Берік Әбдіғалиев, ҚР Президент жанындағы мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:
«Саяси есептерді шығарарда өзінің формуласына саламын»
– Берік мырза сізді халық саясаттанушы ретінде біледі. Бірақ сіз мемлекеттік қызметтің дәмін көрген шенеуніксіз, тіпті партияда да қызмет еткен саясаткерсіз де. Өзіңізді кім деп есептейсіз?
– Мен бала кезімнен тарихшы болуды армандадым. ҚазҰУ-ге оқуға түсіп, тарихшы мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Саясатты түсінгім келді. Саясаттану ғылымдарының кандидаты болдым. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары қызметін атқардым.
Сосын Үкіметтің жұмысын білгім келді. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде үш жылдай жұмыс істедім. Президент әкімшілігінде жұмысын түсінгім келді. Онда бөлім меңгерушісінің орынбасары болдым. Жергілікті өңірде еңбек еткім келді. Теміртауға барып, қала әкімінің орынбасары болдым. Осының бәрін мен 30 жасыма дейін көрдім. Бәріне көңілім толмай, оппозицияға бардым. Іздеген ақиқатты таба алмай ол жақтан да кеттім. Жұмыссыз болғым келді. Жұмыссыз болдым.
Ал қазір ұлттық жобалармен айналысып жүрмін. Осымен ақиқатты тапқандай болдым. «Мемлекеттік қызметкер» емеспін. Сондықтан мені «ұлттық қызметкер» десеңіздер болатын шығар. Бұл жолға әркім әр түрлі жолмен келеді. Менің жолым осылай ұзақтау болды.
– Енді қайда барғыңыз келеді?
– Орталықта құр сөзбен, қағазбастылықпен айналыспай аймаққа барып қызмет еткеннен елге көбірек пайдам тиер ме деп ойлайымн.
— Сіз «Нұр Отан» партиясының мүшесіз бе?
— Жоқ. Мүше болатын да ойым жоқ. Мен ешқандай партияның мүшесі емеспін.
– Билікке де, оппозицияға да жақын жүрдіңіз. Жалпы, саясаткерлер арасында шынайы достық бола ма?
– Достық қай кезде достық болып қала береді. Егер ол таза сенімге негізделген достық болса оған саясат та, бизнес те, өнер де әсер ете алмайды.
– Сізді саясатта болатын өзгерістер мен мемлекеттік органдардағы ауыс-түйістерді алдын-ала біліп отырады деседі. Ондай қасиет үшін адамға білім керек пе, интуиция қажет пе? Әлде белігілі бір адамдармен араласу шарт па?
– Адамға ол үшін ең бірінші білім мен тәжірибе керек. Мысалы мен жоғарыда атап өткен қызмет еткен орындардың барлығында сарапшы болып жұмыс істедім. Содан кейін, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Марат Тәжин сияқты жандардың қасында жүріп біраз жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Саясаттың ішкі технологиясын осы азаматтардан үйрендім. Саяси болжамдар жасау үшін мүмкін интуиция да қажет шығар. Саяси оқиғалардың өзіндік формуласы болады. Саяси есептерді шығарарда сол формулаға саламын.
– Оппозиция өкілдерімен жұмыс істегенде сіздің жалақыңыз қомақты болған деседі. Қазіргі жалақыңыз одан да көп пе? Әлде тіл жанашыры ретінде жұмыс істеп жатырсыз ба?
– Ол кезде жалақым соншалықты көп болды деп айта алмаймын. Мен ол уақытта полит-консалтинг негізінде жұмыс істедім. Бұл бизнестің бір түрі. Бизнес-консалтингтегі сияқты өз еңбегіңнің ақысын алып отырдым. Әсіресе сайлау кезінде. Сол кездері күніне 100 долларға дейін табыс табуға болатын. Қазір сол сала бойынша жұмыс істейтін білікті мамандар сағатына 100 доллар ала алады. Ол енді адамның қабілетіне байланысты. Негізінен өзімнің жобаларым арқылы күн көремін. Ал қазір қордың жалақысымен өмір сүріп жатырмын. Біздің қор мемлекеттік емес, сондықтан қаражатымыз демеушілердің көңіл-күйіне байланысты болып жатады.
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
– Жолдасым, үш ұлым бар.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Көбінесе теледидар қараймын. Комьпютерде ойын ойнағанды да ұнатамын.
– Кітап оқисыз ба?
– Өкінішке қарай әдеби кітапты өте аз оқимын. Өзімнің жұмысыма байланысты яғни, саяси, тарихи кітаптарды көп қараймын.
– Демек, тиым салынған кітаптарды да оқи бересіз ғой…
– (күліп) Ондай кітап болса бірінші оқуға тырысамыз ғой.
– Биылғы демалысыңызды қалай және қай елде өткіздіңіз?
– Жыл сайын ауылда демаламын. Биыл да солай болды. Баянауылға, Ұлытауға барып қайттым. Жұмыс бабымен Түркияда болдым.
– Ораза ұстадыңыз ба?
– Кейінгі үш жылда ұстаған едім, биыл денсаулығыма байланысты мүмкін болмады.
– Дағдарыс жеке басыңызға, отбасыңызға әсер етті ме?
– Бірді екілі жобаларым іске аспай қалғаны болмаса, дағдарыс маған бәлендей әсер еткен жоқ.
– Екі әйел алу дегенге қалай қарайсыз?
– Егер жағдайы жақсы болып, отбасы мүшелері келісімін берсе, қолдауға болады.
– Сізде ондай ой жоқ па?
– Менде ондай ой жоқ.
– Биылғы күз әдеттегіден өзгерек болды деп ойлайсыз ба?
– Өзгерістер күтуге болады. Бірақ соңғы шешімді Елбасының өзі қабылдайды ғой. Сондықтан бәрі де мүмкін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ
- Негізгі бет
- Мақалалар
- Саяси есептерді шығарарда өзінің формуласына саламын
Саяси есептерді шығарарда өзінің формуласына саламын
25 Ақпан 2009 | 6:13