Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Еліміздің саяси кеңістігінде танылып қалған тұлға

18 Қыркүйек 2009 | 6:16

Берік Әбдіғалиев еліміздің саяси кеңістігінде танылып қалған тұлға. «Мемлекеттік тілді дамыту» қорының директоры болғанына бір жылдан асқан Берік мемлекеттік қызметке саясаттанушы мамандығымен араласқан болатын. Осыдан біраз жыл бұрын «Ақжол» демократиялық партиясының орталық аппаратында жетекшінің бірінші орынбасары қызметін атқарған ол мемлекеттің дамуына қатысы бар ұлттық бағдарламаларды талдап, сараптайтын мақалалар жазып жүргенін көзіқарақты оқырманға жақсы біледі.
Әсіресе оның ұлтымыздың мүмкіндіктеріне, кемшіліктеріне жасаған пайымы өзіндік көзқарасымен ерекшеленеді. Саясаттанушының бүгінгі Қазақстан, мемлекеттік тіл, ұлттық рухқа қатысты пікірлерін «Ұлттық рухымыз биік болсын» деген сұхбаттан оқи аласыздар.
Берік Әбдіғалиев,
«Қазақ алманағының» бас редакторы, саясаттанушы
«Ұлттық рухымыз өршіл болсын»
— Сіздің ұлттық идеяға, біртұтастыққа, төлқұжаттағы «Қазақстандық» атауына қатысты ой-пікірлеріңіз жарық көріп келеді. Ойларыңыздың бәрін дерлік қолдауға болатындай. Тек көрегендігі шамалылар ғана болмаса есі дұрыс адам ұлттық мүддеге бағытталған ой-пікірлеріңізді қолдайды. Дегенмен сіздің ойыңызша, өткен шақпен салыстырғанда қазіргі қазақ мемлекетінің болашағы қандай болмақ?
— Еліміздің болашағын ойша болжау үшін алдымен бүгінгі күн тәртібінде қандай мәселелер тұр дегенге жауап берген дұрыс болар. Ондай өзекті мәселелердің ең алғашқысы ұлттың тұтастығы. Біздің қазіргі көптеген қиындығымыз ұлт тұтастығының жоқтығынан болып отыр. Ұлттық тұтастыққа әсер ететін бірнеше факторлар бар. Біріншіден, ауылдан келген қазақ азаматын қала орысқа жақын қылып шығарады. Жоқ дегенде білім алуға, жұмыс істеу үшін ауылдан жеткен зиялы баласының бойына бір орасан машина секілді орыс қылығын, ұғымын сіңіріп шығарады. Негізі алғанда бұл тек орысқа ғана емес, жалпы батыс мәдениетіне тән нәрсе. Яғни, қалалық мәдениетке. Ондай мәдениетте түрлі кемшіліктер – нашақорлық, жезөкшелік, бала тууды шектеу, азаматтық неке секілді қоғамның түрлі дерттері дамып отырады. Мысалы біздің қалаларымыздың бәрі түгелдей қазақша сөйлеп кетсінші осындай дерттер де қазақилыққа ауысады. Мұндағы менің айтайын дегенім, бізге қазақи қала мәдениетін қалыптастыру қажет. Қазіргі қала мәдениеті иісі қазақ емес өзгеше адамдарды шығарып жатыр. Сүйегі қазақ, еті басқа. Тіпті осының қатарына дін де еніп кетті десем артық айтқандық емес. Бәріміз сырттай мұсылман секілдіміз, бірақ бірімізді біріміз «анау ваххабид, анау құранид, анау анандай» деп өзара ырың-жырың болып отырғанымыз соның дәлелі. Әуелі ауызашарда, басқа отырыстарда осындай көзқарас үшін бір-бірінің жағасынан алатындар да бар. Осының бәрі аса қауіпті нәрсе. Сосын қазақтың жүзге бөлінуі ғасырлар бойы келе жатқан кемшілік. Ру — бұрынғыдай қазақты біріктіру механизмі ретінде емес, орыс колониалдық жүйесінің енгізген қазақты бөлу технологиясы күйінде қалып отыр. Міне, осындай-осындай дерттерден құтылу үшін мықты ұлттық рух керек. Негізі ұлттық рух көпшілікке абстрактілі ұғым сияқты көрінеді. Алайда ұлттық рух мінезде көрініс табатын қасиет. Ол ұлттық жүрек, жүректілік! Ал, ұлттық рух, ұлттық арманы бар халықтың бойында жақсы дамиды. Өйткені бүгінгідей елімізге қауіп төндіріп тұрған өзге мәдениетке, бөтен тілге, дүдәмал дінге, зиянды бұқаралық ақпарат құралдарына ұлттық рухқа суғарылған жүрек қана төтеп береді. Ал, ұлттық рух – намыс, ұят, абырой, ар деген сезімдерден құралады.
Екіншіден бүгінгі күні қазақта арман жоқ. Бұл бүтін бір тезис. Өткенде мен Ресейден келген ноғайларға аздаған көмек бердім. Оларға алдымен қаржылай көмек көрсету үшін заңды мекеме ретінде Астанадан ноғай мәдени орталығын ашуға көмектестік. Жетекшісі Арсланбек деген жігіт жүгіріп жүріп ашты. Мамырдың бірінде Астана қалалық әкімдік қазақ тіліне қатысты фестиваль ұйымдастырды. Сол мейрамның кезінде әлгі Арсланбек «орталығымыздың тұсаукесерін өткізсек» деген ұсыныс тастады. Сөйтіп Ресейден ноғайдың әнші, күйшілерін, жырауларын шамасы келгенше алдырды. Содан бір байқағаным ноғайдың жыршысы ән орындаса, күйшісі күй шертсе тұнып тұрған мұң-зар болады екен. «Қайран халқым, бытыраған» деген секілді болып келеді. Ән айтса да жылап айтады. Енді өз кезінде үлкен ұлыс болды ғой. Қазақтың кезінде біраз жері «Ноғай ордасына» қарайтын. Қазір сондай алпауыт мемлекеттен Ресейде 100-ақ мың халық бар. Турасын айтқанда бытырап кеткен, құрып бара жатқан ұлт. Солар: «Әй, қазақ сенде арман жоқ» деп тамсанады, қарақалпақпен, башқұрттармен де кездессең солай дейді. Соған басында мақтанатынмын. Сөйтіп артынан ойланып қарасам бұл мақтанатын нәрсе емес екен. Өйткені шынында да бүгінгі қазақта арман жоқ. Тәуелсіздік алған соң, шекарасы нығайған мемлекет болдық та анау-мынау нәрсені армандамауға айналдық. Қазіргі қазақтан «Сенің арманың не?» деп сұрасаң «Мәшине мінсем, үйлі болсам, қатын алсам, шетелде оқысам, қырғын ақша тапсам» деген секілді жеке бастың майда-шүйде арманын айтады. Міне ұлттық арман жоқтықтың бір көрінісі. Бүгінгі қазақтың, ұлттық рухтың тоқырауға тіреліп тұрғандығы осыдан. Яғни, ұлттық арман болмағандықтан біздің дамуымыз кенжелеп қалады. Ал, ұлттық арман дегеніміз – ұлттық идея. Оның тұрқы «Біз өзгеден биікпіз, кереметпіз, данышпанбыз» дегендей құр мақтан емес «Өзге елдерден биік тұрсақ, әлем біріншілігінен жеңсек, озық технология шығарсақ бүкіл әлемге атымызды насихаттаймыз» деген өлшемдерден көрініс табуы тиіс. Осындай ұлы мұраттар біздің дами түсуімізге даңғыл жол ашып береді. Сондықтан «Қазақта арман жоқ!» деген жеңіл пафосты тоқырауға апаратын жол деп түсінуіміз керек. Өйткені Тәуелсіздік алдық, «Уһ!» дедік, тілімізге деген сұраныс белгілі бір деңгейде өсіп келеді, мәдениет, өнер дамып барады. Бұрын осындай әншілер бар ма еді? Журналистер қазақ тілді публицистиканы жаңа қырынан ашып жатыр. Тіпті қазақ тілді оппозиция дамып келеді. Бұл да дамудың бір түрі.
— Сіз айтқан қазақ тілінің белгілі бір деңгейде дамуы бәсең емес пе?! Тіпті 2006 жылғы бір жиында президент мемлекеттік тілді осынша уақыт ішінде меңгермеген ағайындарға қарата «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегенді айтып еді. Содан да шыққан нәтиже шамалы. Сондықтан мемлекеттік тілдің жыры қаншаға созылады?
— Қазақ тілі неге қарқынды дамымай жатыр дегенге келсек, бұрын мемлекеттік тілмен айналыспап едім. Тағдырдың айдауымен осы Мемлекеттік тілді дамыту қорына келіп қалдым да, тіл мәселесіне тікелей араласуға мәжбүр болдым. Алғашында қазақ тілін үйренуге қаражат, оқулық, техника жетіспейтін шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем бәрі түгелдей бар екен. Содан дағдарысқа тап болғандай «Бәрі бар болса мен немен айналысам?» деген ойға тірелдім. Ақыры ойлай-ойлай түсінгенім қазақ тіліне деген көпшіліктің жүрегі ашық емес, ниеті жоқ екендігі болды. Бұл орыс тілінің тасасында жүрген тілдің жалтақ болуынан, орыс тілін қожайынның тіліндей көретін бодандық сананың нәтижесі екен. Бұл мәңгүрттік сана емес. Мәңгүрттің тарихына көз салсақ, өз тілін білетін, бірақ қожайынның айтқанынан шықпайтын бейбақ екендігін білеміз. Ол өз тілінде сөйлей алады. Яғни, біздің көпшілігіміз іштей орыс тіліне қарсы шығуға қорқамыз. Әрине үш жүз жыл бодандықта болу осындай нәубетке әкелді. Тіпті бұл үрей біздің жұлын-жүйкемізге дейін сіңіп кеткен. Сондықтан ақырында қазақ тілін дамыту үшін ұлттық қайсарлықты, ар-намысты, рухты ояту қажет екендігін түсіндім. Ал, ұлттық рух, өрлік оянса тіл өз-өзінен дамып кетеді. Намысы оянған, арланған, ұятын сезінген қазақ тілін бірден қажет етеді. Өйткені оның ұлттық қасиеті басым. Міне осыны көпшілік дұрыс түсінбейді. Біреуге айтсаң, «Әй, қойшы, қайдағыны айтпай» деп қолын сілтейді. Ондай адам құлдық санадан арылмаған пенде. Ең жақсы құл өзінің құл екендігін білмейді.
— Бірақ былай қарасаңыз, бүгінгі ресми билік қазақтың тең жартысы ана тілін білмейді деген деректі ұдайы алдыға тартады. Яғни, төрт миллион алаш баласы қазақ тілін білмейді. Бірақ бұл нақтыланбаған дерек. Дегенмен сол ана тілін білмейтіндердің арасында отанға, жерге, мемлекетке деген сүйіспеншілігі басым патриоттары баршылық. Ұлттық рухты көтеру арқылы сондай адамдарды қазақ тілінен мүлде жеріндіріп алмаймыз ба?
— Жоқ, ондай ұлттық жобаларды орыс тілінде де көтеруіміз керек. Әрине, орыс тілді болса да рухы қазақы азамат көптеп кездеседі. Яғни, оларды да біз ұлттық тәрбиеге ыңғайлай беруіміз керек. Ана тілін білмеген адамдардың ары, намысы, ұяты оянса тілді меңгеріп кетуі оңай. Ең бастысы ниеті түзік болса деңіз. Ондай адам балаларын міндетті түрде қазақша оқытады. Мысалы, 86 жылғы алаңға шыққандардың арасында бәрі бірдей қазақ тілді болған жоқ қой, намысы оянған орыс тілді қазақтар да алаңға ағылды. Сондықтан тілге, ұлттық рухқа қатысты айтсақ еліміздің азаматтарының бойындағы ұлттық намысты оята білу шарт. Міне мені түсінгенім осы. Және орыс тілі арқылы қазақтың ұлттық рухын көтеруге болады.
— Сіздің негізі саясаттанушысыз, бір кездері оппозицияның қатарында жүрдіңіз. Саясаттан хабарыңыз бар. Қазіргі Қазақстанның саясаты өзге елдермен салыстырғанда қандай деңгейде деп ойлайсыз?
— Мен өзімді әлі де оппозицияның қатарында да, биліктің құрамында да жүрмін деп есептеймін. Бірақ ұлттық саясатқа келгенде билік деп, оппозиция деп бір-біріне қарсы қоймаймын. Екеуінің де қосылатын жерлері көп. Әсіресе ұлттық саясатқа келгенде екеуі бас қосып отыруы керек. Өйткені Үкіметте қазақы азаматтар көп. Президент әкімшілігінде болсын, үкімет қатарында болсын бар. Олардың көбінде шешімді қабілеттері болмауы мүмкін. Бірақ солардың арасында отырып арланып отыратындар баршылық. Оппозицияның көтерген кейбір мәселелерін үкімет қолдауы мүмкін. Мысалы, «Мәдени мұра» бағдарламасын алайық. Былай қарасаңыз үкіметтік саясатты ұстанатын бағдарлама. Бір жағынан «Мәдени мұра» деген атпен қазақтың бүкіл тарихын түгендеуді, қазаққа қажетті маңызды еңбектерді тәржімалауды мұрат ететін нағыз қазақы мүдде. Қазақты қазақ қылатын, қазақты өзгеге танытатын саясат. Біз оны олай айғайлатып айтпаймыз. Билік басқа ұлттардан қаймығады. «Бұны қазақы саясат деп айтпайық. Әйтпесе орыстар ренжіп қалады. Одан да «Мәдени мұра» деп атайық» дегендей. Ал, шын мәнінде осы бағдарлама тұтастай қазақты насихаттауды мақсат етеді. Сондықтан да биліктің қазақ саясаты дұрыс емес десек біржақты болып кетеді. Оның дұрыс жасап жатқаны да, бұрысы да бар. Бұрысын айту керек. Бұрысын айтсақ, неге үкімет таза қазақша сөйлемейді? Парламентте неге қазақ тілі үстемдік құрмайды? Елбасы жиналыстарды неге қазақ тілінде жүргізбейді? Ақпарат құралдары неге тәулік бойы қазақ тілінде ақпарат таратпайды? Неге талап жоқ? Мемлекеттік қызметке баратындар мен депутаттар неге қазақ тілінен емтихан тапсырмайды? Премьер-министр мен әкімдер неге мемлекеттік тілде сөйлемейді? Міне осындай-осындай сұрақтарды ел болып көтеруіміз керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге жетеміз. Осымен бірге мемлекет саясатының жақсы жағында айтып отыруымыз керек. Мысалы, қазіргі қазақ ұлттық сана-сезімін қалыптастыратын – қазақ газеттері. Мен «Қазақ әдебиетін», «Ана тілін», «Айқынды», «Алаш айнасын», «Егемен Қазақстан» секілді газеттердің бірқатарын іздеп оқып жүрем. Апта сайын күтіп отырам. Өйткені қазақы мәселелерді тек осы газеттер жиі көтереді. Және оларды кім қаржыландырады? Үкімет және оның төңірегіндегі мекемелер ғой. Бірақ, құдайға шүкір, ол «Қазақ тақырыбын жазба!» демейді. Сөйткен ұлттық баспасөз бүгінгі ұрпақты тәрбиелеп жатыр. Сонымен бірге газеттердің бәрі мемлекеттік тапсырысты орындайды. Яғни, үкіметтен ақша алып отырып, кемшін тұстарды сынап отыру дұрыс. Тек біржақты кетпеу керек. Қазақ газеттерінің бәрі де биліктің о жақ, бұ жағында жүр. Тек «Жас Алаш» газетінің ғана билікке қатысы жоқ, бірақ оның өзінде ұлттық мүддеге қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Осы басылымдардың бәрі бір майданда жүр. Мен газеттерді «қазақ партиясы» деп атар едім. Шынын айтқанда, біздегі «Қазақ» партиясы бұқаралық ақпарат құралдары. Жалғыз газет-журнал ғана емес, теле-радио атаулы бірлесіп ақпарат майданының алғы шебінде жүр. Осылардың бәрі де үкіметтен аздаған қаржы алса да сынды аямай айтады. Міне осының бәрі қазақ мемлекетінің, қазақ ұлтының қалыптасып келе жатқандығының бір қызықты кезеңі. Сондықтан билікке, үкіметке, Назарбаевқа талапты күшейте беру керек. Ал, бағалауға келсек ұлттық саясаттың жақсы жетістіктерге жеткенін қалаймын, бірақ көңілім толмайтын тұстары баршылық. Оның үстіне бүгінгі саясатты қазақ ұлтының мүмкіндігін шектеумен жасауға болмайды. Кейде «біздегі ұлтаралық келісім керемет, біздегідей татулық бүкіл әлемде жоқ» деп мақтанып жатамыз. Былай қарасақ оның құны қаншаға түскенін байқауға болады. Қазақ тілін, кей кездерде қазақ мүддесін шектеу арқылы қалыптасқан тұрақтылық болып шығады. Өйткені «қазақ тілін білмесең білмей-ақ қой, бірақ біз доспыз. Кейде қазақтарды шектей салайық, бірақ біз доспыз, татумыз» деген шектеу бар екені белгілі. Бүгінгі күні қазақ ұлтының саяси платформасы қалыптасып келе жатыр. Бұрынғыдай емес шектеген сайын қазақтың ызасы, налуы, келіспеушілігі туындай бастайды. Сондықтан осыны ескермеу бүгінгі Қазақстандық модельді тоқырауға түсіріп, шиеленіске әкеліп, қақтығысқа жеткізеді. Бұған дейін қазақ мүддесін шектеу арқылы тұрақтылық жасалып келсе, енді ондай іске аспайтын болады. Себебі қазақы фактор қалыптасып келе жатыр. Бұрын сайлау кезінде орыстардың талаптарымен ойнау басталатын. Сайлау алдында орыстарды қолдап, көз алдау өткізетінбіз. Алдағы сайлауды білмеймін, бірақ одан кейінгі болашақ сайлауларда қазақтың көңілін аулау басталатыны анық. Яғни, қазақы көңілді толық қанағаттандырмай ешбір саяси партия, ешқандай үміткер сайлауда жеңіске жете алмайды.
— Негізі президенттің саяси бағдарламалары ұзақ жылдарға жоспарланады. Мысалы, 2030, 2015 деген бағдарламалар болды. Үш жылдық «Ауыл», «Таза су», «Жол» секілді бағдарламалар бар. Соның барлығы елбасының көрегендігінен бе, әлде арнайы мамандар жасап бере ме?
— «Қазақстан — 2030» жобасы 1997-1998 жылдары марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың қарамағында үкіметте жұмыс істеп жүргенімде туындаған болатын. Шыны керек мемлекеттің дамуы бет албаты болмай, алдын ала белгілі даңғыл жол жасап алуы керек. Сол тұста жұртшылық «Не болады, қалай болады?» деп жүргенде осындай құжат қажет болды. Біз қазір сол бағдарламамен жүріп жатпағанда болармыз. Бірақ сол тұста біздің алдымызға бір мақсат, ұлттық арман керек еді. «Қазақстан — 2030» бағдарламасы негізі ұлттық идеяның бір түрі. Осы маған әбден жетілген озық жоба, ұлттық мақсат, ұлттық мұрат секілді көрінгені рас. Бірақ оны жасаған техникалық маман иелері, экономисттер болғасын идеологиялық басымдығы төмен болды. Оны жасағандар қазақ тілін білмесе де осындай ұлттық жобаны өмірге әкелді. Шынында ұлттық реңктері ескерілмей қалды. Бүгінгі күні «Қазақ қандай болады?» дегенге жауап беретін ешқандай жоспар болмай тұр. Үкімет, зиялы қауым қолдап жатыр дегенімізбен ұлттың дамуы өз бетімен жүріп жатыр. Ешкім осымен арнайы айналысқан жоқ. Қазақтың маман дайындауында, ұлттық мәдениеттің дамуында көп нәрселер стихиялы түрде жүріп жатыр. Мысалы, «Болашақпен» оқуға жіберетіндер әлі буыны қатпаған жас балалар. Олардың бойында қазақы рухы жоқ. Мектепті бітіре салып барған соң елге қайтқысы келмейді. Келе қалса ешкімді менсінбейді. Ал, соларды осында біраз тәрбиелеп, «Сенің жіберіп жатқан қазақ халқы, үйреніп кел, үмітін ақта! Ертең осы елге қызмет етесің» деп аманат арқалатып, оқытып, үйретіп жіберсек дұрыс болар еді. Кеңес одағының кезінде әскерге баратын жастарды ардагерлермен кездестіретін. Сол сияқты «Болашақ» бағдарламасының үміткерлерін зиялы қауыммен кездестіріп, «Е, балаларым, немерелерім барыңдар, оқыңдар! Сендер бақытты буынсыңдар. Үйреніп келіңдер, біз күтеміз. Ел алдындағы парыздарыңды ұмытпаңдар» деп сенім білдіріп, бата беріп, тілек айтса қандай жақсы?! Онда «Болашақта» оқып жатқандардың жұлын-жүйкесінде мықты негіз қаланар еді. Негізі ұлттың дамуына осындай нақты жобалар керек.
— Бірақ қазақты бірнәрсеге үйрету қиын-ақ. Тілдің өзін үйрету қиын. Мысалы, мына Думан ықшам ауданының 99 пайызы қазақ тілді. Сондағы автобустардағы билет берушілер аялдаманы, көшені әлі күнге дейін орысша айтады. Және өңшең қазақтар мінсе де «прямо по Ташкентской», «по Абая», «следующая остановка Абылай хана» деп жатады. Бұл жалғыз Думан ғана емес тұтас Алматыда осылай. Сонда қазақ орыс тілін білетіндігін осылай көрсеткісі келе ме? Қазақтың мақтаншақтығы ма? Әлде?!.
— Ол тәрбиенің жетіспеуінен. Ата-ана тәрбиесінің кемдігінен. Ондайға бетіне басып, кемсітіп, ұрсудың керегі шамалы. Адамда жеке бастың намысы мықты дамыған ғой. Ызаланса кері кетуі мүмкін. Бірақ ақырын сабырмен, «Мынау Райымбек батырдың көшесі. Тура сол атауын атағаның дұрыс, айналайын. Райымбектің атын айтсаң сені аруағы қолдап отырады. Қасынан өткен сайын «Райымбек атамның аруағы қолдай берсін, аумин!» деп микрофонмен бүкіл автобусқа хабарлап жүр» дегенді жеткізу керек. Адамның жанына, көңіліне әсерін тигізетін құндылықтар арқылы тәрбиелеуге болады. Тіпті осыны мақтанышпен айтатындай болуы керек. Біздің «Мемлекеттік тілді қолдау» қоры осындай тілдің дамуына ықпалын тигізетін жобаларды ұдайы қолдап отырады. Сондықтан осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық журналисттерге осыны құлағдар еткім келеді. Яғни, мемлекеттік тілді дамытуға қажетті нақты жобаларға біз қаржы аямаймыз.
— Әр адам өзінше әлем, өзінше дара тұлға. Және әркімнің өз тағдыры бар. Сол секілді ұлттың да тағдыры болатын сияқты көрінеді маған. Осы тұрғыдан келгенде қазақ ұлтының тағдыры сіздіңше қандай?
— Негізі ұмыт бола жаздаған ащы да қасиетті тарихымызды қайта жаңғыртып, еске алып отыруымыз керек. Бізге ашаршылықты ұмыттырмақ болды ғой, соны жыл сайын еске алайық. Жоқтайық. Кенесары, Алаш арыстары секілді ұлт үшін шаһит кеткен тарихи тұлғалардың аруақтары риза болмай біздің болашағымыз жарқын болмайды. Солардың бәрін лайықты орын-орнына қояйықшы. Жыл сайын соларды еске алып жоқтайықшы. Қазіргі тірлік етіп жатқан әрбір қазақтың бауыры, әкесі, атасы, туысы ашаршылықтан үзілді. Екінші дүниежүзілік соғыс әлі күнге дейін біздегі кей мекемелерде «Ұлы отан соғысының әрбір қазақстандық өміріне әсері болды» деп насихатталады. Соғыс деген ашаршылықтың қасында ештеңе емес. Ашаршылықта қырылғандай қазақ соғыста өлген жоқ. Соны бүгінгі күні еске салуға қорқатындар бар. Сол аштықтан қырылған бауырларды біруақ еске алайықшы. 30-ы жылдары қазақ көтерілістерінің басшыларын да, батырларын да білмейміз. Ал кезінде Кенесарының жанында қаншама батыр, сарбаз болғанын да анық білмейміз. Балқаш қаласында қойылған Ағыбай батырдан бөлек, отаршы орыспен соғыста қаза тапқан қаншама батырлар болды?! Соларды білеміз бе? Білмейміз ғой, білгіміз де келмейді. Неге? Бұл біздің әлі толыққанды ұлт болып қалыптаспағандығымыздан. Ел білуі керек. Білген соң ызасы келеді. Мұнда мен кек алу үшін емес намысы оянсын деп айтып отырмын. Сондықтан қазақ халқының тағдыры қиын. Сол ашаршылықтан қырылған, кәмпескеде қудаланған, орыспен жағаласып шәһит болған қазақтардың тағдыры бекер қиылмады. Олар бүгінгі Тәуелсіздік жолында құрбан болды. Егер есептеп қарайтын болсақ, нәубет келмегенде менің туыс-туған, бауырларым, қазағым қазіргіден де көп болар еді. Құдайдың бергеніне шүкір, сонда да болса тағдырдың жазуымен тірі қалған біз — белгілі бір мақсат үшін қалдырылған сияқты. Сондықтан солардың сенімін ақтау бүгінгі ұрпаққа парыз.
— Әңгімеңізге рахмет! Алаш туы астында бірігетін күн тусын!
— Айтқаныңыз келсін, алаш туы астына біріктіретін ұлттық рухымыз өткір болсын.
Әңгімелескен Мәди Алжанбай
«Қазақ әдебиеті»
18 қыркүйек 2009 жыл