Павел Маглелиді бұрыннан білетінбіз. Алайда, біздің білетініміз Павел замандасымыздың бір қыры ғана екен. Онымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде әртүрлі жиындарда кездесіп, белсенді адам ретінде танитынбыз. Әсіресе, қазақшаға судай болгар жігітінің мемлекеттік тілдің жанашыры екеніне де қанық едік. Мерзімді басылымдарда өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуге шақырған мақалаларын оқып, ішіміз жылып қалатын. Кездесе қалсақ, «сәлеметсізбесінен» жаңылмай, қазақша көсілетініне үйренгенбіз. Оның шаңырағының шағын отбасылық ассамблея екенін кейіннен білдік.
– Тілдің үш тұғырлылығы дегенің біздің отбасында әлдеқашан қалыптасқан. Отбасымызды шын мәнінде интернационалдық деуге болады. Шаңырағымызда бірнеше ұлттың басы қосылып, бақытты ғұмыр кешуде, – дейді Павел Иванович жылы жымиып.
Расында да, Павелдің ұлты болгар, жолдасы Тамара – Дон казагының қызы. Үлкен қызы Виктория қазақ жігіті Салауатқа күйеуге шыққан. Ұлы Олег татар-башқұрт қызы Екатеринадай келін түсірді. Кіші қызы Ольганың жолдасы Иван украин жігіті. Осындай шуағы мол шаңырақта осыншама ұлттың тілі мен ділі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі сабақтас өріліп жататыны да сондықтан. Өзара татулығында татау жоқ отба¬сындағы бірліктің арқасында олар бірін-бірі толықтырып, ұлттық құндылықтарды байыта түседі. Мұның өзі еліміздегі шынайы достықтан бастау алады десек ақиқаттан алшақ кете қоймаспыз.
Шыны керек, ақтөбелік болгарлардың тамыры тереңге тартады. Олардың осы өңірге қоныс-танғанына бір ғасырдан астам уақыт болған. Осыншама уақыттан бері қазақтармен және басқа ұлттармен біте қайнасып, аралас-құралас болып қана қоймай, қыз алып, қыз беріскен құдандалы болғандары көптеп кездеседі.
– Қазақстан – шын мәнінде халықтар достығының, бірлігінің алтын ұясы, жерұйық мекені.Қазақ халқының қонақжай көңілінің нұрлы шуағына бөленген жүзден астам ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық пен береке-бірлік осы бір меймандос халықтың ықылас-ниетінен тамыр тартып жатқаны анық. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған салиқалы да сарабдал саясаттың жасампаздығы да берік негіз қалап келе жатқаны шындық. Ең алғаш 1908 жылы келген болгарлардың 40 отбасы қазір бір қауым елге айналды.Сол алғашқы келген Ворниковтардың, Маглелилердің, Бошковтардың, Киосялардың, Мумжулардың ұрпақтары қазір де осында тұрып жатыр, егеменді еліміздің дамуына өзіндік үлес қосуда. Қазір біздің ұлттың өкілдері негізінен Алға ауданындағы Болгарка ауы¬лында тұрады.
Жұмыстың бабымен, тіршіліктің қамымен Ақтөбеге және басқа шаһарлы жерлерге қоныс аударғандары да бар. Достық үйінде болгарлардың этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестікте тілімізді, салт-дәстүрімізді, өнерімізді сақтауға, дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі, – дейді ол риза көңілмен.
Оның айтуынша, болгарлардың қазақ тілін оқып, үйренуге деген ынтасы мықты. Мұны болгарлар өздері туып-өскен қазақ жеріне, қазақ халқына деген құрмет деп түсінеді. Көптеген болгарлар қазақшаны жақсы біледі. Тек қана біліп, түсініп қоймайды, іс қағаздарына дейін жүргізе алады. Павел Ивановичтің немере қарындасы Натальяның ұлы Федор Башков мемлекеттік тілді бір қазақтай жетік біледі, түрлі ұлттардың халық әндерін тамылжыта шырқайды. Бұл оған анасынан дарыған қасиет десе де болады. Оның анасы Наталья сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Болгарка ауылында мектептің жанынан «Вяра» фольклорлық ансамблін құрғанын ауылдастары әлі күнге жыр ғып айтады. Қазір осы шағын фольклорлық топтың негізінде құрылған «Вяра» ансамблі достық үйіндегі болгар этномәдени бірлестігі жанында жұмыс істейді. Шынтуайтына келгенде, Федор Башков кәсіби әнші емес, учаскелік инспектор. Оның келіншегі Екатерина орыс қызы болса да, қазақ тілін оқып, үйренуге ынталы. Олар өздерінің қыздары Мария мен Софияға да мемлекеттік тілді оқытуда.
– Біздің шаңырақта, менің туысқандарым мен туғандарымның, таныстарымның отбасыларында болгар, қазақ және орыс тілінде сөйлесу қалыпты жағдай десе де болғандай. Көбіне қазақша сөйлеуге тырысамыз. Немерелерімнің де қазақша білгенін қалаймын, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Павел Маглели.
Павел Ивановичтің әкесі Иван Федорович украин қызы Мария Кондратьевнаға үйленгеннен кейін анасы бір жылдың шамасында қазақша еркін сөйлеп кетіпті. Сөйлемегенде ше, күнделікті өмірде қазақтармен көрші тұрып, қоян-қолтық араласып, қатынасып жатса. Әкесінің ағасы Федор Федорович мектеп директоры болыпты, өзі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген.
– Мен немерелерімді ауылға барған сайын ертіп апарамын. Ондағы ойым ата-бабасы туған топырақтың жылуын сезінсін дегендік еді. Бір барғанымызда Қали құрдасым қой сойып, көрші-көлемді шақырып, қонақ қылды. Бастапқыда жатырқағанмен, еттері үйрене келе ауыл балаларымен достасып кетті. Туған жерге деген сүйіспеншілік ерекше сезім. Бұл жерге келгенде анам пісірген нанның иісі келеді көкірегіме, Сарықобданың көңілге де, көзге де ыстық даласының саумал самалы аймалайды жүзіңді, – дейді Павел Иванович.
Айтса айтқандай, Павел Маглели осы жерде туып өсті, мектеп бітірді. Әскери міндетін өтеп, өскен ортасына оралды, Ильинка орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып ең-бек жолын бастады. Ақтөбе педагогикалық институтында оқыды, студенттер кәсіподағын басқарды. Ол әр жылдары ішкі істер органында арнаулы бөлімше басшысының саяси – тәрбие жөніндегі орынбасары, №8 қалалық кәсіптік училище директорының орынбасары, ферроқорытпа зауыты кадр бөлімінің бастығы, ТЖД жедел құтқару қызметі басшысының орынбасары, «Лад» ассоциациясының коммерциялық директоры, төтенше жағдайлар қорының директоры қызметтерін абыройлы атқарды. Қазір мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерін оқыту орталығының директоры болып еңбек етуде.
Жолдасы Тамара балабақша тәрбиешісі, институтта көркемдік жетекші, ферроқорытпа зауытында кадр бөлімінің қызметкері болды. Жақында құрметті еңбек демалысына шықты. Маглелилер әулеті Павел Иванович пен Тамара Васильевнаның отасқандарына 40 жыл толған мерейтойын есте қаларлықтай атап өтті. Қалыптасқан дәстүр бойынша ән шырқалды, би биленді. Әсіресе, немерелердің ата-әжелеріне деген ықыласы шексіз болды.
01.10.2014
Әңгімелескен
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
http://egemen.kz/2014/10/01/38736
АСТАНА.