– дейді өзге ұлт өкілдері арасында өткен олимпиаданың жеңімпазы Облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып оқу орнында өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілі пәнінен олимпиада өтті. Олимпиадаға түрлі мамандықта білім алып жатқан 15 студент қатысты. Бұл шараны қазақ тілі пәнін оқыту кафедрасы мен оқу орнының студенттік кәсіподақ ұйымы бірлесіп өткізді.
Кафедра меңгерушісі, профессор Айман Зейнулинаның айтуынша, олимпиаданың мақсаты – мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғам өміріндегі алатын орны мен маңызын, қажеттілігін көрсету. Яғни, бұдан өзге ұлт өкілдері студент жастарының қазақ тілін үйренуге деген құштарлығы, қызығушылығы, оқып-үйренгендерінің қандай деңгейге жеткені көрінеді. Студенттердің қазақ тіліне, жалпы, салт-дәстүрге, өнерімізге деген жылы көзқарастары арқылы басқа жастарға да, өз тілін үйренгісі келмей жүрген ұл-қыздарымызға насихаттау болып табылады.
Сөйтіп, олимпиада мазмұндама жазу, сұхбаттасу және өнерлерін көрсету сияқты үш кезеңмен өтті. Сайыс барысында елімізде биылғы жылы атап өтілетін аса маңызды шаралар – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ассамблеяның 20 жылдығы, Жеңістің – 70 жылдығы, «ЭКСПО көрмесінің тарихы», «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – ұлт құндылығы», «Өнер алды – қызыл тіл» сияқты монолог-сұхбат түрінде тақырыптар ұсынылды. Қатысушылар прозалық немесе поэзиялық шығармалардан үзінді оқыды, ән айтып, би биледі және тіпті, шағын драмалық көріністер де көрсетті.
Соңында шығарылған олимпиада қорытындысында 15 студенттің арасынан Ажар Садовская, Наталья Киреева, Наталья Дремова алдыңғы орындарды иеленді. Ал бірінші орынды Михаил Крикунов жеңіп алды. Жеңімпаз студенттерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар, басқа қатысушыларға номинациялар бойынша Алғыс хаттар табысталды.
Михаил Крикунов: «Сайыс өте тартысты өтті. Әрине, әрқайсымыз қазақ тілін жақсы меңгергенімізді көрсетуге тырыстық. Менің ойымша, Қазақстанда тұрып жатқан соң, қазақ тілін білу – біздің міндетіміз. Барша қазақстандықтарды мемлекеттік тілді жетік меңгеруге шақырамын», – деді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.
Суретте: М.КРИКУНОВ. Суретті түсірген Руфина ТОРПИЩЕВА.
Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/05/01/60343