Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің еңсесі бекіп, аяққа тік тұруына елеулі еңбек сіңірді. Елдіктің негізі бірлігімізді нығайту үшін бір шаңырақтың астында жүзден аса этнос өкілдерінің ұйысып, тірлік етуін қамтамасыз етті. Өйткені Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін түрлі жағдайлар болып, ұлтаралық қақтығыстар да тіркелді. Сондай қиын кезеңнің өзінде Қазақстан халқы ауызбіршілігінен айнымады, ішкі татулығын сақтап қалды.
Тұңғыш Президент үлкен сеніммен іргесі берік, бірлігі бекем, көпэтносты мемлекет құратынымызды айтқан еді. Бүгінде ол да орындалды, уақыт куә. Елбасы саясатының, ел татулығының арқасында Отанымыз Қазақстан гүлденіп, өзгелермен терезесі теңесіп, әлем елдерінің көшбасшылары санасатын ел болды, аты жаһанға жайылды. Жаңадан құрылған мемлекеттің бойтұмары болып, бәйтерегімен бойын тіктеген айшықты астанамыз салынды. Осы жылдар ішінде Қазақстан дамуының бірнеше стратегиясы қабылданды. Алғашқы «Қазақстан-2030» стратегиясы, кейіннен қабылданған 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы – барлығында бірінші қойылған мәселелердің басында ел халқының тұрақтылығын сақтау, ұлтаралық келісімді арттыру бағыты тұрды. Дамудың даңғыл жолына бастаған бұдан басқа да салмақты бағдарламаларда ең алдымен осы тату-тәтті тірлігіміздің тірегі ынтымағымыздан ажырамауымызға баса көңіл бөлінді.
Осы бағыттағы бастамалардың ұйытқысы болып, Елбасының тікелей бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің өңір-өңірде құрылған елу шақты этномәдени бірлестігі бар. Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тапсырса да, Ассамблея Төрағалығын өзі жүргізіп, осы күнге дейін мемлекет қалыптастыру жылдарында жинаған бай тәжірибесі, кемеліне келген кісілік келбеті, қиядағыны тани білетін даналығы, келешекті көре білетін көрегендігі Қазақстандағы келісімнің кетеуін кетірмей, құлашын кең сермеуіне жол аша береді.
Ассамблеяның сайлау сайын құрамы өзгеріп, толықтырылып отырады. Соның ішінде біздің армян, неміс, чешен, украин, тағы басқа этностардың өкілдері бар. Олардың әрқайсысының өзіндік орны бөлек. Этностар ұлтаралық мәселелерді Парламент деңгейінде көтереді. Соған сәйкес заңға қажетті өзгерістер болса ұсыныс тастап, этностар өкілдерінің мүддесін қорғау жолында әрекеттенеді. Нәтижесінде осы жылдар ішінде ұлтаралық қарым-қатынасқа сына қағатын шиеленісті түйткілдер болған жоқ. Осы тұста мына нәрсені айту керек: елімізде этнос өкілдеріне барлық мүмкіншілік жасалған, оқуға түсу, білім алу, қызмет істеу жағынан қолдау көрсетіліп отырады. Сондай-ақ ұлттың әдебиетін, мәдениеті мен өнерін дамыту жолындағы шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Балаларына, жастарына тіл үйретіледі. Басқа мемлекет-терді білмедім, бізде корей ұлттық театры бар, ұйғырлар мен немістердің театры бар. Бұл да – ұлт мәдениетін арттыруға арналған игілікті іс. Ешбір этнос өкіліне ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ, әрқайсысы Қазақстанның толыққанды азаматы, заң ортақ, құқық ортақ. Әрине, біз осы бағытты әрі қарай жалғастырып, дамыта түсуіміз керек.
Қай елде тұрғысы келеді – әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ қазақстандық этнос өкілдері осында тұрып, өсіп-өнгісі келеді, Қазақстанды өз Отаны санайды. Тіпті атамекеніне оралғандар да қазақстандықпын деп мақтанышпен айтып жүреді. Биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында этностар арасындағы достықтың жаңа деңгейге көтерілгенін байқадық. Мәселен, тарихи Отанына көшіп барған қазақстандықтар шет мемлекеттермен Қазақстанның әріптестік байланысын күшейтуге септігін тигізіп жатыр. Олар біздің елге шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстарына белсенді араласып, туған жерлерінің түлеуіне зор үлесін қосуда. Осындай іс-шаралардың жұмысын енді жаңадан құрылатын Ассамблеяның шетелдік достары клубы одан әрі ілгерілете түседі деп сенемін.
Бұған қоса бұл сессияда ерекше назарымызды аударғаны – қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің көбейгені. Отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген құрметі жыл сайын арта түскені қуантарлық жайт. Балаларын қазақ тілді мектептерге оқуға беріп жатыр. Елінің ертеңіне үлес қосамын деген, елінің болашағын ойлаған жан, әрине, сөйтеді. Бұл – үлкен белес, Қазақстандағы ұлтаралық саясаттың дұрыстығының көрсеткіші.
Осы ілкімді істерден түйген ойым, қазақ тілі еліміздегі 130-дан аса этнос өкілінің тату-тәтті, түсіністікте өмір сүруіне, олардың басын біріктіріп, бір ошақтың басында ұйыстыруға жетелейтін таптырмас құрал екендігін айқындап тұр. Бұл – біріншіден, кезінде көпшілігі осы елден пана тауып, қамқорлығын көрген бауырларымыздың қазақ халқына деген пейілі, шынайы ықылас-сыйластығы болса, екіншіден, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, мемлекет тіліне деген баға. Әрине өзіміздің кейбір қаракөздеріміз ана тілімізді өгейсітіп жатқанда өзге этнос баласы мәртебесін арттырып, аясын кеңейтіп жатса, мерейіміз тасып қалады. Бүгінде қазақшаға судай ағып сөйлейтін этнос өкілдерінің қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да егжей-тегжейлі біліп тұрса, таңғалмайтын болдық. Алалықтан, алауыздықтан бойын аулақ ұстап, бірауызды болуға бейілді осыншама этнос өкілінің бір шаңырақ астында берекелі, бейбіт күн кешуіне мемлекет бар жағдайды жасауда, аянып қалып жатқан жоқ. Ал қазақ тілінін қасиетін ұғынып, қадір тұтқан ағайынға біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ендігі жерде мемлекет құраушы ұлттың тілі бар халықтың басын біріктіретін қуатты қаруға айналуы керек. Бұл – біздің кемел келешегіміздің кепілі.
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
Дереккөз: https://egemen.kz/article/203407-memlekettik-tildi-menhgeru-birligimizdi-nyghaytady