Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Болат ЖҮНІСБЕКОВ: «АТЫН БІЛМЕ, СӨЗІН БІЛ»

17 Мамыр 2022 | 11:31

Өткен жылы «Мемлекеттік тілді дамыту» қоры жас ақындар үшін ұйымдастырған бір-екі «жабық» байқаудың қазылар алқасынан қатарынан табылғанмын. Сарапшы ретінде жүзге жуық жас үміткердің поэзия аспанындағы «қанат қағысын» бағалауымыз керек екен. Межелі мерзімде бәйгеге қосылған ақындардың сөз шырайы мен ой шұрайынан нәр іздеуге тырыстым. Бірден айту керек, кітап боп шыққан немесе газет-журналдарда, тіпті ғаламторда танылған шығармаларға тән жетістіктер мен кемістіктер, әлбетте оларға да ортақ. Соған орай байқаулардың «қанжығасына» байланған өлеңдердің өресі мен авторлардың сөз саптаулары да әр алуан.

мақала

Жабық байқаулардың қорытындысы шығарылған күні біздің де міндетіміз аяқталған еді. Алайда, өлең мен өнер додасына түскен 35 жасқа дейінгі жас ақындар шығармаларының шуақты әсері жадымда әлі де ұзақ сақталады. Көкейімде хәкім Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы», — деген қанатты өсиеті жаңғырады. Жастар шығармашылығына жанашыр ұйым танытқан дарындар туралы үнсіз қала алмайтыным белгілі болды. Оның үстіне, қаламы «жорға» деген ақындардың баспаға ұсынылатын бірнеше кітабына сарапшы болуым да ойдағы сөзді бүкпей, оқырманмен бөлісуге  жетеледі.

Өздеріңіз білесіздер, сарапшылар үшін «жабық» байқаулар мен «жабық» кітап сарасына түскен дүниелердің иесі кімдер екені беймәлім  ұсталады. Мұның жеке бастың ауанына ермей, қолжазбаға әділ баға беру үшін жасалатыны түсінікті болса керек. Ұлы Абайдың «Мұны жазған кісінің/ Атын білме, сөзін біл» деген өсиеті де осыны мегзейді. Шынында да оқырман үшін, ең әуелі, өлең қымбат, егер ол көңілден шығып жатса, шығарма авторын өзіміз-ақ іздеп тауып аламыз. Жақсысына тамсанып, жанымыз жадырайды, сырттай болса да ардақ тұтамыз. Жасығынан жерініп, «өлеңді ермек үшін жазғаны қалай» деп, теріс айналамыз.

Осыны айтқанда, өзін-өзі босқа «қамшылап», кітап шығаруға жанталасқан кейбір өлеңшілердің  дабырасы еріксіз ойландырады. Баспаға асығып, танаураған  тақпақтарды (өлең деуге обал) оқи отырып, оларды байқауларға түскен дарынды жастардың шығармаларымен еріксіз салыстырасың. Сосын  жаңағы сөз сапырушылар «алдыңғы буын ағаларынан, яки кейінгі толқын інілерінен неге үйренбейді» екен деп таңданасың. «Сөзіне қарай кісіні ал, — дейді тағы да Абай. — Кісіге қарап сөз алма». Амал қайсы, сарапшы ретінде ұсынылған кейбір шикілі-пысылы қолжазбаларға да жанарымызды талдыруға тура келді.

Хәкім Абай өлең сөзге аса талғампаз: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бишарасы…», бірақ «…Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын/ Қазақтың келістірер қай баласы?». Арзан ұйқас қуып, өлең боламын деп шабынған жекелеген «шимайларға» жатырқай отырып, осылар «өздерінен басқаны оқымайды-ау — деген ойға қаласың. Тіпті, оқыса да  кеудемсоққа салып, елегісі де келмесе, не дауа!

Асылы, қазақ поэзиясының әлем әдебиетіндегі үкілі үлесі жұрт мойындаған шындық.  «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап…», бірақ босқа арамтер болатын күпілдектер аз емес: «Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап. Қыран шықса қияға, жібереді/ Олар да екі құсын екі жақтап. Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан, Күйкентайы үстінде шықылықтап. Өзі алмайды, қыранға алдырмайды, Күні бойы шабады бос салақтап…».

Олай болса, танымал өлеңнің бұдан арғы өрімін ірке тұрып,  жоғарыда аталған «жабық» бәйгелерге «ат қосқан» жас үміткерлердің жанымызды желбіреткен өлеңдеріне қайта оралайық. Сөз орайында өлеңдерге берілетін бағаның біздің жеке пікіріміз екенін есте ұстаған жөн.

1. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» 

 немесе «жабық» жырлар жайында 

 Байқауға қатысқан есімі беймәлім жас үміткерлеріміздің бірі «Абайды оқы» деген туындысында былайша толғанады: «Сөзіне ерсе данышпанның Абайдайын/ Не үшін қазағыма алаңдайын… Елестетші көз алдыңа сендей жаста/ Абай хәкім ел жиып қылған кеңес… Біліміңмен қазаққа сәл пайдаң тисе, Қуана бер, бұл да бір биік белес». Осы автор, сондай-ақ «Мәдәт бер  я шағири фәрияд» деп, Шығыс шайырларына жүгінген жас Ибраһим секілді  қазақтың тағы бір ұлы ақыны Мұқағалидан сүйеніш іздейді: «Поэзия! Менімен де егіз бе едің? Мұқаңа ұқсап мен де сені неге іздедім. Алауратқан ақ таңнан ол іздесе, Мұңға батқан қара түннен мен іздедім…»

Ұлы ақындарды ұлықтап, олардан бата алудан дәмелі жас көп. Сондықтан хәкім Абайдың, әсіресе 175 жылдық мерейтой жылы байқауға түскен өлеңдердің едәуір бөлігінің ұлтымыздың ұлы тұлғасына арналуы да заңды еді. Әсіресе, мына бір ақынның «Шыңғыстау. Мінәжат. Хәкім» өлеңіне келгенде жеке пікірім қазылар алқасының  қорытындысымен үндес шығатындай үміттенемін. Бабын тапса, шын жүйріктің қамшы салдырмайтыны сияқты өлең қонған мына ақынның да дәмесі зор және орынды-ақ. Оқып көріңіз, мүмкіндігінше толық беруге тырыстым:

 

«Қарт Шыңғыстау,  

Ғұлама – түз,

Ұлы айдын,

Ұлы айдынға жете алмай бір құлаймын.

«Ту сыртымнан күбірлейді бір абыз

Ақиқатқа жетсең егер

Керегі не Құдайдың?…

 

Шөп тілі,

Құстың үні,

Құдай жанын,

Шыңғыстау, сенен ұқты бұл маңдайым.

Қуат ап сол хәкімнің дидарынан

Пәниге қайта келіп тұрғандаймын…

 

Шыңғыстау,

Сенен туған Нұр шырайды,

Білмейді, түсінбейді жұрт былайғы.

Хәкімнің рухына орап жұбатамын,

Ішімде іңгалаған сол құдайды».

 

Мұндай жарқын дүниеге жарыса мадақ айтып, мәртебесін асырамын деу бекершілік. Оның өзі-ақ жалғанға сәуле шашып, жаныңызды шуағына орайды. Ақиқатқа көзіңізді ашып, өзіне елтітіп, жарыққа жетелейді. Сөйтіп, тағы да ұлы Абайдың сөз маржанын еске салады: «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар. Біреу астық алады, біреу – маржан, Әркімге бірдей нәрсе бермес базар… Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар… «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар».

Соған орай осы байқауларға қатысушылардың бірқатары Абай мұрасынан нәр алып, хәкімге өлең арнайды.  Авторы бізге беймәлім «Сөз бүрледі көк тасқа» өлеңіне назар аударыңыз:

 

Қақырайды кеудесі, аласұрып, аһ-ұрып,

Жарылардай жүрегі жанартаудай атылып,

Жанарынан сорғалап қасіретті қанды жас

Үш айналды моланы, өзіне өлім шақырып.

 

Таба алмастан тірліктен не  тиянақ, не тірек,

Сияқтанып жалғанда жалғыз қалған жетімек.

Ақшоқыдан аттанды Шыңғыстауды бетке алып,

Судай аққан ғұмырға, удай ашып көкірек…

 

Тағдыр айдап барады алды-артына қаратпай,

Жайрататын түрі бар қылыш сілтеп, оқ атпай.

Сұп-сұр болып келеді сырты бүтін, іші өлген,

Бес күн қонып, фәниден күдер үзген қонақтай.

 

Қайғы бұлтын жамылған қалпы бейне жұмбақ тас,

Тастай қатқан тірі аруақ тірі жанға тіл қатпас.

Бірге жылап Абаймен күңіренген қалың ел,

Өзі тоқтау салмаса көздің жасын құрғатпас.

Қыл шылбыры қысқанда ажал салған құрықтың,

Қырық жылдай көрінді Мағаш қайтқан қырық күн.

Осы сөз сәйгүлігімен мына бір үміткердің «Сыншы бақ» өлеңі үзеңгілес отырғандай әсер қалдырады. Жалпы, байқауға келіп түскен өлеңдердің бірқатары  «Тілге жеңіл, жүрекке жыл тиіп» тыңдаушысын тебірентетін шымыр «теп-тегіс, айналасы жұмыр» дүниелер. Соның бірі — «Сыншы бақтан» аздап қана сыр тартсақ:

 

«Түн келер, тәуліктен мұң сұрап,

өзіне қойдырмай мың сұрақ.

Күндерді кезекке қоймасам,

кетемін шеріме тым шыдап…

Сыншы, бақ…

 

Қайнайды көкейде алас-нұр,

-Ей, Тәңір! Теңімді жарастыр!

Тағдырда жолдар көп болғанмен,

тірлікте баянсыз, талас бір…

Талас құр…

 

Келтірген Құдайда шама зор,

табады тағдырды дара сор…

Бақ шіркін, барымта қылатын,

мал емес, сырты түк, қара құр…

Ала дүр…

 

Жағамнан алса да кеуде құр,

зарыма қоспаймын зәуде бір…

Тектілер теңіне қарамай,

бағынып қараға дәу де жүр…

Сәуле құр…

Бәйгеден үмітті тағы бір автордың «Біздің ауыл» өлеңін оқып көрелік:

 

Тіршілігін өткеріп түздің ауыр,

Түндік бауын жұлмалап күзгі дауыл,

Ұйықтап жатқан таулардың арасында,

Ұйқылы ояу отыр ма біздің ауыл?!

 

Үрген иті сәл ғана тыншып алып,

Жаңғырығы жартасты шымшып алып,

Жолын бағып үркердің отыр ма екен,

Сырласатын аспанмен сыршыл халық.

 

Жұпар аңқып тұратын жусан мекен.

Жусаныңа қозы-мұң жусар ме екен.

Сағыныштың жамылып сал шекпенін,

Ауылыма ат басын бұрсам ба екен?!

 

Жарыс жолында бірқатар жүйрікті шаң қапқызар өлең, біздіңше, «Ұлытау. Петроглифтер…» туындысы:

 

Не гәп бар тастан ұлы, тастан ірі,

Сол тасқа көмкерілген аспан үні.

Жеті қат жердің сыры, елдің сыры,

Көмескі дәуірлердің дастаны ұлы…

 

Адамның тас жақыны, тас тамыры,

Тарихтың сонда көшкен таспа жыры.

Таңбалап кеткен бабам тебіреніп

Кешірген ғаламатын бастан ұлы…

 

Қашаннан тас тәңірі – қас керусіз…

Ал, адам жаралған ба әсте мұңсыз?

… Сол сұрақ сен өлгенде қабіріңде

Қала ма ескерткіш тас боп үнсіз…

Жүлдеден үмітті «Ақша қар», «Мен кіммін», «Мына бояу – сәби күні өлеңнің» секілді туындыларды да оқыған сайын разы көңілмен тебіреніп, өз қуанышыңды оқырманмен бөліскенше асығасың. Сондықтан қатарынан озық тағы бірнеше  жас автордың бір-бір өлеңін, олардың да әуелі «атын білме, сөзін біл» деген тілекпен, ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.

 

«Терезеге үңілген ару»

Үңілдің.

Үңілдің де тағы үнсіз түңілдің

Жаңа ғана жүр едің ғой көңілді

Шын бақытқа теңеп мынау өмірді

Кеудеңізді кернеп тұрған сол шаттық

Терезенің алдына кеп төгілді…

 

Сен ойландың,

Оймақ қызыл ерінді үнсіз жымырдың,

Сен әлсіз бе? Әлде мынау өмір сонша қыңыр ма?

Алда келер күндерің бе? Әлде өткен өмір ме?

Ойға салып тұрған нәзік денеңізде шымырлап!

 

  «Таңғы элегия» 

 

Ажарына жанарларды іңкәр қып,

Таң мезеті көрсетпейді шын тарлық.

Жер бетіне жарық түскен жарқын сәт,

Қиялыңмен ұшырады сұңқар ғып.

 

Самал есіп, таңғажайып сыр әлем

Бар ғаламды көркем еткен бір әуен.

Ойға шомып, ұзағынан толғанып,

Бір сиқырлы күй кешемін мына мен.

 

Аппақ сәуле,

Ақ дидарым,

Ақ арай.

Мен өзіңе қарай берем, қарадай.

Қадіріңді қасиеттей алдым ба,

Әр сәтіңді дұрысырақ бағалай?..

 

Тамашалап, иісін сезіп жұпардың,

Гүлзардағы жай-күйді ұғар оңай кім.

Будақ-будақ бұлттарменен таласқан

Күннің шашқан шуағына құмармын.

 

«Шың басындағы жүрек»  

Хабары жоқ

Арамдықтан, айладан,

Аңқаулығы көрінетін айнадан,

Мен о баста қол тигізбес жалын ем,

Жанартаудың көкірегінде қайнаған.

 

Қайнай, қайнай

жанартаудың айналдым мен дертіне.

Бір күндері қастық қылып сертіне,

Көкірегін өртеп жатқан асауды,

Қоя берді еркіне!

 

Ну орманды шытырлатып,

Маңайымды күл қылдым,

Асаулықты мақтан еттім, жыр қылдым.

Отты өзендей шың басынан ылдилап,

Жетегінде кете бардым бір мұңның!

 

Өз ғасырым –

Қаймығатын тек Күннен,

Ащы өзегін қызғаныш пен кек бүрген,

Қызуымды құм дауылмен суытып,

Тасқа айналып кеттім мен,

Тауға айналып кеттім мен!

 

 «Жыр тербейді жанымды» 

 

Түн. Ұйқы бермей жыр тербейді жанымды,

Үн. Тыным бермей билеп аққан қанымды.

Безек қағып, кезектегі адамдай,

Бұйырады серік ет деп жазуды.

Кім… Кім ұғынбақ мына менің хәлімді?

 

Мен отырам есалаңдай күй кешіп,

Жеті түнде мұңлы жырмен тілдесіп.

Ойларымды дөп басады ап-айқын,

О, Құдірет, бұл не деген үндестік?

 

Қара шашын жайып қойып қара түн,

Мұңлы жырдың аялайды қанатын.

Құлағыма сыбырлайды жырым кеп,

Жол салам деп арманыңа баратын.

Қоғамдық қор өткізген тағылымдық мәні зор байқаулардың қорытындылары шыққанына да біраз уақыт өтіпті. Қазір оларға қатысқан жекелеген әдеби шығармалардың авторлары оқырман қауымға белгілі болуы да мүмкін. Бірақ, өз басым өлең сөзіне сүйсінген, есімдері беймәлім «таныстарымның» әдебиет айдынында көтерген желкенін әзірге көре қойған жоқпын. Сондықтан   хәкім  Абай айтпақшы, аттарын білмесем де бабы келіссе,  өлең өлкесінде қатарларынан оза шауып, төл әдебиетіміздің алтын қоржынына олжа салады-ау деген үмітпен өз пікірімді бөлісуді жөн көрдім. 

 

      2. «… Сонда да солардың бар таңдамасы» 

 немесе «құпия» қолжазбалар хақында

Сонымен сөз басында ескерткеніміздей, енді жұртшылыққа танымал «Мемлекеттік тілді дамыту» қоры ұйымдастырған байқауларға қатысқан жас ақындардың шығармаларына пікір білдіруге түрткі болған және баспаға ұсынылған авторлары беймәлім қолжазбалар туралы айтатын кез келді. Соның бірі – «Тәңірі сипат тіршілік» қолжазбасының тақырыбынан-ақ поэтикалық нәзік сезіммен қатар шамырқанған шабыт сезіледі. Жинақты оқып шыққанда, ондағы жырлардың ақынның жан-жүрегінен қайнап шыққан дүниелер екенімен Сіздің де келісеріңіз анық. 

Тегінде, ұйқасын келістірген техникалық сөзжасам мен нағыз өлеңді ажырату қиын емес. Алғашқысын міндетің болған соң оқисың немесе өтініп сұрағаннан кейін ғана көңілжықпастың кебін киесің. Ал, дарынды ақынның шығармасынан өмірдің тыныс-тіршілігін сезгендей боласың: «Тәңірі сипат тіршілікті» қолға ұстағаннан-ақ жүрегіміз тірлік тамырымен бірге соққандай әсерде отырдық. Ақынның  адам мен жалған туралы толғаныстары ет пен терінің арасындағы еліккіш сезім  емес, жүректен туған, тіпті жаратушы аузына салғандай шынайы әрі терең. Оқыған сайын беймәлім автормен  бірге қуанасың. Ол өз еңбегін «Періштенің жанайқайы», «Елім – аяулым», «Кешкі сағым» атты үш бөлімге топтастырып, беташарын» Автопортретімен» бастап, «Автобиография-сымен» түйіндейді.

Аталмыш қолжазбаның кейбір ұйқасқа ұрынып, сол ұйықтан шыға алмай, шыр айналып, бір «басқан ізін» шиырлай беретін қап-қалың емес, шағын көлемі де түсінікті. Жыр дегеніміз, сауылдап құйыла беретін  желідегі су емес, ол, ұлы Абай айтқандай, «сырты күміс, іші алтын сөз жақсысы».  Біздің ақынды «Тәңірі сипат тіршілік» толғандырады: «Адам — пенде — арман», «Аспан — рух — халық», «Алтынжал – Жыр — араша» (жансерік) болып келеді. Ол өзіне қонған дарынына сенімді: «Мен өзімді/ Күл-талқан болып қираған/ Жасыта беріп жалған мың, Жанды өртеп жүріп жинаған/ Арманнан құрап алғанмын… Жалғанның жұтып бар уын/ Тіршілік үшін тазарған, Адасқақ әлем аруы/ Ажалды күттім ажардан. Табынбас тарпаң заманға/ Тірлігім, бәлкім, тек елес… Абай бол арман-адамға, Бұл – менмін әрі… Мен емес…»

Сонымен ақынның, «әлем аруының» (нәзік сезім де соны меңзейді) жырларының басты арқауы да – Адам мен оның өмірі. Шын сезінген жанға аса ауыр да жауапты тақырып, ендеше «Періштенің жанайқайын» тыңдап көрейік: «Нығметтің нұрына малынып, Жеті көк жауһарын жия кеп, Адамзат терісін жамылып/ Күн кешу не деген қиямет! Тұл қалу тағдырын тұғырдан/ Жат жерлік жоқтаусыз жан ұқсын… Тозақтың отына жылынған/ Сор жалған, сен де бір ғаріпсің…» Расында да  мынау фәниге адам болып келген соң, бақиға да адам қалпыңда аттану оңай емес, ал жаратушының осы ғажайып сыйы мен ғаламат сынынан сүрінбей  өтуің одан да қиын. Ақынның жаны шырқырайтыны да содан: «Болмыстан берік бар ма тірегім?! Адами ғұмыр – арда тілегім. …Жандауа жоқпен жол тарттым жырақ, Жұмыр жер болғай жәннатым менің…»

«Әлем аруының» адам мен оның өмір жайлы жырлары «Мен мөлдірлеу болдым ба екен, білмеймін, Ол кездері болушы еді күн ашық… » –  деп, оның өзі мойындайтындай, тап-таза, пәк сезімімен жүрек қылын шертеді. Әсіресе, «Қош бол, аспан!» шығармалар шоғырындағы өлеңдерін алғашқы жолдарымен түстеп көрсетер болсақ «Бозмұнар көшіп барады», «Тамырынан танатын тұс келгенде», «Жер тартып, құл-ғұмыр жетегі», «Күмбір көңіл көк төріне тым асық» және басқа туындылары оның терең ойы мен асқар арманының айғағы десек жарасады.

Оларда «Ақбозат мінген ару» жердегі жалған жайында  » Көтеріп алар кім енді/ Мың жылдық рухтың азабын?!», « Жазмышымда жоқ екен жанға дауаң: Шартарабым қалмады шарламаған… Жан да, тән де құрбандық! Тек рухы азат/ Адам-тағдыр сыйлашы, Алла, маған!», » Күйік толы күйін шертер бөтеннің, Жолсыздықтан жаратылған екен мұң …Жерсіне алмай жеруани тән – жалғанды, Аспан жаққа алаңдаумен өтермін», » Арманда ағып барам қос қимасым – Көк аспан, қара жердің арасында» —  деп ағынан жарылады.

Терең сырлы, суретті өлең жолдарын қолжазбадан көптеп кездестіруге болады. Бұл, әсіресе қаламгердің ана тіліміздегі теңеу сөздерді   терең талғаммен, қарышты қиялмен өрнектеген тұстарында көзге оттай басылады. Айталық, бір сөзді жолдың басында немесе аяғында  бірнеше қайталау (анафора мен эпифора), яғни ойдың екпінін күшейту тәсілдерін ақын сәтімен қолданады. Мәселен, «Қара жерді баса алмай, Қара жоннан аса алмай, Қара суды кеше алмай, Қара жолмен көше алмай, Қара ағашты құша алмай, Қара аспанға ұша алмай, Қаралар пірі қолдамай, Қара бір тірлік оңбады-ай…» (қолжазбаның 16-беті).

Одан әрі оқып көрейік: «Аспан да ала, жер де ала, Ерлер де ала, ел де ала, Жақын да ала, жат та ала, Ақыл да ала, бақ та ала. Ғұмыр да ала, жыр да ала, Сезім де ала, сыр да ала. Аланың болып дегені, Алалық қаптап келеді…»(63-б). Сол сияқты бір дауысты дыбысты сөйлемнің басында қайталап, үндестікті үстемелеу арқылы (ассонанс) айтар ойын күшейтіп, тартымды жеткізеді: «Ер мінез жастан жеке едім, Еншіме бітпес екі өлім/ Ер тағдыр нәсіп екенін/ Еріксіз ұқтым, не етермін, Ей, менің ұлық мекенім! Есіл де есіл жалған-ды, Есілден көңіл қалған-ды. Естанды еткен арманды/ Есіл жыр еске салған-ды. Есілге жасың тамғанда, Есіркер сені жан бар ма?! Есіле көшкен жалғанда/ Естінің бәрі арманда…» (121-б).

Дарын ұшқынының еңбек пен ізденістің нәтижесінде жалынға айналуының мұндай мысалдары, жоғарыда да айттым, қолжазбада баршылық және олар өлеңдер жинағының тілін де, түрін де шырайлы етіп, сыр мен сымбат жарасым табады. Қолжазбаның екінші «Елім — аяулым» мен үшінші «Кешкі сағыныш» бөлімдерінде де ақын поэзия аспанындағы емін-еркін самғауынан айнымайды. Ешкімді қайталамай, өзіндік өлең үлгісін ұсынады: «Сұлулықтың суатына қанған күн/ Ұлылықтың мұратына жалғандым. Боздап өткен бабалардың бағына/ Мен – мыңжылдық үзілмеген арманмын. Көріп өскен көк пен жердің кеңдігін, Теріп өскен ен жалғанның шер-мұңын, Жазмыш сынды жыр дарыған жанына/ Ұлы дала перзентімін, мен, күнім…»

Ұлы дала перзентімін деп, туған еліне табына отырып автор Тәуелсіздік пен тарлан тарихты шендестіре жырға қосады: «Еркіндіктің ерен күйін тербеген/ Ен даласын еншілеген ерке жел, Абызы да, аңызы да өлмеген/ Бұл өңірде әлі де бар ертегі ел…» немесе » Құла түзде қалқа боп көр-кебінге/ Жем болғаны аз ба еді желге, күнге?! Мазар – менің тарихым! Ей, адамдар! Тыныштық бер тарихқа өлгенінде! Ұлылыққа ұласар хәл таңдасаң, Ақыретті қайтер ед сәл қамдасаң?! Мазар –  менің тарихым! Ей, мұсылман, Құдай кешпес тарихты талқандасаң! Зердесізді келсе де зиялы еткің, Жер болмаса, жалғанға сыяр ед кім?! Мазар –  менің тарихым! Қорлар болсаң, Жалған қолы жағаңда қиямет күн!», немесе «Көшпендіміз күн кешпеген күрессіз, Байтағында бір көшсе де батыр-ез/ Біздің халық болған емес жүрексіз, Біздің халық болған емес қатыгез. Ағарғанша азаттықтың ақ таңы/ Бақ жолында кешкен сордың бәрі – игі. Біздің тарих – ғасырлардың мақтаны, Біздің тарих – руханият тарихы…»

Ақын қай тақырыпты жазса да, тіпті Тәуелсіздік тақырыбы болсын, жалаң ұрандап, арзан ұйқас қуудан аулақ. Еліміздің өткенін еске сала отырып, терең тағылым айтады. Үшінші бөлімде, яғни «Кешкі сағымда» ақындық пен өлең  туралы толғаныстары арқылы оқырманын өзіне одан әрі баурай түседі. Бұлай болуы да табиғи нәрсе, себебі, оның өлеңді ақын атану үшін жазып жүрмегені байқалады. Тек жыр шабыты қонған соң, маза таппайды: «Жанығып жырға мұңды да мұңсыз бар әлем, Сырдария тұнып, жыр-дария тассын, дала – кең. Жүректі кеулеп, арнасын салса, амал не, Жазбас ем өлең қолымнан келсе, аға, мен… Усойқы сезім ұстаспай тынса санамен, Көп бақыттының бірі болып-ақ қалар ем. Тілімдеп жанды, тізерлеп жырдың алдында, Жазбас ем өлең қолымнан келсе, аға, мен! Мұң ғана кешіп, жырға да есік жабар ем, Делқұлы дүние дертіме қайдан табар ем?! Тілемей қосты толағай сынды Тәңірім, Жазбас ем өлең қолымнан келсе, аға, мен»

Соған орай қолжазба туралы өз пікірімізді жазғанда «автордың ақындығына қолдау көрсету парыз» — деп түйген екенбіз. Бір ғана «Анаға» өлеңін алып қарайықшы: » Соқпақты кешіп сан тарап, Кесімді жолын кең еткен, Аманат-арман арқалап, Асудан асу бел өткен, Күн туса, қия-құз басып, Жыр туса, жасын сел еткен, Қысталаң шақта қыз басын/ Азамат ермен тең еткен/ Асылың кетті алысқа… Жанымды шыңдап жалында, Жаһангер етсе Жер-ана, Даланың рухын дарынға/ Сіңірген сүтпен сен, ана! Қара орман үшін қашанда – Ұл менен ұлтқа тел ана. Асқардан қызың асарда/ Егіле көрме, ер ана, Жұлдызың сенің  ғарышта!»

Анаға өлең арнамаған ақын жоқ. Алайда олардың есте қаларлығы көп емес. Мына өлеңді де сол санаулының қатарына қоссақ, өзгелердің сағы сына қоймас деп ойлаймын. Қолжазбаны разы да көңілмен жабар алдында ақын замандасқа, аса сезімтал әрі сергек поэзия қарлығашына күйректік секілді сезімдерін сәл де болса шаужайлай отырып, «аспанға асықпауын», «қызғалдағын» шығармашылық  адамына тән «жалғыздықтың солдырмауын» тілеп, «таусыла бермей, жаққан шырағын сөндірмеу» үшін — өлеңдерінің кейбір «қышқылтым» тұстарын қайта қарауды ұсыныппыз.

Авторы көрсетілмеген келесі өлеңдер жинағының қолжазбасын да   «оқырман ойынан шығатын сәтті дүние болса» деген тілектес көңілмен қолға алғанбыз. Кітапты эпиграф ретінде үкілеген хәкім Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы…» — деген биік талабы да поэзия шалқарында тербелуден үміттендірген.  Қолжазба автордың «Монологымен» (2-бет) ашылыпты: «Жазбаған соң жастықта жалындаған, Өлең сенде еншім бар алынбаған. Шалқарымен шабыттың суғарамын, Шөлдеріңді ешбір із салынбаған» — деп тебіренеді ол.

Өлең бәйгесіне кештеу қосылса да автордың тілегі таудай және өзіне  сенімі кәміл: «қолдағын, қолдамағын, кездессе де жолдан ағын, қыран боп қомданамын».Алайда,  автор «ағын… ағын» деп ағындата отырып,«қолдағын, қолдамағын, жолдан ағын, қомданамын» деген арзан ұйқастармен шопанның «момын торысын» босқа қамшылап, текке қинайтындай әсер қалдырады. Сол сияқты осы өлеңнің үшінші шумағындағы «ыстықтың, дұрыстықтың, тыныштықтың» деген сөздердегі «екі ыстық пен бір «штықтың» да, немесе төртінші шумақтағы «түлетемін, гүл етемін, жыр етемін» деген «үш етемін» де, Абай тілімен айтқанда, «жасында ескермеудің, қолын кеш сермеудің» салдары ма деуге тура келеді: «қолын дөп сермесе, өстер ме еді?».

Бұдан әрі автор өз сырын түйіндей келе, шығармасының соңғы шумағында  «жарты өмірін дүрмекпеннен» өткізгеніне өкінеді және өлеңге табына тұрып: «құрметтегем, міндеттемем» деп тыңдаушысын тағы да салқын тартқызады. Алайда, бірден үкім шығару білместік болады, шығармашылық адамының бір немесе бірнеше өлеңінің қиюы жараспауы әбден мүмкін ғой. Демек, одан әрі оқимыз, бірақ, жинақта екінші тұрған «Қазақстан – мақтаным» өлеңі де (2,3-б.) мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінде тақпақ оқып тұрғандай әсер қалдырады: «Қазақстан – қасиетті мекенім, Қайтсем сенің қадіріңе жетемін? Өз анасын сүйетін жас сәбидей, Өмір бойы сені сүйіп өтемін!» немесе «Қазақстан – мақтанышым, мақтаным, Арайланып атқан алдан ақ таңым.  Сенің арқаң еңбек етіп алаңсыз, Тыныш ұйықтап ғұмыр кешіп жатқаным», немесе «Қазақстан – атамекен – бесігім, Болашақтың айқара ашқан есігін. Егеменді ел атандың – тәуелсіз/ Бар әлемге таныс болып есімің!».

Несі бар, автордың жоғарыдағы өлеңдері балаларға арналған шығармалар жетімсіздігінің «жыртығын» жамауға жарап қалатындай. Алайда, өлеңге лайық өрнек іздеудің жөні жоқ: үш шумақтағы «мекенім, жетемін, өтемін» немесе «мақтаным, ақ таңым, жатқаным» немесе тағы «бесігім, есігін, есімің» деген ұйқастарға тұшынбақ түгілі ұшынып қалуыңыз мүмкін. Қош делік, «балаларға базарлық» десек, жаңағы тақпақтар кәдеге асатындай. Сол сияқты автордың қолында барынан «базарға шығарар  тәуірін», атап айтқанда, «Біз бақытты  баламыз», «Құлыным», «Бүгін соңғы қоңырау» секілді тақпақтарын балаларға жеке жинақ ретінде ұсынуға болар еді, бірақ бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Сонымен автор балаларды нәумез қалдырмаймын дей отырып, өлең өрімін босаңсытып, пышыратып алып, берекесін қашырады. Мәселен, «Құдалар жырын» (4-б) алсақ: «Құда болдық – қыз ұзатып–қыз алып, Қуанышқа бөлендік қол ұзарып. Күйеу-жүз жыл, Құда-мың жыл» демей ме, Ата-Баба салтын неге бұзалық!?» Ақынның «қыз алып, қол ұзарып» қуана  отырып, «неге бұзалық!?» деп мәймөңкелеуі келісіп тұрған жоқ. Көп-көрім басталған үш ауыз өлеңнің қалған екі аузы «арамыз, барамыз, баламыз» немесе «кеңейіп, көрейік, келейік» деп қолжазбаның басындағы жеңіл соқпаққа бұра береді.

Тағы да оқып қараңыз: «Қыл өтпейтін жақындасып арамыз, Бірте — бірте бауыр басып барамыз. Бақ-береке, қуанышқа бөленіп/ Бір–біріне серік болсын баламыз.  Өсе берсін – өрісіміз кеңейіп,  Екі жастың қызығын тең көрейік.  Ұлды-қызды болсын ұрпақ өсіріп, Жаңа отаудың қызығына келейік». Әйтеуір, осы беттегі «Батырлары қазақтың» атты  төрт шумақ өлеңнің «аяқ алысы»  автор шабыт  тұлпарын енді ерттейтін шығар деген үміт ұялатады. Алайда, «Спортшылар жырының» екпіні сол үміт отын өшірердей жалпылдатып жібереді. Аталған өлеңді оқи отырып шығарма авторын жазба ақыннан гөрі айтыс ақынына ұқсатасың.

Мүшайрада суырып салып  айтылған жеңіл-желпі өлең ұйқастарына кешіріммен қарауға болады. Бірақ, мына толып жүрген «денеміз, сенеміз, келеміз» немесе «мергенбіз, көргенбіз, бергенбіз», «күрескен, тірескен , үлестен» немесе «құйындай, бұйымдай, сыйынбай» деген ұйқастарды өлең деуге ауыз бармайды. Ал, қолжазбаның 7-ші бетіндегі «Қасиетіңнен айналайын, ән мен жыр» өлеңіндегі «атасың, батасың, жатасың» деген, яки «атасың, атасың, атасың» деген арзан ұйқастар киелі өлең сөздің қадірін қашырады. Оқып көріңіз: «Қуанғанда таңым болып атасың, Мұңайғанда күнім болып батасың. Құпия бар алтын сандық секілді, Жүрегімнің түкпірінде жатасың». Осы өлеңнің «бақасың, татасың, жатасың», «батасын, атасын, сақасын» немесе «өнердің, көнердім, көгердім, өнердің», «көнермін, көрермін, шегермін» деп, немесе «жетермін, кетермін, өтермін» деп, автордың өзі айтпақшы, «әсем әнді бақаға бақылдатқандай» нашар әсер қалдырады.

Келесі «Тәуелсіздік – мақтаным» деген өлең де жаңағыдай ұраншыл ұйқастармен «табысым, намысым», «арманым, қармағым, бармағын» немесе «барымсың, арымсың, таңымсың» деп,  тағы да өзі айтатындай, «бармағыңды шайната» жаздайды. Ал, мына бір өлеңді — «Сырқаттың сандырағын» жұртқа тыңдатып, құлағын шулату мүлде әбес. «О, Құдайым! Осы менің жайым!..- деп жаңағы сырқат шағынатындай,  менің де «осы бір қолжазба маған қайдан жолықты» деп, жүрегім шаншиды. Бірақ, тапсырманың аты – тапсырма. Әуелгі үмітімнің ақталмағанына өкіне отырып та  сараптаманы оқыған жанға күмән қалдырмауым керек: автордың «Әкеме хат» өлеңін оқып көрелік. Мынау өмірде, қанша жалған десек те, ата-ананың орны ерекше екені түсінікті. Өлең «Мына-ау қызық жалғанның көркі кетіп, Ұлыңды – шал, қызыңды – кемпір етіп. Жалғыз үй айдалада отырып ап, Біздерді қойғаның ба тентіретіп» — деген түсініксіздеу шағыммен басталады.

Рас, әкеміздің ауылда жападан-жалғыз қалғаны жанға батады. Алайда, өлеңнен ақсақалдың балаларының қалада үйсіз-күйсіз жүргеніне, ал оларға септесуге әкелерінің  жағдайы жоқ екеніне қанығамыз. Ендеше ақын баласы қанша ренжіп, тіпті әкесіне «қарабасып» деп тіл тигізсе де, шалдың жалғыз қалғаннан басқа не шарасы бар?! Ол аздай ақын баласы «үйім болмай, күйім болмай, қиын болмай» деп қара аспанды төндіреді. Одан әрі «емес, елес, емес» немесе «алмаймын, алмаймын, алмаймын» деп шырқырайды. Өзіңіз оқып көріңіз: «Табысым жалғыз менің жетер емес, Арманым алдырмастай етер елес. Болжаған болашағын жаман балаң, Өлгенше Алматыдан кетер емес. Үйіңе жаяу жүріп жете алмаймын, Күн жауса саз-балшықтан өте алмаймын. Болған соң, туған әке, туған шеше,  Қол сілтеп безіп мүлде кете алмаймын». Сөйтіп автордың жыр бұлбұлын, өзі өкінетіндей, «ұшыра алмай, түсіре алмай, түсіне алмай» қалған жайы бар.

Асылы, өлең деген, хәкім Абайдың талабы тұрғысынан қарасақ, оны оқыған адам самал желпіп өткендей сергіп, топ бастардай серкеленіп,  бұлақтың сыбдыры мен қамыстың сыбырына еліткендей әсерге бөленсе керек. Небір теңеу сөздер (эпитет, метафора, метонимия және басқасы)  күйбең тірліктен езіліп, жаншылғанның еңсесін тіктеп,  жарыққа жетелесе абзал. Демек, той —  мереке дегеніміз, сондай шуақты да шырайлы сәттердің бірі. Ақынның «Құтты болсын қыздардың мерекесі» (11-б) деген ақ тілегіне қосылып көрелік: «мұз-қардың, ызғардың, қыздардың» немесе «апанның, атанның, апаңның» деген солақай ұйқастар тағы да алдымыздан кес-кестейді. Бәлкім, ақынның жорғасын, оның «Мерейтой жыры» түзер ме екен? Оқып көрелік: «Сұңқарларым көкке қанат сермеген, Тұлпарларым қолдан бәйгі бермеген. Сананы езген сағынышты басайық, Сырды ақтарып көкіректі кернеген», «Өтті күндер жүрек қылын тербеген, Өкініш көп жанға маза бермеген!.. Туған күнді тойлағанмен жыл сайын, Талай боздақ мерейтойын көрмеген» немесе «Бұрын-соңды әулетінде өтпеген, Достарының басын қосып көптеген, Бір той жасау әр адамның арманы, Өмір бойы көкейінен кетпеген».

Өлең өлкесінен кен іздеген бізді қаптаған «ген» тікен қадалғандай тітіркентеді: «сермеген, бермеген, кернеген», «тербеген, бермеген, көрмеген» немесе «өтпеген, көптеген, кетпеген», яки ептеген, септеген ұйқастарды өлең дегені ме? Бұл аз десеңіз, келесі шумақта автор оқырманын «жете бермес жетесіздің жетесі», яки «жете, жете, жете» деп жетелей жөнелмек болады. Ондай зорлыққа әзірге мен ғана көніп отырмын, ендеше бұған автордың өзі айтпақшы «Кім кінәлі, маңдайымыз тар болса,.. басың баққа зар болса!?». Пәлі, одан әрі «көрсетерің бар болса!?» дейді тағы да, көрешегіміз алда болғаны да? Міне, «аспаныңа, қаспағына, қаспаныңа» деп құйқылжытқан «Ауылды аңсау» атты өлеңінде ақын елдегі жиырма үш жақын-жуығына жырдан сәлем жолдайды. Жалпы, қолжазбада жеке адамдарға мадақ айту түріндегі арнау өлеңдерге де біршама орын берілген.  Мәселен, «Сағындым достарымды» өлеңінде бағанағы жиырма үш адам өз алдына автор тағы қырық төрт досының құлағын шулатады.

Қолжазбаны осылайша рет-ретімен, беттерін санамалай оқып келеміз, бұл да үміткердің «аяғына жем түскен аттарына» ғана құрық салғандай болмайық дегеніміз. Бірақ, үйірінен қара үзіп кететін «жүйрігі» тым аз. Тіпті, әуелгі екпінмен алға шыға шапса да, екі-үш төбеден аса алмай, барлығып қалатын «ақмылтық жануарлар». Жинақтың «Қасиетті мекенім» атты екінші бөлімі, өзінің аты айтып тұрғандай, автордың туған жеріне арналған өлеңдерден құралған. Олар «Туған жер – алтын бесік», «Шелегім», «Сайраным, менің Сайраным» өлеңдері перзенттік сезімді төгілтуге тырысады. Бірақ, олардың да сапасы ала-құла және қолжазбаның бас жағындағы өлеңдерінің жолын құшып, арқандаулы аттай, жеңіл ұйқастан ұзай алмайды. Мәселен, тағы да  сол «шақтарым, алшақтадың, самсап бәрің, аңсап бәрін» деп кете барады, әйтеуір аңсайды екен «бәрің, бәрін» дей бермей, «жасың, кәрің» дегені тәуір еді. Немесе екінші шумақтағы «бесігінде, есігінде, есіміңде, осы күнде» деген ұйқастарда не мән бар?

Ал, «Шелегім» туындысындағы мына бір шумақтардың «Шелегім, желегің, келемін», «Шелегім, керегім, кем едің»  немесе «Шелегім, ел едің, бел едің», «Шелегім, сен едің, деп едім» ұйқастары кімді тұшынта алмақ? «Сайраным, менің сайраным» өлеңінде автор «жазығы, азығы, қазығы», «аспанда, басқанда, шашқанда» немесе «гүрілдеп, уілдеп, дірілдеп», «сабада, табада, бала да», «сағада, жағада, аға да» боп барды-жоқты «ада, ада, ада» деп, адақтап кетеді. Жалпы, бұдан әрі кездесетін «Ерейментау», «Балалық шаққа саяхат» шығармалары да орташа ғана арнау өлеңдер. Қазір «тойдың әншілері, тойдың әндері деген» түсінік бар. Бұл жаңағыдай өнер иелеріне көрермен мен тыңдарманның берген бағасы, яки одан жоғары қошеметті қимағаны. Біз де мына қолжазбаның авторын той мен мерейтой иелеріне арнау өлеңдер шығаратын «тойтөрі» десек, артық айтқандық емес. Әрине, «Даусыңды естіп»  (32-б), «Түсімде» (33-б), «Сағыныш сазы» (34-б), «Сен менің жаным да сен» (37-б) секілді өлеңдері назар аудартады. Соған қарап  бұрын баспа бетін көрген «жинағы да жоқ екен», жолы болсыншы деп тілейсің.

Алайда, автордың «Жинағым жоқ» және басқа шығармалары оның туындыларының дәреже-деңгейін ашып береді. Өзіңіз оқып қараңыз: «Келгенімен қолтаңбамды сыйлағым, Жоқ боп тұр-ау жеке шыққан жинағым. Жасайық деп жастарменен кездесу, Тілепалды қинадың-ау, қинадың. Өлең-жырдың болса биік шоқтығы, Тұтап-ақ тұр шабытымның оттығы. Өлең де бар, ән мен күй бар қоржында, Қол байлап тұр, қаражаттың жоқтығы». Мұны аз десеңіз, осы өлең  «созғанменозғанмен, қозғанмен» боп түйінделеді. Сол сияқты жинақтың ішінара «Лирика» бөліміндегі өлеңдер (оның тәуірлерін жоғарыда айттық) болмаса, басқа: «Кесірі кейбір кезеңнің», «Замандастар», «Қазыналы қарттарым», «Бірқақбайлар», «Дос тілегі» бөлімдеріндегі өлеңдердің дені мерейтойлық арнау мен тілек сөздерден құралған және көркем әдебиетке қойылар талаптан төмен жатыр: суретті сөз де, терең ой да тапшы.

Дегенмен, қолжазбаны жаппас бұрын «Көнекөз қарттар-ай», «Босын деп ашық аспаным» өлеңдерін бірге отырып, тағы оқып көрелік. «Көнекөз қарттар-ай»: «Қайран менің көнекөз қарттарым-ай, Құрметпен еске түсер аттарың-ай! Төңкеріс, ашаршылық, қуғын-сүргін, Соғыспен өтті-ау жастық шақтарың-ай». Тағы да сол «тарым-ай, тарың-ай, тарың-ай», бұған өз тарапымыздан  «таусылса не дейсің айтарың-ай» деп қосудан басқа амалымыз жоқ. Келесі «Болсын деп ашық аспаным» өлеңі де тағы да сол толып тұрған «тарым, тарым, тарың». Өзі үш шумақ қана, қараңыз: «Қадірлі менің қарттарым, Мәуелі жеміс бақтарым. Таңбадай тасқа жазылған, Ерлікке толы аттарың. Құрметті менің қарттарым, Тарих жастық шақтарың. Күреспен өткен өмірі/ Болсын деп ашық аспаным. Аяулы менің қарттарым, Өздерің мәңгі, мақтаным. Көздеріндей көненің, Сиремесін саптарың!».

Қолжазба туралы өз пікірімізді жаза бастағаннан-ақ қаламгер болған соң, қалам ұстағанның бәріне тілекшіміз дей отырып та,  «жауырды жаба тоқудың» қолымыздан келмейтінін бірден айтқан жөн. Өйткені, жасық өлең бәйгеде алға шықса, озықтың бағы байланбақ! Оның үстіне, тіпті, қазіргідей қысталаң шақта бұл қаржы шашу емес пе? Бәрінен бұрын оқырман күткен кітаптар шетқақпай көреді. Ал, елімізде дарынды жастар қаншама, олардың жазған өлеңдерін оқыған саналы жан өзінің шикілі-пысылы дүниелерін баспаға қалайша ұсынбақ?! Автордың өзі айтпаса, біз мұны түсінбедік.

Болат Жүнісбеков, 

Халықаралық «Алаш» әдеби 

сыйлығының лауреаты, жазушы