Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Тіліміздің көсегесін көгерту өз қолымызда

4 Қыркүйек 2015 | 9:10

01Ана тіліміз, оның мемлекеттік деңгейде қолданылуы жайында кейінгі жылдары талай мақалалар жазылып, талай ойлар мен ұсыныстар айтылды. Бірақ әлі де болса тіліміз біз ойлағандай дәрежеге көтеріле қойған жоқ. Неге?

Меніңше, бұған алдымен өзіміз кінәліміз. Әлі жалтақпыз, басқаның көңіліне қарағышпыз. Әрине, Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердей бірден орыс тілін ысырып қойып, өз тілімізді енгізе алмаймыз. Бұған оларға қарағанда елімізде өзге ұлттардың көбірек тұратындығы, қазақтардың үлес салмағының аз болуы себеп. Былай қарағанда маңызды емес мәселе болып көрінгенмен, тіл саясаты ойланып-толғануды қажет ететін мемлекеттік саясаттың маңызды бір саласы. Осыны жете түсінген Елбасымыз қазақ тілінің мәртебесін бірте-бірте көтеріп келеді…

Бірақ тілімізге деген сүйіспеншілік пен құрмет әрбір қазақтың жүрегінен орын алмаса қанша жерден заң шығарып, қанша жерден қаулы-қарар қабылданғанмен ештеңе шықпайды. Бұған алғаш Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылдан бергі уақыт куә.
Тіл туралы заң демекші, осындайда оны алғаш қабылдаған кездегі халықтың қуанышы, өзге ұлттардың әбігерге түскені есіме түседі. Ол уақытта біз Жаңаөзен қаласында тұратынбыз. Заң қабылданғаннан кейін сол кезде қазақтардан гөрі басқа ұлттар көп тұратын қалада қазақ тілін енгізу жұмыстары басталып кетті. Қалалық қазақ тілі қоғамы құрылып, оған тіл жанашыры Байбазар Ербақиев төрағалық етті. Қаладағы тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын автопарк автобустардың бағытын көрсететін жазуларды, қапталдарындағы ескертулерді қазақшалады. Мәселен, «ҚазГПЗ» дегенді «ГӨЗ», «Не уверен не обгоняйды» – «Сенбесең озба» дегендей. Соны­мен қатар мекеме-кәсіпорындардың барлығында дерлік қазақ тілін оқытатын курстар ашылып, оған өзге ұлт өкілдері жаппай бара бастады. Қолдарына сол кезде шыққан «Қазақ тілінің 40 сабағы» деген оқулықты ұстап, абыр-сабыр болған олардың кейіптері әлі күнге дейін көз алдымда.

Сонымен қатар бұрын қалай болса солай оқытылып келген орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәндері жанданып, оларды оқытатын мұғалімдерге қойылатын талаптар күшейді.
Бұл жұмыс еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін, яғни 1991 жылы жаңа Тіл туралы заң қабылданғанда тіптен күшейе түсті. Енді жер-су атулары қазақшалана бастады. «Старый Узен» – «Қызылсай», «Новый Узен» – «Жаңаөзен» деп өзгерді. Орыс және орысша-қазақша мектептер қазақ мектептері болып қайта құрылды. Мұндай жұмыс тек Жаңаөзен қаласында ғана емес, республикамыздың барлық жерінде жүргізілді. Соның арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.

Әрине, өзге ұлттардың көпшілігі тіл саясатын қолдағанмен арасында ер-тоқымын бауырына алып, тулағандары да болды. Ондайлар жөнінде қалалық «Жаңаөзен» газетіне сын мақалалар жазылып, шаралар алынды. Солардың ішінде газеттің сол кездегі тілшісі Ағиба Қатешованың қазақ тілін мойындамай шамданған бір балалар бақшасының меңгерушісі туралы «Тарпаңдаған Тарабрина» деген мақаласы көпшіліктің әлі есінде.
Бір өкініштісі, қазақ тілін мойындамай, әлі де жоғарыға қарап жалтақ­та­ғандар қала басшыларының арасынан да табылды.Олар да тіл жанашырлары тарапынан аяусыз сыналып-мінелді.

Бірақ елімізде осындай зор қарқынмен басталған жұмыс кейін сая­бырси берді. Баяғы қолдарына қазақ тілін үйрететін оқулықты ұстап жүгіріп жүргендердің аптығы басылып қалды. Бұған тағы да өзіміз кінәліміз. Сол баяғы әдетімізге басып, бір-бірімізбен орысша сөйлесіп, балаларымызды орыс мектебіне беруді жалғастыра бердік. «Сырт көз сыншы» дегендей, біздің мұнымызды басқалар бірден байқап, қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарауға қайта түсті.

90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басынан бастап елімізге шетелдерден инвесторлар көптеп келе бастағаны белгілі. Бірде солар, яғни америкалықтар жұмыс жасайтын «Техсако» компаниясының Бозашыдағы кен орнына бір топ журналистер іссапарға бардық. Түскі ас кезінде қазақ тілі туралы әңгіме қозғалғанда кен орны басшыларының бірі америкалық жігіт: «Біз алғашында Қазақстанға барасыңдар дегенде қазақ тілін білмейміз ғой, қиын болатын шығар деп жүрексіндік, барған бойда үйренуге бел байладық, сөйтсек мұндағы қазақтардың бәрі орысша сөйлейді екен, қазақ тілін білудің қажеті жоқтығын біліп, қазір орысша үйреніп жүрміз» деді. Мұны естіген біз не айтарымызды білмей төмен қарадық…
Тағы бір мысал. Қалалық емханада учаскелік балалар дәрігері болып жұмыс жасайтын көрші келіншек үйлерді аралап жүріп, бір америкалық отбасына тап болады. «Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, мен баяғы әдетіме басып, орысша сөйлеппін ғой, сөйтсем баланың анасы басқа бөлмеден жүгіріп барып орысша-қазақша сөздік алып келіп, менің орысшамды қазақшалай бастады.Оның мұнысын көріп тұрсам да орысшалап қоймаймын. Ол аударып әлек. Бір кезде барып, өзімнің қылығымның әбестігін түсініп, кешірім сұрадым. Сөйтсем, Маңғыстауға жұмысқа келген олар отбасымен қазақша үйреніп жүр екен. Бір жағынан шетелдіктердің тілімізге деген құрметіне риза болып, екінші жағынан өзіміздің тілімізді құрметтей алмай жүргенімізге ыза болған мен үйден өзгеше бір сезімде шықтым…» деген болатын.

Өмірде айта берсек мұндай мысалдар көп. Басқаларды былай қойғанда кейбір іс басындағы орыстілді шенеуніктердің ел алдына шығып алып, қазақша жазылған тілдей қағазды ежіктей оқып тұрғанын көргенде, олардың ең құрығанда халықпен ана тілінде жарқын жүзбен амандаса алмайтын мүшкіл күйіне ызаң келеді. Әттең, Бауыржан Момышұлындай ортадан олардың осынысын бетіне айтып, тойтарып тастайтын бір батыл азаматтың табылмағаны-ай дейсің ішіңнен. Айту былай тұрсын, олардың шикілі-пісілі айтқан сөздеріне ду қол шапалақтап, жарамсақтанатынымыз да біздердің қазіргі деңгейіміздің қаншалықты екенін көрсетеді емес пе?!

Бұдан да сорақысы сол ана тіліміздің қамын соғып, мұңын мұңдаған болып жүрген кейбіреулердің баласын немесе немересін орыс тілінде тәрбиелеп, оқытатын балабақша-мектептерге бергенін немесе бір өзге ұлт өкіліне бола жиналыстарды бастан-аяқ орыс тілінде өткізетін биліктегілерді көргенде баяғы құлдық психологиямыздан әлі арылмағанымызды, мұнымыздың өмірге жаңа келген жас сәбидің ана тіліміздің уызына қанбай, мәңгүрт болып өсуіне себеп болатынын жан-тәніңмен түсініп, күйінесің. Сөйтесің де ана тілінің қадір-қасиетін әлі де түсінбей жүргендерді айқайлап оятқың келеді, жер-жебіріне жетіп ұрысқың келеді…

Сөзімнің соңында «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей, ана тіліміздің мәртебесін кө­теріп, көсегесін көгерту өз қолымызда екенін ұмытпайық. «Ана тілің айбының. ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай ұлтымыздың ар-ұяты, асыл қазынасы ана тілімізді болашақ ұрпаққа саф таза күйінде жеткізейік ағайын дегім келеді.

Еркеш НӘРЕМБАЕВА
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы

АНА ТІЛІ

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=32237