республикалық форумында өзге этнос жастарының жанашыр үндері көп естілді.
Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Тіл – татулық тірегі» атты этнос жастарының форумын Қызылжар өңірінде өткізді. Оған еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттармен қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясының, министрліктің, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, студенттер, бірнеше тілді еркін меңгерген этнос жастары қатысты. Айтулы шара Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілді білетін этнос жастарына қолдау көрсету мақсатын діттеді.
Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова ашып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Мемлекеттік тілді білу әр қазақстандықтың парызы, елге, жерге деген құрметтің бір белгісі екенін, талай ұлыларды дүниеге әкелген өлкеде маңызды мәселеге жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
Шараның «Тіл – татулық тірегі» деп аталуы ерекше мәнге ие екені осы жолы да анық байқалды. Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы ана тілі екені даусыз. Мемлекеттік тілдің күнделікті қолдану аясын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тіліне айналдыру бүгінгі күн талабы екені талассыз шындық. Елбасы айтқандай, барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақстандықтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз.
Бұл орайда, мемлекеттік тілдің ұйыстырушылық, тұтастырушылық мәртебесін биіктетуде дарынды, белсенді, мақсаткер, заманауи жастарға зор сенім артылады. Форумда сөз алған шешендер өз ойларын осы тұрғыдан өрбітіп, тәуелсіз еліміздің шын патриоттары ретінде қазақ тілі мен мәдениетіне жанашыр көзқарастарын іспен дәлелдеп жүргенін айғақтады. Теміртау қаласындағы балабақшада спорт нұсқаушысы болып істейтін Нигара Пайзиеваның әңгімесі әсерлі шықты. Мектепті орысша бітірсе де, университетте қазақ тобында оқыпты. Қазақ, өзбек, орыс, ағылшын тілдерін еркін біледі. Оның ойынша, шын ниет қойған адамға тіл үйрену қиын емес. Ол жас патриоттарды қазақ халқының ұлттық рухында тәрбие жүргенін мақтаныш санайтынын жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысының Белое орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін Светлана Магуянова өз тәжірибесімен бөлісті. Орыс мектебінде оқып жүріп, мемлекеттік тілде ұйымдастырылатын байқауларға, олимпиадаларға үзбей қатысудың арқасында қазақ тілін тез үйреніп алған. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болсам деген таудай талабы арқасында жергілікті жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған. Оның домбыра тартатын, өлең жазатын қабілеті де бар екен. Оралдық Венера Суровцева, Ақмола облысынан келген Равиль Абулханов қазақ тіліне деген қамқорлық отбасы, ошақ қасынан басталатынын алға тартты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз хатшысы Құрманбек Қазанбасов, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басқарма жетекшісі Толқын Исақова қуатты мемлекеттің тұрақтылығы мен татулығына негізделген, ел бірлігінің басты күші ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, мерейін өсіру өз қолымызда десті.
Форум делегаттары еліміздің жастарына үндеу қабылдап, игі істердің ұйытқысы болуға, тілдердің үштұғырлығы саясатын қолдауға шақырды. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жолында белсенділік танытатындарына, жаһандану үрдісінде рухани келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың сақталарына сенім білдірді.
Форум аясында С. Мұқанов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып кітап көрмесі ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел мәжілісін модератор Т. Исақова жүргізіп отырды Сүлейман Карикович (Жамбыл облысы), М. Әуезов атындағы ОҚМУ докторанты Латиф Азиз (Шымкент), Мұрат Эйбов (Қызылорда), Сергей Агеев (Астана) талқыланған мәселелер бойынша пікірлер алмасып, тілге қатысты мәселелерді байыптылықпен, парасаттылықпен шешу жолдарын ұсынды.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұйымдастырылған акцияларда келушілерге сұрақтар таратылып, қазақша білу деңгейіне зерттеу жүргізілді. Форумның логотипі жазылған жалаушалар, шарлар мен қаламдар тарту етілді.
– Әкем мен шешем 12 тіл біледі. Менің үйренгенім – әзірше бес тіл. Қазақ тілін жастайымнан біліп өстім. Сөздік қоры өте бай тіл. Қазір неміс тілін игеріп жүрмін, – деді бізге Петропавл қаласындағы №6637 әскери бөлімнің қызметкері Феруз Намет. Осыған қарап-ақ тәуелсіз Қазақстанның бәсекеге қабілетті өрендері қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі екенін жете түсінетін аңғару қиын емес.
Осындайда «Қазағымның көктен күліп ай-күні, Болашақтың кеңи берсін айдыны. Көк аспанда көк жалауы желбіреп, Ана тілдің асқақтасын айбыны» деген өлең жолдары ойға оралады.
https://egemen.kz/
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан
Облысы