3 миллионға жуық халқы бар оңтүстікте тағдыр-талайымен Қазақстаннан дәм бұйырған 108 этностың өкілі тұрады. Еркінен тыс депортацияланып, саяси қуғын-сүргін көрген ұлттар өкілдері досқа құшағы ашық, көңілі кең қазақ халқына бауыр басып, ағайыным, қорғаным деп біледі.
Осындағы Иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Капар Пур: «Оңтүстік біздің тарихи отбасымызға айналды. Бұрын ирандықтар Қазақстан жайлы көп білмейтін еді. Қазір сарабдал саясаттың арқасында Қазақстан әлемге танымал болғандықтан, қызыға қарайтын болды. Қиын тағдыр кезінде біздің аталарымызды Иран мемлекетінен аулақтатты, бірге туған ағайындар шекараның екі жағында қалып кетті. Ес біліп, етегімізді жиған соң, әкелеріміздің аманатын орындап, Ирандағы ағайын-туғанды таптық. Қатысып тұрамыз. Иранның халқы көп, жері тар. Тау-тасты жерді де халінше игеріп, отбасын асырап отырғандар жеткілікті. Бірде әкемнің аталас туыстарын Қазақстанға шақырдым. Астанаға апару үшін ұшаққа емес, әдейі пойызға билет алдым. Ұшы-қиыры бітпейтін кең дала. Әкемнің інісі, бүгінде үлкен ақсақал екі көзін терезеден алмайды. «Құдай-ау, мынаның бәрі Қазақстанның жері ме?! Алла қазаққа мол несібе берген екен. Естерің болса, бала-шағаңа айт, мынадай құт-мекеннен ірге аудармасын», деді. Ресейде тұратын қандастарымыз Қазақстанда өмір сүрген жақсы ғой дейді. Оны өзіміз де білеміз. Жүрегі жылы оңтүстікте бізді ешкім бөтен көрмейді. Қай жерге барсақ та жүрегі кең қазақ халқы бауырым деп арқадан қағады. Біз үшін Қазақстаннан артық Отан жоқ», – деген. Мұндай пікірді этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен жиі естуге болар еді. Облыста 20 этномәдени бірлестік жұмыс жасаса, олардың аудан, қалаларда 51 филиалы бар. Облыс әкімдігі әрқайсысына жыл сайын қаржылай көмектесіп, грант бөліп тұрады. Ұлтаралық қатынас, достықты нығайтқаны үшін «Бауырмал» сыйлығы беріледі. Облыстық ассамблея жанынан ғылыми-сарапшылық топ құрылған.
Оның құрамына ғалымдар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, білім саласы, бұқаралық ақпарат құралдары және жергілікті атқарушы биліктің өкілдері кірген. Облыстық мәслихаттың ішінен қоғамдық татулық, ұлтаралық қатынасты нығайтуға қызмет ететін «Ел бірлігі» тобы жұмыс жасайды. Аналар кеңесі құрылған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Жаңа қазақстандық патриотизм және этноконфессиялық төзімділік рухында тәрбиелейтін «Достық» клубы жақсы жұмыс жасап жатыр. Облыстық әкімдіктің ұйытқы болуымен барлық аудан, қалаларды қамтыған «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы талай күрделі мәселелердің түйінін тарқатып келеді. Құрамына мемлекеттік құрылым және мәслихат, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, БАҚ өкілдерімен қатар, этномәдени бірлестіктер кіретін форум жыл сайын ірі тақырыптар бойынша жұртшылықтың басын қосып, ахуалды оңалту бағытында жұмыс жасайды. Сонымен қатар, тек этностар өкілдеріне ғана емес, барлық ұлт-ұлыстардың ортақ игілігіне айналып кеткен мерекелер бар. Атап айтсақ, «Рождество», «Масленица», Мәдени орталықтар күні, «Сабантой», «Аския», «Офорин» сияқты мерекелер, бастау барын мұхит та біледі демекші, «Наурыз» мейрамымен астасады. Ассамблеяның ең басты міндеті – мемлекетіміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтау болса, оңтүстіктегі этнобірлестіктер бұған хал-қадерінше еңбек сіңіріп келеді. Ата Заңымыз «Біз, Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Қазақстандықтар бірліктің, ынтымақ пен келісімнің, татулықтың арқасында тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалады. Ел экономикасы нығайып, азаматтардың сенімді болашағы қамтамасыз етілді. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, Елбасы өз құттықтауында: «Ассамблея жылы – бiздiң орасан нақты iстер мен жаңа жетiстiктердiң жылы болады. Ассамблея жылы Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секiлдi маңызды оқиғаларға бай. Биылғы жыл тарихи тағдыры ортақ халық бiрлiгiнiң жарқын көрiнiсiне айналуы тиіс. Қазақстан – бiр ел, бiр халық, бiр болашақ. Сондықтан, Ассамблея жылының басты идеясы – «Менiң елiм – Мәңгiлiк Ел!», – деп нақты айтқан болатын. Осы бағытта оңтүстікте бағдарлама қабылданып, облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйытқы болуымен іргелі жұмыстар атқарылып келеді. Оңтүстікте мемлекеттік тілге де құрмет үлкен. Осында 108 этнос өкілі тұрады десек, дені қазақ тілін меңгерген. Еркін сөйлейді. Соның бірі – ОҚО ІІД Түркістан ҚІІБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Азиз Рахимов. «Қазақ тілі менің де ана тілім болып кетті. Кез келген ортада қазақ тілінде мүдірмей еркін сөйлей беремін. Өзім дарқан даладай мінезі бар қазақ бауырларымның арасында өскеніме қуанамын.
Қазақ тілін жетік меңгеру – мен үшін үлкен жетістік. Осы жетістігім мені өз ортамда ерекшелендіріп тұрады. Бұл менің қызметтік жолымда да көп пайдасын тигізді. Жалпы, мен қазақпен де, өзбекпен де, татармен де, орыспен де көршімін. Жыл сайын Наурыз мейрамын дүркіретіп тойлаймыз. Керек кезде бір-біріміздің жанымыздан табыламыз. Жер бетінде қазақтардай қонақжай, бауырмал халық өте аз. Сондықтан, ұлтым өзбек болса да жаным – қазақ», дейді А.Рахимов. Оңтүстіктің жайсаң жігіттері осылай сөйлейді. Мемлекеттің негізін қалаған ұлтқа құрметін осылай білдіреді. Өйткені, дарқан қазақтан қағажу көріп отырғаны жоқ. Жергілікті газет, журналдардан бөлек, телеарналарда да этномәдени бірлестіктер басшыларының қатысуымен «Қазақстан – ортақ үйіміз», «Сто этносов», «Юртимиз жамоли» сияқты ұлтаралық қатынастарға негізделген телехабарлар тұрақты жүргізіледі. Этномәдени бірлестіктерде өз ана тілі мен мемлекеттік тілді еркін меңгеруге арналған жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Оңтүстікте «Достық үйі» орталығы бар. Мұнда келсеңіз, қайнаған өмірдің үстінен түсесіз. Тілі басқа болса да жүрегі бір жұрт «Менің Отаным – Қазақстан!» деп достықты, ұлтаралық келісімді нығайтуға күш салып жатады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.
Егемен Қазақстан
http://egemen.kz/2015/08/08/72487