Тіл –ұлттың жаны. Ұлттың ұлт болып қалуының басты тірегі де оның ана тілінің қолданысымен тығыз байланысты екені даусыз. Тілді құрметтеудің қажеттігін: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте», деп қазақ поэзиясының ерекше құбылысына айналған Қадыр Мырза Әлі өз жырына арқау етті емес пе? Ана тілін құрметтейтін шын жанашырлардың жадында Қадыр ақынның осынау жыр шумағы жүруі қажет. Десек те, әлі де қазақ тілін жетік меңгеруді қажетсіне бермейтіндер табылады.
Мемлекеттік тілді білмейтіндер әрине, әуелі мектепте, кейін жоғары оқу орындарында орысша білім алғанын, тіл үйренуге орта болмағанын алға тартатын шығар. Алайда, ондайлар мемлекеттік тілді меңгерудің қаншалықты маңызды екеніне мән бермейтін секілді.
Кейде ауыл баласы орысшаны жетік білмейді. Тіпті үйренгісі келмейді, деп те жатамыз. Ауылдағы қазақ отбасында тілі қазақша шыққан, ауыл мектебінде білім алған қазақ баласы орысша кітап жазды десек ше? Әдеби шығарма емес, қазақша білу мен сөйлеудің он маңызын жүйелеп берсе ше? Сенер ме едіңіз? Біз сенуіңізге тура келеді дер едік. Олай деуімізге нақты дәлел де бар.
Ұлттық құндылықтардың қаймағы бұзылмаған киелі Оңтүстік өңірден қанаттанған жастың бірі – Шыңғыс Мұқан. Баспасөз саласында да қабілетін шыңдады. Мемлекеттік қызметте де абыройлы еңбек етуде. Қазір Атырау облысы әкімінің орынбасары. Мұнайлы өңірдің әлеуметтік саласына басшылық жасап отыр. Өзінің айтуынша, мектепте қазақша оқыған. 2000 жылы университетке «аударма ісі» мамандығына оқуға түскенде орыс тілінен қиналғанын жасырмайды. Бұл ауыл балаларының көбінің басындағы жағдай. Ал оның таңдаған мамандығы – ағылшын және испан тілінің аудармашысы. Алайда, бұл тілдерді аударма жасау үшін, әрине, алдымен орыс тілін жетік меңгеру қажет. Себебі, сол кезеңде орыс тілі шет тілдерінің аудармасындағы көпір іспетті еді. Әлі де солай. Міне, осы жайт болашақ аудармашыға үлкен ой салса керек.
Тәуелсіздік әр қазақстандық үшін несімен қымбат? Осы сауал кейіпкерімізді де толғандырғаны анық. «Тәуелсіздікті ана тілімді дамытуға берілген мүмкіндік деп қабылдадым. Өйткені, менің тілім тек туған Қазақстанымда ғана қажет. Ана тілімнің дамуына, кең таралуына көмегімді бере отырып, мен өзімнің болашағым үшін жұмыс жасайтынымды сезіндім» дейді Шыңғыс Мұқан.
Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген қазақ тіліне шын жаны ашитын отаншыл әр қазақстандық, әсіресе, орыс тілді отандастарымыз дәл осылай ойлай ма екен? Қай тілді болса да үйренудің қиын емесіне Шыңғыс Мұқанның орысшаны жетік меңгергенін, тіпті «10 причин, почему важно знать и говорить на казахском языке» деп аталатын кітап жазып шыққанын алға тарта аламыз. Әрине, кітап жазу еріккеннің ермегі емес, бірақ, автордың мемлекеттік тіл мүддесі үшін көп ізденгенін аңғарамыз.
– Мен еш жаңалық ашқаным жоқ. Қазақ тілін меңгеру, білу керек деп көптен айтылып келеді. «Мемлекеттік тіл» туралы заң бар. Дегенмен, қазақ тілін не үшін білу керек? Қазақ болғаның үшін, Қазақстанда туып-өскенің, тұрғаның үшін, мемлекеттік тіл болғаны үшін дейтін пікірлер айтылады. Ал мен қазақша білу мен сөйлеудің жинақы себептерін жүйелегім келді. Ел ішінде айтылып жүрген қоғамдық пікірді саралап, 10 түрлі маңызын 10 негізгі себепке топтастырдым. Кітапты жазу барысында әртүрлі маркетингтің әдістері пайдаланылды, – дейді кітап авторы, мемлекеттік тілдің жанашыры Шыңғыс Мұқан. – Ең бірінші тенденция – адамзаттың ақыл-ойы дамып келеді. Ақыл-ойды жеткізетін құрал – тіл. Қай тілде ақпарат көп болса, сол тілдің бәсекеге қабілеттігі арта түседі. Мәселен, бір теңізге 5-6 өзен құюы мүмкін. Сол теңіздің арнасы үнемі толығып отырады. Бір көл болуы мүмкін, көктемде толығып, күзге таман сарқыла бастайтын. Ағылшын тілі арнасы оқтын-оқтын толығатын теңіз секілді. Ал қазақ тілінің аңқасы кепкен көлге ұқсағанын қаламаймын. Өйткені, қазақ тілі – менің мемлекетімнің мемлекеттік тілі! Қазақ тілі де ағылшын тілі секілді бәсекеге қабілетті бола түссе, қолданыс аясы үнемі кеңейе түссе деймін.
Осы мақсатты көздеген Шыңғыс Мұқан орыс тілді аудиторияға арналған кітабында қазақ тілінің ықылым заманнан бері дамып, өркендегенін алға тарта отырып, қазақ ұлтымен бірге небір қиын-қыстаудан аман өткенін тарқатады. Оның пікірінше, Қазақстанда тұратын әр азамат қазақ тілді ақпаратқа қол жеткізуі үшін де мемлекеттік тілді меңгеруі қажет. Өйткені, орыс тілділер қазақша ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Біріншіден, қазақшаны түсінбейді, екіншіден, осы тілде сөйлей алмайды. Міне, сол себептен олар ақыл-ойын өзге тілде жинақтайды да, қазақша жеткізе алмайды. Әрине, қазақ тілінің маңызын, оны меңгеру қажеттігін дүркін-дүркін көтеріп жүргендер жоқ емес. Алайда, Шыңғыс Мұқанның негізгі ойы – мемлекеттік тілдің ғылымның, шығармашылықтың, қоғамдағы келісім мен достықтың тіліне айналуына даурықпалы сөзбен емес, нақты іспен үлес қосу.
Қазақ тілін білу мен қазақша сөйлеудің негізгі 10 себебінің маңызын саралай келе бәсекеге қабілеттілік тілді меңгеруден басталады деген ой айтады. Бір сөздің бірнеше тілдегі аудармасын қоса береді. Мәселен, «мен» деген сөздің түркі халықтары тілдеріндегі ұқсастығына, демек, қазақ тілін білу арқылы бірнеше түркі халықтарының тілін де меңгеруге болатындығына назар аударады. Шынын айту керек, осы кітапты оқыған орыс тілді қауым қазақ тілін білудің маңызын жүрегімен сезінеді деп ойлаймыз.
Айтқандай, ағылшын, испан тілдерінің аудармашысы ретінде қазақша-ағылшынша, қазақша-испанша сөздіктер құрастыруды бастаған екен. Енді әрі қарай жалғастырмақ ойы бар. «Өйткені, ағылшын, испан тілдерін қазақ тілімен тікелей байланыстыратын сөздік түріндегі бірде-бір құрал жоқ. Қазақ тілі осы тілдердің аудармасында тікелей делдал қызметін атқаруы қажет», дейді ол. Сонымен бірге, adebiet.kz әдебиет порталының авторы екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Бұл порталға қазақ ақын-жазушыларының шығармаларының электрондық нұсқасы салынған.
«Қазақ тілі еліміздегі қоғамдық келісім мен достықтың арқауына айналса…». Бұл – отаншыл мемлекеттік қызметкер Шыңғыс Мұқанның арманы әрі мақсаты.
Арман адастырмайды. Мақсат орындалады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.
http://egemen.kz/2015/10/28/4330