Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

«Комикстер — әлеуметтік желіде 15 секундтық видеолар көріп жүрген бала үшін таптырмас әдебиет»

23 Ақпан 2023 | 5:29

Бүгінде қазақ ертегілері, батырлар жыры, лиро-эпостық дастандары жаңа деммен оқырмандарына жол тарта бастады. Енді балаларыңыз Ер Тарғын мен Қозы Көрпеш – Баян сұлу сынды шығармаларды бұрынғыдай қалың томнан емес, жұқа, ыңғайлы, түрлі суреттерімен қысқа-нұсқа жеткізілген комикстер арқылы оқи алады.

664964

«Әлеуметтік желіде 15 секундтық видеолар көріп жүрген бала үшін таптырмас әдебиет деп ойлаймыз», — дейді Qazcomics жобасының PR маманы Амантаева Мадина Шыңғысқызы.

Caravan.kz медиа-порталы қазақ әдебиетінің кейіпкерлері комикстер арқылы қалай жеткізіліп жүргенін, бұған оқырман қандай баға беріп жатқанын сұрап білді.

- Қазақ ертегі, дастандарынан комикс жасап шығару идеясы қайдан келді?

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Шауеев Азаттың идеясы еді. Ол кісі қазақ тілінің деңгейі жоғары филолог маман. Ең әуелі бұл сала өзіне жақын болғаннан да шығар. Сонан кейін, қазіргі балалар, жасөспірімдердің көпшілігі комикске қызығатыны мәлім. Тек Қазақстанда ғана емес жалпы әлемде солай. «Неге?» десеңіз комикс – өте жұқа кітапшалар. Жылдам оқып тауыса алады. Барлық диалогтар қысқа-нұсқа, суретімен беріледі. Әлеуметтік желіде 15 секундтық видеолар көріп жүрген бала үшін таптырмас әдебиет деп ойлаймыз. Өзімен бірге алып жүруге де жеңіл, ыңғайлы екенін атап өтуге болады. Қанық, түрлі түстілігімен де баланы тартады. Ең бастысы, қазақ балалары Марвелді оқығанша ата-бабамыздан келе жатқан аңыз-әңгімелерді оқыса деген ниеттен туған идея.

- Оқырмандарыңыздың басым бөлігі мектеп жасындағы балалар шығар?

Иә, әрине. Оқырмандарымыздың арасында мектеп оқушылары басым. Негізі біздің комикстерді 6 жастап бастап оқи беруге болады. Комикстер бәріне түсінікті болатындай қарапайым тілде жазылған. Біздің инстаграмдағы парақшамызға ата-аналардан “қай жерден алсақ болады?” деген сынды сауалдармен жиі хаттар келеді. Өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы бар. Себебі комикстеріміз қазақ және орыс тілдерінде.

- Балалар расымен байырғы қазақ ертегі, дастандарын сүйіп оқи ма?

Меніңше қазақ ертегілері шетелдің кез келген фантастикасымен бәсекеге түсе алады. Балалар «Мен – өрмекші адаммын» деп емес, «Мен – Алпамыс батырмын» деп ойнап жүрсе жараспай ма?! Ұрпағымыз өз тамырын танып, бой түзеп өскені жақсы. Оған да жетеміз. Тек заманға сай, балалардың қазіргі талғамына сай ұсына білсек болғаны. Комикстерімізді кітапханалар көптеп сатып алуда. Балалар оқысын деп мың даналап бізден сатып алып кетіп жатады.

Мемлекет тарапынан қолдау болып жатыр ма?

Бас демеушіміз Самұрық қазына қоры. Комикстерімізге әу бастан Нұрсұлтан Назарбаев қоры демеушілік етті.

Комикстеріңіз тек қазақ тілінде ме?

Бір комикс екі тілде жазылады. Алғашқы беттерінде қазақ тілі, кейінгі беттерінде орыс тіліндегі нұсқасы болады. Әркім өз ыңғайына қарай оқи жатар. Оның үстіне қазақ ертегілеріне тек қазақ балалары қызықпайды. Оқырмандарымыздың арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Ал, ағылшын тіліндегі нұсқасын электронды түрде оқи аласыздар. Шетелдіктер біздің де комикстерді оқысын дедік. Біздің мәдениетімізбен таныссын деген ой болды.

Комикстер қай елде жақсы дамыған?

Комикстер АҚШ-та жақсы дамыған. Бәріміз танитын алып екі компания бар. Олар: Disney және Marvel. Олар қазір комикс қана емес фильмдерін шығарып жүр. Біздің де комикстер экрандардан көрінсе жақсы болар еді. Оның бастамасын өзіміз де жасадық. Махаббат жырларына анимациялық роликтер жасадық. Десе де, бұл тәй-тәй басқан алғашқы қадамдар ғана. Балалар төл әдебиетімізді танып өссін десек, жан-жақты сапалы дүниелер шығара беруіміз керек. Өз әдебиетімізді өзіміз керек етпесек, кім мойын бұрсын?

- Комикс дайындауда еліктеушілік болды ма?

Біздің комикстеріміздің идеясы мүлде бөлек. Сондықтан еліктеу бар деп айта алмас едім. Шетелдіктерде көбіне фантастика басым. Бізде қазақ халқының құндылықтары бар.

- Командада қандай мамандар бар?

Жоба менеджері Туғанбаева Шырын, Өндіріс жетекшісі Оспанов Асет, бас редакторымыз Қамысбаева Сұлушаш, иллюстрациялардың авторы Павлодарлық суретші Динара, аңыздардың барлығын комикс форматына келістіріп жүрген сценаристіміз Досхан есімді жігіт бар.

- Ең көп қандай комикс сатылды?

Бестселлер комиксіміз – Ер Төстік. «Несімен танымал болды?» десеңіз бұл бала күнімізден бәрімізге жақсы таныс ертегі. Негізі Ер Төстік ертегілердің ішіндегі ең көнесі екен. Өзге ертегілердің кей тұсы осы Ер Төстіктен алынған деседі. Дүкендерге қойған Ер Төстік комиксіміз ылғи да тез таусылып кетеді.

- Қазіргі заманғы балалар жазушыларының шығармаларын да комикс ретінде шығару ойда жоқ па?

Авторлық, бүгінгі заманның жазушыларын біз әлі шығарған жоқпыз. Бірақ, жоспарда бар.

- Нарықта бәсекелестеріңіз көп пе?

Елімізде комикс шығаратындар көп деп айта алмаймын. Бірақ, қазір жақсы дамып келеді. Иллюстрация салып жүрген дарынды жастар көп. Оны әлеуметтік желіден де байқап жүрген шығарсыздар. Фестивальдерге де қатысып тұрады. Ол жақтан да біршама талантты жасты байқайсыз. Комикс шығарғысы келетін жастар бізбен байланысқа шығып, кеңестерін сұрап жатады. Біз ондайдан қашпаймыз. Білгенімізбен аянбай бөлісіп жатамыз.

- Жалпы комикс жасап шығару табыс әкеле ме?

Комикс табыс әкеледі. Жақсы сатылады. Оқырманы жоқ емес. Және ең бастысы, рухани пайдасы бар жобаны атқарып жүргенімізге қуанамыз. Оқырмандарымыздың қолдауы, жылы пікірі бір төбе. Ісімізге тәнті болып «жарайсыңдар» деп біз үшін қуанып жататындар көп. Балалардың біздің комикстер арқылы қазақ мәдениетімен сусындап жатқанын көрген кезде шынымен де тебіреніп қаламыз. «Осыны біз жасап жатырмыз ба?» деп таңданатын тұстарымыз да болады. Қазақтың әдеби төл туындыларын әлем оқитындай форматқа келтірдік. Өзге ұлт өкілдері оқиды. Мұның өзі мерейімізді өсіріп тастайды.

- Сын айтқандар болды ма?

Расымен де осы күнге дейін ешқандай сын естімеппіз.

- Ендігі алға қойған межелеріңіз қандай?

Халықаралық нарыққа шыққымыз келеді. Шетелдіктердің қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы да жоқ емес.

Сұхбатыңызға рақмет!