Жуырда Елбасымыз барша қоғамның талқылауының нәтижесінде əзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасымен танысып, Үімет пен қоғам мүшелеріне осы бағыттағы шараларды, оның ішінде халыққа түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Яғни, Президентіміз баршамызды латын әліпбиінің осы соңғы нұсқасын тағы да қызу талқылаудан өтізуге шақырды. Сондықтан да ендігі кезекте осы тарихи маңызды мәселеден тыс қалмай, мүдделілік танытқан барша зиялы қауым мен тілші-ғалымдардың осы соңғы нұсқаны тағы да бір сараптаудан өткізіп, тиісті жұмыс тобына өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдауына мүмкіндік туып отыр.
Менің ойымша, соңғы нұсқа алдыңғыға қарағанда ұтымды, әрі ыңғайлы, төл дыбыстарымыздың барлығы қамтылған, ең бастысы, қолданыстағы пернетақтамызды да ауыстырудың қажеті жоқ.
Ал, жалпы айтқанда, латын әліпбиіне өту арқылы біз үлкен тілдік реформа жасаймыз. Алдағы кезең ұсынылған нұсқаға қазақ тілінің табиғаты мен заңдылықтары тұрғысынан, орфографиялық, орфоэпиялық ережелеріне икемділігі жағынан талдау, талқылау жүргізілетін кезең болмақ. Және де бекітілетін соңғы нұсқа тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алатындай, тіл үйренушілердің қазақ тілін еркін меңгеруіне оң ықпал жасап, келешегіміз қазақ тілінде сауатты жазып, еркін сөйлейтіндей болуы шарт. Сонда ғана бұл маңызды қадамның игі іске айналары сөзсіз.
Латын әліпбиіне көшу – ұлттық мүддемізді қорғаудың басты тетігі. Елбасы бастамасымен көтерілген бұл игілікті істе әлемдік тәжірибелер, ішкі және сыртқы тарихи-саяси жағдайлар ескеріліп, бізді осындай қадамға алып келді. Және де ұлттық санамызды жаңартып, қоғамға рухани серпін беріп, заман көшіне ілесуге жасалған игі қадам деуге болады. Латын графикасының маңызы, бүгінгі әліпбиімізге қарағандағы тиімділігі мен оңтайлылығы ғалымдар тарапынан толық зерделенді деуге болады. Жүргізілген ғылыми зерттеулер мен салыстырулар көп ұтатынымызды көрсетіп отыр.
Ең алдымен Елбасымыз айтқан «Ұлттық кодымызды» сақтау үшін және шетелде тұрып жатқан қандастарымызбен қарым-қатынасымызды жақсарту жолындағы маңызды шешім. Екіншіден, интернеттің кеңінен қолданылуы, халықаралық деңгейдегі сапа, талап тұрғысынан алғанда латын әліпбиі жаңа технологияларға жол ашары анық.
Жалпы, латын әліпбиіне көшуді біз қуанышпен қабылдадық. Олай дейтінім, бізге елімізден тыс жерлерде тұратын қандастарымыздан, әсіресе, олардың жастар қатарынан көптеген өтініш хаттар түсуде. Қазақ тілін үйрену үшін біздің портал қызметіне жүгінетін шетелдік қазақтар орыс тілін, кириллицаны білмей қиналатындықтарын алға тартады. Сондықтан олар «Soyle.kz» порталының ағылшынша-латынша нұсқасын жасауымызды өтініп отыр. Латын әліпбиінің нұсқасы бекітіле сала біз де өз тарапымыздан «Soyle.kz»порталының ағылшынша-латынша нұсқасын жасап, шетелдердегі қандастарымыз бен өз жастарымызға қазақ тілін латын әліпбиімен үйретуді қолға аламыз.