күнге ұмтылудың да мәні шамалы шығар деп те ойлайтынбыз. Шүкір, ондай қауіптің беті аулақ» — деп, ол тағы да сол екінші құрылтайда жанашыр қауымның бойына жігер құйған болатын.
Рас, соңғы жылдары мемлекеттік тіл туралы айтуда да, жазуда да кемшін жоқ. «Қазақстанның Ұлт бірлігі» доктринасы соның жарқын дәлелі. Онда мемлекеттік тілді меңгеру бұдан былай «… әркімнің парызы мен міндеті»-деп атап көрсетілген. Осы орайда халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деген тағылымы ойға оралады. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, ай сайын екі тіл немесе екі аптада бір тіл жойылып отырады екен. Сондықтан, қазақ тілі өзіне лайықты тұғырына сай қолданылуы үшін билік пен бұқара тығыз байланыста жұмыс жасауы тиіс.

Елбасының бастамасымен құрылған еді

Парламент Сенатының депутаттарымен 2008-ші жылғы кездесуінде сөйлеген сөзінде Республика Президенті өзінің жүрекжарды ойын тағы да былайша жайып салған болатын: «Мен бір қор құрайын, ол қорға бірінші Президенттің қорынан ә дегенде үлкен ақша саламыз, 500-600 миллион теңге мысалы. Не істеу керек онымен?.. Онымен қазақтың тілін насихаттау, қазақ тілін оқуға жаңа, жеңіл оқулықтар шығару, аудио, видео деген құралдарды жабдықтау, барлық жерлерде қазақтың тілін оқытатын орталықтар ашу мәселесі. Қазақтың тілін үйренген басқа жұртқа қаржылай көмек беріп, өзгелерге көрсету. Сол жағын ойлауымыз керек».
Мемлекеттік тілді дамыту қоры осылайша Елбасы бастамасымен осыдан екі жыл бұрын дүниеге келді. Соған орай біз өз қызметімізде Республика Президентінің отандық жетекші телеарналардың журналистеріне берген сұхбатында айтқан «Бүгінгі күні бүкіл қазақстандықтардың, қандай ұлт өкілі болса да, қазақ тіліне деген ынтасы бар. Сол ынтаны қолдап жіберуіміз керек» — деген сөзін басшылыққа алып келеміз.
Қордың басты ұстанымы – отансүйгіштік және Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде деген сенім. Сонымен қатар елімізде тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұлыстардың тілдерін сақтай отырып, олардың арасындағы негізгі қарым-қатынас құралы қазақ тілі болатынына деген сенім.
Осыдан көріп отырғандай, Қор идеологиясының алтын арқауы – еліміздің ұлттық құндылығы, қазақ мәдениетінің алтын арқауы болып табылатын қазақ тілін дамытуға жан-жақты және барынша ықпал ету. Басты мақсат – республика Президентінің мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бастамаларына қоғамдық қолдау көрсетуді жандандыру, еліміз бен шетелдерде қазақ тілінің қолданысын арттыруға арналған қоғамдық жобаларды қаржыландыру.
Қор ұжымы осы мақсатты орындау жолындағы қызметін негізгі үш бағытта жүзеге асырады. Олар: қоғамдық бастамаларды ынталандыру мен қолдау көрсету, қоғамды жұмылдыру мен қоғамдық бақылау орнату және қазақ тілінің қажеттігі туралы қоғамдық пікір қалыптастыру, яғни ағартушылық, үгіт-насихат қызметі болып табылады. Бұл жүзеге асқанда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты жаңа инновациялық жобалар мен технологиялар туады, мемлекеттік тілді дамыту ісіне ірі қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар және этномәдени топтар жұмылады, сондай-ақ халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті туралы танымдық ақпараттар қалың оқырманға дүние жүзінде қолжетімді бола түседі.
Қордың басқарушы жоғарғы органы – Құрылтайшылар жиналысының құрамына ҚР Тұңғыш Президенті қоры, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар одағы, Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық қоры кіреді. Ұжымды құрамында белгілі қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері бар алқалы орган – Қамқоршылық кеңесі басқарады. Төрағасы ҚР Мемлекеттік хатшысы – ҚР Сыртқы істер министрі Саудабаев Қанат Бекмырзаұлы болып табылатын осы кеңестің құзырына жұмыстың басымдықтарын айқындау мен жоспарларды бекіту міндеттері жатады. Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшелері Мырзатай Жолдасбеков, Айталы Амангелді Әбдрахманұлы, Айтбайұлы Өмірзақ, Әбдікәрімов Оралбай, Әбдіков Төлен секілді қоғам қайраткерлерінің ойлы сөз, оралымды істері ел-жұртқа үлгі-өнеге екенін біз әрдайым мақтан етеміз.
Елбасының Мемлекеттік тілді дамыту Қорын құру туралы бастамасы дер кезінде жасалған еді. Соған орай бұл шешім жұршылық және әсіресе, ұлттық-патриоттық ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Бірінші жылы-ақ бізге республикамыздың жер-жерінен қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар дайындаған 100-ден аса жоба келіп түсіп, оның жартысына жуығы туған тілдің игілігіне асты. Тұсаукесер жылы, атап айтқанда, насихаттық мақсаттағы республикалық әртүрлі байқаулар, конференциялар мен семинарлар өткізу, ғаламтордан қазақ тілді сайттар ашу, қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламаларын жасау, сөздіктер мен тілашарлар шығару сияқты шаралар қолға алынып, сәтімен атқарылды. Соның бірі – Ана тіліміз бен ұлтымыздың дамуының бүгіні мен ертеңін саралап, талқылайтын алаң және қазақтың рухын көтеріп, бірлігін нығайту құралы ретінде «Қазақ альманағы» журналын шығару болды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған осы жұмыс жылдан-жылға пәрменді бола түсуде. Елбасы 2008-ші жылы Тәуелсіздіктің 17 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде «Менің бастамам бойынша «Мемлекеттік тілді дамыту» қоры құрылып, қазірдің өзінде бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыра бастады» — деп, біздің талабымызға қанат байлаған еді. Жұмыс жоспары Қор қызметінің тұжырымдамасына сәйкес 2010 — шы жылға арнап алдын-ала жасалды. Бұған қоса бірнеше арнаулы жобалар әзірленді. ҚР Мәдениет министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша өткізген байқауына қатысу арқылы насихаттық, танымдық және демеушілік жолымен әр түрлі шаралар өткізуге қаржылай мүмкіндік туды.
Жоспарлы жұмысты халықты қызықтыратын мейлінше белсенді және әр түрлі нысандарда өткізуге баса көңіл бөлінді. Мәселен, жыл беташарында Астанада «Қазақ тілін оқытудың инновациялық технологиялары» атты семинар ұйымдастырылды. Осы барыста Қордың бастамасымен Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. Оның басты міндеті – оқушыларды қазақ тілінің болашақ басты тұтынушылары ретінде қалыптастыру болып табылады. Бұл үшін жастардың отаншылдық сезімдеріне мемлекеттік тіл арқылы жол ашу, ата-аналар әлеуетін оқу үдерісіне жұмылдыру, орыстілді мектептер мен бала бақшаларда қазақ тілін оқытудың жаңаша жолдары мен шешімдерін іздестіріп, кәдеге жарату көзделеді.
«Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі әдістемелерінің республикалық байқауы» аталмыш шараның қисынды жалғасы десе болады. Байқау тіл үйретудегі инновациялық үдерістерді, тиімді әдістемелік құралдарды қолдау және ұстаздар ұжымдары мен қоғамдық ұйымдарды ынталандыру мақсатында қолға алынды. Қор ұжымы, сондай-ақ, Халықаралық Журналистер күніне орай мемлекеттік тілді насихаттаған бірқатар журналистерге сыйлықтар тапсырып, Монғолиядағы Баян-Өлгей аймағының құрылғанына жетпіс жыл толуына байланысты қазақ диаспорасына М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының аудиодискілері, қазақ тіліндегі көркем және ғылыми әдебиеттер мен түрлі сөздіктер жолдады.
Ал, жоғарыда айтқан арнаулы жобалар дегенде, әсіресе, Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған «Ерлік пен Жеңіс» шығармашылық байқауын, жас журналистердің үшінші республикалық «Қаламгер-Азамат» форумын, «Қазақша білесің бе? Досыңа үйрет» тіл байқауы мен осы шарамен сабақтас «Қырағы көз» айлығын атап айтуға болады. Олардың әрқайсысының өз «аудиториясы» мен көтерген жүгі бар. Мәселен, халқымыздың аты аңызға айналған қаһарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арнап шығармашылық тақырыпта байқау өткізу барысында біз оқушылардың соғыс пен отаншылдық тақырыбына, әсіресе қазақ батырының біртуар тұлғасына қызығушылығын туғызу арқылы олардың бойында елжандылық сезімін қалыптастыру мақсат етілді.
Аталмыш байқауға республиканың барлық аймақтарынан 200-ден астам шығарма келіп түсті. Талапкерлердің шығармашылық қолтаңбасымен таныса отырып, балалардың тарихқа немқұрайлы емесін, қазақ тілін жақсы көріп, бағалайтынын, оның келешекте кең мүмкіндіктер ашатынын түсінетіндеріне көз жеткіздік. Осы шарамен «Қаламгер-азамат» форумы тығыз үндесіп жатыр. Қазір қарап отырсақ, туған еліміз тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген ұрпақ жиырмаға толады екен. Бұл, егемен елдің ертеңінің өсіп, ержетіп, кәмелетке толғанының және Қазақстан азаматтарының қатарына білімді әрі салауатты жастардың жаңа бір легінің қосылғанының өлшемі ғана емес, ол сонымен қатар ел егемендігінің жылдан-жылға нығая түсуінің белгісі.
Сол сияқты арнаулы жобалар қатарындағы «Қазақша білесің бе? Досыңа үйрет!» және «Қырағы көз» тіл байқауы мен жарнама тазалығының айлығы креативті, яғни жаңаша белсенді нысанда өткізілді. Тақырыптарының өздері-ақ айтып тұрғандай, оның алғашқысы «Нұр отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының «Қазақша сөйлесейік!» акциясының аясында Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінің студенттері арасында ұйымдастырылып, қатысушылардың зор қызығушылығын туғызды. Байқаудың басты мақсаты – студент жастардың қазақ тілін үйренуіне ықпал ету және оларды ынталандыру болды және байқау нәтижесі бойынша қазақ тілін үйрену қиын деген қоғамдық пікірді жоққа шығарғымыз келді. Сол сияқты жастардың белсенді қатысуымен өткізілген «Қырағы көз» акциясы барысында тауарлардың этикеткаларындағы, қораптарындағы, нұсқаулықтарындағы қазақ тіліндегі қателер анықталды. Осы арқылы тауар өндірушілер мен сауда орындары иелерінің мемлекеттік тілді бұрмаламай, тұтынушыларға арналған ақпаратты сауатты ұсынуларына назар аударылды.
2010-жылдың мәресінде сахнаға шыққан «ТІЛектестер ШАШУы» жастар фестивалі астаналық тіл жанашырлары мен қонақтарға лайықты тарту болды ғой деп ойлаймын. Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында қазақ тілін насихаттау, олардың туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлттық, патриоттық тақырыптағы жаңа әндердің дүниеге келуіне ықпал ету еді. Концертке қатысқан өнерпаздар туған жер, Отан мен Ана тілі туралы әндерімен Тіл тойына шашу шашты. Бұдан былай аталмыш фестивальды ұлттық рухымызды көтеріп, патриоттық тақырыптағы жаңа шығармалардың тұсауы кесілетін дәстүрлі шараға айналдыру ойда бар.
Осы аталған шаралармен қатар, Ана тіліміздің дамуына құқықтық сенімді іргетас қалайтын заңдар мен құжаттарды әзірлеу ісіне де қатысып келеміз. Мәселен, Қор ұжымы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» жобасын талқылау мақсатында бірқатар республикалық шаралар ұйымдастырды. Айтылған ұсыныс-пікірлер өз тарапымыздан жинақталып, бағдарламаны әзірлеуші өкілетті органға жолданды.
Қазақстан халқының Тілдері күніне орай «Нұр Отан» партиясы «Тілге құрмет – елге құрмет» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттап, олардың қатарында мемлекеттік тілдің дамуына сүбелі үлес қосқан ұйым аталымында біздің Қорға да үлкен құрмет көрсетілді. Бұл жоғары баға Елбасының бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қорына зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Сөзімді қорыта келе айтарым, қазақ елі аман болса, қазақ тілі де жасай бермек. Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, айымыз оңынан, жұлдызымыз солынан туып тұрған шақта біз осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы — қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биіктігіне көтерген жөн. Бұл міндет — сіз бен біздің перзенттік парызымыз.