Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Туған тілін жоғалтпайтын ұлт қана өзін-өзі сақтап қала алады

15 Қазан 2010 | 4:43

Қыркүйек-қазан, 2010
«Есіл» газетінен

1. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екені баршаға аян. Осы мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйі қалай?

— Баршаға мәлім, кез келген қоғамның дамуы мен өсіп-өркендеуі ұзаққа созылады және халық аман болса, тоқтамайды. Сондықтан халықтың кемелденуінің қай саладағы болмасын жай-күйі туралы кесіп айту қиын. Ана тіліміз жайында да солай дер едім. Себебі, еш нәрсе бір күнде немесе белгілі бір уақытта пайда бола қалмайды. Сондықтан қазақ тілінің қазіргі жайы туралы айтқанда бұған кешегі мен бүгінгінің сабақтастығы тұрғысынан қарауға тиіспіз. Ендеше, осыдан жиырма бір жыл бұрын, яғни Тілдер туралы заң қабылданғандағы тілдік ахуал қандай еді?
Қазақтың күні, өзіңіз білесіз, тәуелсіздік таңымен бірге туды. Төл мемлекетіміздің Конституциясы туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесін тайға таңба басқандай етіп бекітті. Халқымыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қадағалауымен қабылданған Тіл туралы заңнамалар оның қоғамда өзіне лайықты орын алуына қолайлы жағдай жасады.
Алайда, 70 жылдан астам уақыт жетімдік көріп, ара түсер ардақтыларынан айырылып, әбден басып-жанышталған ұлттық рухымыздың қайтадан серпілуі қиынға соқты.
Бұл үшін халық билік басындағыларды жазғырды. Оның да, әрине жөні бар: іс басындағылардың бірқатары жалпақшешейлікке салды. Тіпті, олардың көпшілігі еңсесін енді тіктей бастаған туған тілімізді қолтығынан демеудің орнына, өздері ескіше «шүлдірлеуін» қоймады. Осыны көрген ағайын бар кінәні іс басындағыларға аудара салып, көп жағдайда өздері қол қусырып қарап отырды.
Шындығында солардың екеуінің де ауызды қу шөппен сүртетін жөні жоқ болатын. Конституциямыздың кепілі – републикамыздың Президенті бұл өзекті мәселені билік тізгінін қолына алғаннан бастап үнемі назарында ұстап, ерекше маңыз беріп келеді. Ел Басымыздың өзінің дәстүрлі халыққа жолдауларында, Қазақстан халықтары ассамблеясының жиындарында, журналистермен сұхбаттарында Тіл саясатына байланысты стратегиялық міндеттерді жеріне жеткізе айтуының куәсіміз. Ол, ең алдымен, қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуінің қажеттігін атап көрсетті.
Сондықтан ана тіліміздің өз мемлекеттік мәртебесіне лайықты болуы ең алдымен біздің өзімізге, қазақтарға байланысты.
2. Қалай десек те мемлекеттік тілдің қолдану аясына көңіл толмайды. Оның қолдану аясын кеңейту үшін не істеу керек?

— Соңғы жылдары мемлекеттік тіл туралы айтуда да, жазуда да кемшін жоқ. «Қазақстанның Ұлт бірлігі» доктинасы соның жарқын дәлелі. Онда мемлекеттік тілді меңгеру «…әркімнің парызы мен міндеті» деп атап көрестілшіп отыр. Бірақ, жергілікті жерлерде ұлт тағдырының осы бір өзекті мәселесі енжарлықтың салдарынан ұзын арқан, кең тұсауға салынып отырғанын мойындауға тура келеді. Олай болса, ең алдымен, меніңше, «қазақ мемлекеттігі» қағидатын қазақстандықтардың бүгінгі ғана емес, келешек ұрпағының санасына мықтап сіңіру керек. Мемлекетіміздің барша азаматы көптеген қайғылы оқиғаларды бастан кешіп, аса ауыр сынақтардан аман өте отырып төл мемлекетін құрған қазақ халқының тарихи миссиясын сөзсіз қабылдауы және оның төңірегіне топтасуы парыз.
Демек, қазақ тілі өмірлік қажеттілікке айналуы тиіс. Ол үшін Тілдер заңнамасы мүлтіксіз орындалуы керек. Екіншіден, ана тіліне, қайталап айтамын, қазақтың өзі жанашыр болғаны абзал. Бұл арада мемлекеттік тілді өркендетуге, оның мәртебесін көтеруге тек билік басындағылар жауапты немесе бұл құзыретті мекемелердің ғана міндеті деп қарау жаңсақ пікір деп ойлаймын. Жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір азамат туған тіліміздің мерейін асыру ісіне атсалысуы тиіс.

3.Мемлекеттік тілді қолдау қорын өзіңіз басқарып отырсыз. Сіздің ұжым мемлекеттік тілді дамытуға қандай үлес қосып келеді?

— Мемлекеттік тілді дамыту қоры жанашыр қауымның ынта-ықыласына қолғабыс жасап, демеу болу мақсатында Мемлекет Басшысының бастамасымен 2008 жылдың аяғында құрылды. Біздің жұмысымыздың басты бағыт-бағдары – республика аумағында және шетелдерде қазақ тілінің дамуына бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, мемлекеттік сана мен отансүйгіш сезімді нығайту, қазақ елінің рухани-мәдени жетістіктерін насихаттауға ықпал ету.
Осы мақсатта, сондай-ақ қазақ тілін үйренушілерді ынталандыру және қазақ ұлты мен оның тілінің мәртебесін көтеруге көмектесетін кешенді іс-шаралар өткізу дәстүрге айналып келеді. Сөз орайында бір атап айтатын жай, Қор қазақ тілін дамытумен айналысатын бұрыннан бар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметін қайталамайды. Мәселен, алғашқы жылы-ақ біздің ұжым тарапынан тіл жанашырларының 40-дан астам бастамалары қолдау тапқанын айтар едім. Қор қаржыландырған жобалардың қатарында қазақтілді интернет-сайттар ашу, қазақ тілін үйретудің авторлық бағдарламаларын, оқыту әдістемелерін, бұрын жарық көрмеген әдебиеттер мен сөздіктер әзірлеп шығару және бұқаралық насихатты өрістетуге байланысты шаралар бар.
Ал, үстіміздегі жылы Қор ұжымы атқарған және мұрындық болған шараларға, жоғарыда айтқандай, осы саладағы игі істерді игілікке айналдыру, жұртшылықты мүдделі іске жұмылдыру мен бұқаралық насихат шаралары арқау болды. Мәселен, биыл қордың бастамасымен Астанада Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларының қауымдастығы құрылды. Жаңа қоғамдық құрылымның міндеті – оқушыларды қазақ тілінің басты тұтынушылары ретінде қалыптастыру болып табылады. «Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі әдістемелерінің» республикалық байқауы сол кешенді жұмыстың бір ғана саласы дер едім. Сол сияқты егемен еліміздің өміріндегі атаулы оқиғалар да назарымызда: Ұлы жеңістің 65 жылдығы мен алаштың аты аңызға айналған қаһарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбында республика бойынша мектеп оқушылары шығармаларының байқауы өткізілді.
Халықаралық журналистер күніне орай, баспасөз бен электронды БАҚ-да қазақ тілін кең насихаттағандары үшін бірқатар журналистерге сыйлықтар тапсырылды. Қордың әрқайсысы 50 мың теңге көлеміндегі алғашқы үш ақшалай сыйлығына мына журналистер лайық деп табылды: «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ержан Байтілес, «Казахстансая правда» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Малдыбаев, Шығыс Қазақстан облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Қабдылқайыр Құдайбергенов.
Баян-Өлгий аймағының құрылғанына жетпіс жыл толуына орай Моңғолияға барған қазақстандық жастар арқылы Қор атынан баянөлгейлік жастарға М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының аудио-дискілері, қазақ тіліндегі көркем және ғылыми әдебиеттер мен түрлі сөздіктер сыйға тартылды. Сондай-ақ, «Жас Отанмен» бірлесіп ұйымдастырып келе жатқан «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясында «Қырағы көз!» айлығын өткіздік. Оның мақсаты — халық тұтынатын тауар өндірушілерді мемлекеттік тілді құрметтеуге шақыру, қоғамды тіл тазалығы жолындағы жұмысқа тарту, тауар этикеткаларындағы қазақ тіліндегі ақпараттың қателерін табу, олардың деңгейін арттыруға ықпал ету, қазақ тілінің стилистикасы мен тіл мәдениетінің сақталуын қамтамасыз ету. Жақында ғана осы акция аясында Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінде «Қазақша білесің бе? Досыңа үйрет!» атты жаңаша үлгідегі тіл байқауын жарияладық. Байқаудың басты мақсаты – студент жастардың қазақ тілін үйренуіне ықпал ету және оларды ынталандыру, және қазақ тілін үйрену қиын деген қоғамдық пікірді жоққа шығару болып табылады.
Байқау қызық та, жеңіл болмақ. Байқаудың өту тәртібімен танысқан студенттер арасынан досыма қазақ тілін үйретемін және досымнан үйренемін деген жастар жұптары өз еріктерімен суырылып шығып, тіл үйретуші, яғни қазақ тілін жетік меңгерген студент (оқытушы) қазақ тілін білуге ықылас танытқан тіл үйренуші (оқушы), өз досын немесе курстасын ортаға алып шықты. Әрі қарай «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы «оқушылардың» қазақ тілін меңгеру деңгейі анықталды. Олар тіл үйренуге берілген екі ай ішінде ауызекі қазақ тілін үйреніп шығуы керек. Желтоқсан айында тіл үйренушілердің қазақ тілін қандай деңгейде меңгергенін тағы да «ҚАЗТЕСТ» жүйесі және қазақ тілінде жеке сұхбат өткізу арқылы бағалап, байқау жеңімпаздарын анықтаймыз. Жүлделі орындарды иеленген жастар Қордың арнайы дипломымен және байқау демеушісі «Beeline» сауда белгісі бар «Картел» ЖШС-ның бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Сондай-ақ, белгілі бір деңгейде тіл үйренген студенттерге «ҚАЗТЕСТ» жүйесінің Сертификаты беріледі. Байқауға Елордамыздағы басқа да жоғарғы оқу орындарының студенттері қатыса алады. Ол үшін Астанадағы 74-29-92 телефонына хабарласулары керек. Осы Жобаның табысты боларына сенімдімін, өйткені, тіл үйренуде әрқашан алғашқы қадам жасалуы керек. Бұл байқау жастардың алғашқы қадам жасауына бастама болмақ. Еліміздің қазақ тілді өзге де азаматтары осы бастамамызды одан әрі жалғастырып, өз досына, әріптесіне, көршісіне ауызекі қазақ тілін үйретуге кіріседі деген үміттемін.
Сондай-ақ, Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге сараптама қоғамдастығын және кең ауқымды жұртшылықты тарту жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастырумен, мемлекеттік тілдегі интернет журналистиканы дамыту жөнінде іс-шаралар кешенін өткізумен шұылданып келеміз.

4.Ана тіліміздің тағдыры туралы өткен ғасырдың басында да ұлтымыздың жақсы-жайсаңдары бас көтеріп, күресіп өтті. Сіз қазақ тілінің болашағы жайында не айтар едіңіз?
— Егемен еліміздің ертеңі жарқын десек, Елбасы атап көрсеткендей, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екеніне еш күмән жоқ. Соған орай бірқатар шаралар қолға алынды және оның нәтижелері де айтарлықтай. Мәселен, қазір елімізде 3811 қазақ мектебі бар, бұл осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда 163 пайызға өсіп отыр.
Бірақ, жаһандану заманы, баршаға мәлім, елдер мен ұлттарға аса қатал талап қоюда. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий өткен жылдың аяғында мынадай мәліметті жариялады: «Ширек ғасырдан кейін орыс тілі әлемдік тіл мәртебесінен айырылады, себебі орыс тілінде сөйлейтіндердің саны екі есе азаяды. Ал, он жылдан соң француз, хинди, араб тілдері орыс тілін баса озып, осы тілдерде сөйлеушілердің саны көбейеді». Бүгінгі күні әлемнің 300 миллионға жуық тұрғыны орыс тілінде сөйлейтінін ескерсек, ана тіліміздің жайы еріксіз жанға батады. Мәселен, қазір адамзат 5,5 мыңнан астам (5651) тілде сөйлейді десек, ғалымдар тарапынан алдағы жүзжылдықта оның 600-і ғана қалады деген болжам айтылуда. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, барлық тілдің 96 пайызында планета халқының 4-ақ пайызы сөйлейтін көрінеді. Ай сайын екі тіл немесе екі аптада бір тіл жойылып отырады екен.
Осы тұста өз құндылықтарын, туған тілін жоғалтпайтын, бәсекеге дайын ұлт қана өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қала алады. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тіл дегені¬міз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағды¬ры емес, бүрсігүнгі де тағдыры», – тағлым айтады. Қазір заман басқа, заң өзге. Қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласындағы қолданысын қамтамасыз ете алатындай жағдайға жеткізу керек. Біз бұған табиғи жағдай ретінде қарауымыз керек. Өйткені жер өзіміздікі, ел өзіміздікі, тіл өзіміздікі. Бүкіл қазақты, барша жұртты біріктіретін, тұтастыратын жағын ойлағанымыз абзал.

Азат Шәуеев
Мемлекеттік тілді
дамыту қорының директоры