«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-1020 жылдарға арналған бағдарламасының» жобасын республика Үкіметінің қарауына ұсынатын күн жақын. Аталмыш құжатты талқылау барысында редакция қоржынына түсіп жатқан ой-пікірлер еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілінің өз мәртебесіне лайықты орын алуы толғағы жеткен мәселе екендігін діттей түседі.
Бүгін назарларыңызға Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Шәуеев Азат Сәдіметұлымен сұхбатты ұсынып отырмыз.
— Сіз жетекшілік жасайтын қордың, өзінің аты-ақ айтып тұрғандай, Елбасы бастамасымен құрылғаны мәлім. Өткенде «Караван» апталығында жарияланған сұхбатыңызбен танысқан оқырмандардың екі мыңнан астамы осы газеттің электронды сайтында өз пікірлерін білдіріпті. Бұл Қордың жұмысына деген қызығушылықты көрсетеді. Олай болса, ең алдымен,өз ұжымыңыздың мақсат-міндеттерімен таныстыра отырсаңыз?
— Тіл, өзіңіз білесіз, қоғамдық қатынастардың барлық саласымен, олардың өзгерістерімен тығыз байланыста дамитын құбылыс. Сондықтан оны әлеуметтен, қоғамдық ортадан бөліп қарауға болмайды. Халықтың байланыс құралы ретінде тілге деген сұранысы болмаса, әлеумет оны қолданбаса, кеңінен пайдаланбаса тілдің өркен жаймасы да анық. Мемлекеттік тілді дамыту қоры жанашыр қауымның сол ынта-ықыласын қолдап, демеу болу мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен 2008 жылдың аяғында құрылған болатын. Жұмысымыздың басты бағыт-бағдары – республика аумағында және шетелдерде қазақ тілінің дамуына бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, мемлекеттік сана мен отансүйгіш сезімді нығайту, қазақ елінің рухани-мәдени жетістіктерін насихаттауға ықпал ету. Осы мақсатта қазақ тілін үйренушілерді ынталандыру және қазақ ұлты мен оның тілінің мәртебесін көтеруге көмектесетін кешенді іс-шаралар өткізу көзделеді. Сөз орайында бір атап айтатын жай, Қор қазақ тілін дамытумен айналысатын бұрыннан бар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметін қайталамайды. Алғаш құрылған жылдың өзінде біз тіл жанашырларының 40-тан астам бастамасының жүзеге асуына қолдау-көмек көрсеттік. Қор қаржыландырған жобалардың қатарында қазақтілді интернет-сайттардың ашылуын, қазақ тілін үйретудің авторлық бағдарламалары мен оқыту әдістемелерінің, бұрын жарық көрмеген әдебиеттер мен сөздіктердің әзірлеп шығарылуын және бұқаралық насихатты өрістетуге байланысты іс-шаралардың ұйымдастырылуын атап өтуге болады.
- Биылғы жылы Қор ұжымы ана тіліміздің өрісін ашып, абыройын асыру үшін қандай шаралар атқаруда?
Теңіздің тамшыдан құралатыны белгілі. Үстіміздегі жылы Қор ұжымы жұртшылықты ортақ іске жұмылдырып, ізгі істерді игілікке айналдыруда бірқатар бұқаралық шаралардың жүзеге асуына мұрындық болды. «Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі әдістемелерінің» республикалық байқауы сол кешенді жұмыстың бір саласы ғана дер едім. Сол секілді еліміздің өміріндегі атаулы оқиғаларды мақсатымызға сай орайластырып: «Ұлан» балалар газетімен бірлесіп Ұлы жеңістің 65 жылдығы мен алаштың аты аңызға айналған қаһарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбында мектеп оқушылары шығармаларының байқауын өткіздік. Бұған қоса біз қазақстандық жастардың Монғолияның Баян-Өлгей аймағының құрылғанына 75 жыл толуына ұйымдастырылған сапарына, жастарға арналған білім беру инновациялық лагерінің ашылуына, жас тілшілердің «Қаламгер-Азамат» үшінші республикалық форумының өтуіне қолғабыс жасадық.
Жақында «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясында «Қырағы көз!» айлығының басталуын жарияладық. Іс-шараның мақсаты — халық тұтынатын тауар өндірушілерді мемлекеттік тілді құрметтеуге шақыру, қоғамды тіл тазалығы жолындағы жұмысқа тарту, тауар этикеткаларында қазақ тілінде берілген ақпараттың қателерін табу, олардың сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал ету, тіл нормасы мен мәдениетінің сақталуын қамтамасыз ету.
Тауарлардағы ақпараттың қазақшалары қате жазылатыны құпия емес, бұл өз кезегінде тұтынушылардың намысына тиіп, ашу-ызасын келтірері анық. Енді осы іске тартылған волонтерлар тауарларында қазақ тілінің грамматикасы мен құрылымдық ережелерін бұрмалап, орыс тілінен өрескел қатемен аударған тауар өндірушілерді анықтауға кіріседі. Бұл акция арқылы тауар өндірушілер мен сауда жүйелері иелеріне тұтынушыларға арналған ақпараттың сауатты әрі ұғынықты жеткізілуіне баса назар аударуын ескертеміз». Акция бір ай бойы жүргізіледі, барлық сауда орындарының сөрелеріндегі өнімдерде жазылған ақпарат тексеріліп, қазақ тіліндегі қателіктер анықталған жағдайда сол тауарды өндіруші мекеме баршаға жария етілмек.
Ұялы телефондарға және балаларға ар¬налған тіл үйретуші компьютерлік ойындар, бүлдіршіндер мен мектеп жасындағы жеткіншектер үшін әр алуан теле-радио ойындар мен бағдарламалар, мультипликациялық фильм¬дер, ба¬лаларға арналған көркем әде¬биеттер шығаруды, интернет жү¬йесіне қосылатын жобалар мен бейнероликтер әзірлеу алдағы жоспарымызда бар.
- Тілдерді дамытудың алдағы 10 жылға арналған бағдарламасында көтерілген мәселелер Сізді қанағаттандыра ма?
— Бағдарлама бойынша барлық шаралардың мемлекеттік тілдің басымдығы басшылыққа алына отырып атқарылатыны құптарлық жайт. Мұндағы басты мақсат – ұлт бірлігін нығайтудың алғышарты ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданылуын қамтамасыз ету, тіл саясатын үйлесімді жүзеге асыру. Жобада алда тұрған аса ауқымды жұмыстың төрт басым бағыты айқындалып, мемлекеттік тілді дамыту жолындағы іс-шаралардың мақсаты, негіздемелері, күтілетін нәтижелері мен көрсеткіштері байсалды тиянақталған.
Ал, бағдарламаның мемлекеттік тіл мүддесін қорғайтын нормативтік-құқықтық құжат ретінде ұзақ мерзімге, 10 жылға арналғанын ескерсек, мұнда белгіленген іс-шаралар мән-мағынасына тереңірек үңілуді, кей тұстарда толықтыруды, нақтылауды қажет етеді деген ойдамыз. Сондықтан да жоба қолымызға тиісімен-ақ біз өз ұсыныстарымызды жинақтап, Тіл комитетіне жолдадық. Солардың бірқатарына тоқталып өтейін. Мәселен, мақсаттық көрсеткіштерде «мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі іс жүргізу көлемін 100 пайызға дейін жеткізу көзделеді» — делінген. Сонда республикадағы мемлекеттік органға жатпайтын өзге ұйымдар мен мекемелердегі қазақ тілінің жай-күйі қалай болмақ? Біздіңше, бұл сөйлемді «меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер мен ұйымдарда (шаруашылық субъектілерінде, оның ішінде ұлттық компаниялар мен қаржылық ұйымдарда)» — деп көрсету керек.
Көп ретте мемлекеттік тілді дамыту деңгейін құрғақ мониторинг нәтижелеріне сүйеніп, сертификат алушылар санын нақтылап, статистикалық мәліметтерге арқылы анықтап жатамыз. Соның салдарынан міндеттің ең маңыздысы – сапалық, яғни тілдің қолданымдық жағы, алған білімді іс жүзінде пайдалана білу талабы назардан тыс қалып жатады. Сондықтан, тек есептілікке жүгінбей, жұмыстың сапалық жағын тексеруге де көңіл бөлінгені дұрыс.
Және де бірқатар жұмыстардың атқарылу мерзімін кейінге қалдырып, ащы ішектей соза берудің де жөні жоқ деп ойлаймыз. Бүгін атқаруды қажет ететін шаруа ертеңге қалған соң өзектілігін де жоғалтуы мүмкін.
- Сіздіңше мемлекеттік тілді дамыту үшін қандай шараларды бірінші кезекте қолға алу керек деп ойлайсыз?
— Ең алдымен, меніңше, «қазақ мемлекеттігі» қағидатын қазақстандықтардың бүгінгі ғана емес, келешек ұрпағының санасына мықтап сіңіру керек. Себебі, бұл тұжырымның елдегі ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауда маңызы ерекше. Мемлекетіміздің барша азаматы көптеген қайғылы оқиғаларды бастан кешіп, аса ауыр сынақтардан аман өте отырып төл мемлекетін құрған қазақ халқының тарихи миссиясын сөзсіз қабылдауы және оның төңірегіне топтасуы парыз.
Ал, ұлттың рухы халық санасының бір бөлігі болып табылатын дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке және бүгінгі әңгімеміздің арқауы тілге сүйенеді. Енді бұдан былай мемлекеттік тілді меңгеруді «…әркімнің парызы мен міндеті» — деп, сөзбұйдаға салмай, тікелей міндеттеу қажет.
Жаһандану заманы, баршаға мәлім, елдер мен ұлттарға аса қатал талап қоюда. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий өткен жылдың аяғында мынадай мәліметті жариялады: «Ширек ғасырдан кейін орыс тілі әлемдік тіл мәртебесінен айырылады, себебі орыс тілінде сөйлейтіндердің саны екі есе азаяды. Ал, он жылдан соң француз, хинди, араб тілдері орыс тілін баса озып, осы тілдерде сөйлеушілердің саны көбейеді». Бүгінгі күні әлемнің 300 миллионға жуық тұрғыны орыс тілінде сөйлейтінін ескерсек, ана тіліміздің жайы еріксіз жанға батады. Мәселен, қазір адамзат 5,5 мыңнан астам (5651) тілде сөйлейді десек, ғалымдар тарапынан алдағы жүзжылдықта оның 600-і ғана қалады деген болжам айтылуда. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, барлық тілдің 96 пайызында планета халқының 4-ақ пайызы сөйлейтін көрінеді. Ай сайын екі тіл немесе екі аптада бір тіл жойылып отырады екен.
Осы тұста өз құндылықтарын, туған тілін жоғалтпайтын, бәсекеге дайын ұлт қана өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қала алады. Мәселенің тереңіне бармай-ақ, істі қарапайым нәрселерде де бастасақ болады. Республика бойынша қоғамдық көліктерде мемлекеттік тілде хабарлама жасап, барлық әлеуметтік жарнамаларды, әсіресе мекемелердің маңдайшаларын, көшелердегі көрнекіліктерді тек қана мемлекеттік тілде жазуға көшетін кез баяғыда жетті. Мәселен, «кафесі, кафе» деп қосарлас жазу сорақылық емес пе?! Сол сияқты нан мен майдың не екенін түсінбей, ешкімнің аштан қалмасы анық.
- Мемлекеттік тілге деген жұртшылықтың ынта-ықыласын арттырудың жолы қайсы?
— Біріншіден, қазақ тілі өмірлік қажеттілікке айналуы тиіс. Ол үшін Тіл саясатындағы барлық заңнама талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Екіншіден, ана тіліне қазақтың өзі жанашыр болғаны абзал. Бұл арада мемлекеттік тілді өркендетуге, оның мәртебесін көтеруге тек билік басындағылар жауапты немесе бұл құзыретті мекемелердің ғана міндеті деп қарау жаңсақ пікір деп ойлаймын. Жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір азамат қазақ тілін білмейтін өз әріптесін, жиі араласып тұратын жолдасын, туысын, көршісін, ал студенттер мен оқушы жастар курстасын, сыныптасын, досын, құрбысын үйретсе, қазақ тілін білмейтін азаматтардың басым бөлігі бір-екі жылда ауызекі сөйлесуге жарап, кейіннен қазақша газет оқып, теледидар көруге де ынталанар еді деп ойлаймын.
Бірақ, амал не, алаштың арыстары халқын оятқанымен қазақ әлі де болса ұйқылы-ояу сияқты көрінеді маған. Сосын көзімізді ашқанымызбен, есінеген қалпы керіліп, созылып, марғау күн кешудеміз. Ойлануымыз көп, бірақ қарекетке көшетін күн туды. Себебі, Қазақстанда тұратын сан алуан ұлыс өкілдерінің басын біріктіретін күш – қазақ халқы. Ал, халықтың күші де, байлығы да тілде. Барлық рухани, мәдени құндылықтарды сақтап, ұрпақтан ұрпаққа, ХХІ ғасырға аман алып жеткен ұлы құндылық – тіл, қасиетті қазақ тілі.
Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тіл дегені¬міз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағды¬ры емес, бүрсігүнгі де тағдыры», – деп тағылым айтады. Сондық¬тан да қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлт¬тық сана биіктігіне көтерген жөн. Қазір заман басқа, заң өзге. Біз де соған лайық, заман талабына сай ба¬ғыт ұстанғанымыз жөн. Қазаққа ендігі жерде жөнсіз айтыс-тартыстан гөрі, таңдау жасау қажет. Таңдау – қазақ тілі. Қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласындағы қолданысын қамтамасыз ете алатындай жағдайға жеткізу керек. Біз бұған табиғи жағдай ретінде қарауымыз керек. Өйткені жер өзіміздікі, ел өзіміздікі, тіл өзіміздікі. Өзара күреске күш шығындағанша, сол кү¬шімізді, қуатымызды елдігімізді, оның ішінде тілдік нығайтуға нығайтуға жұмылдыру парыз. Бүкіл қазақты, барша жұртты біріктіретін, тұтастыратын жағын ойлауымыз керек. Осыған қазақ ұйытқы болатындай мәселені назарға алайық. Біз әрқайсысымыз осындай психология қалыптастыруымыз және соған күш салғанымыз абзал.
Сұхбат соңында барлық тіл жанашырларын ертеңгі Тілдер мерекесімен құттықтаймын!
Әңгімелескен — Өтеш Қырғызбай
/Алматы Ақшамы қоғамдық-саяси газеті/