Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Айтыстың (iTys) сөз додасы– қазақ тілінің қарымын арттыру, қолданыс аясын кеңейту

11 Желтоқсан 2014 | 8:26

Жыл сайын қазақстандықтарды өзінің тың жобаларымен, жақсы жаңалықтарымен қуантып отыратын Мемлекеттік тілді дамыту қоры биылғы қараша айында тағы бір ұлттық өнім – «Айтыс» (iTys) атты отандық мессенджердің тұсаукесерін өткізді. Қор директоры Азат Шәуеевті көпшілік қолдауына ие болып, ықыласпен қабылданған жаңа жобалардың болашақ дамуы мен алдағы жоспарлары туралы әңгімеге тартқан едік.

– «Жақсы сөз жаныңды жадыратады», дейді халқымыз. Аты затына сай таңдалған «Айтыс» (iTys) жобасын дер кезінде қолға алынған игі шара деуге болады. Осы жобаның қыр-сырына тоқталып өтсеңіз.

– Жақсы. Баршамызға белгілі, қазіргі таңда бүкіләлемдік IT саласы қарқынды даму үстінде. Күннен-күнге жаңа өнімдер мен озық технологиялар саны артуда. Қазақстанның да бұл бағыттағы әлеуеті мол деп есептеуге болады. «Көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызуға» мүмкіндік беретін IT-технология бойынша отандық өнімдерді көбейту, солар арқылы мемлекеттік тілді насихаттау, қазақша хат-хабар алмасқысы келетін адамдардың еркіндігіне жағдай туғызу – біздің көздеген басты мақсатымыз деуге болады. Иә, мақсат-міндетіміз айқын. Ендігі шаруа – осы іске қолынан іс келетін азаматтарды жұмылдыру. Сондықтан, жобаны жүзеге асыруға елімізге белгілі актер, продюсер Дәуіт Шайхисламов бастаған ойы ұтқыр, жаңашыл жастарды тарттық. Бағдарлама жасаушы кәсіби техниктер де, креативті суретшілер де, дизайнерлер де – бәрі де өз мамандарымыз. Бұл өнім – солардың жұмыла атқарған еңбегінің нәтижесі. Осы уақыт ішіндегі көзім жеткен қуантарлық жайт – өз арамызда шын мәнінде дарынды, жаңашыл, озық ойлы, отансүйгіш жастар қатарының көбейіп келе жатқандығы. Сөйтіп, бір жылдың ішінде осы жобаны – iTys-ты жасап шығардық. Қазақша, орысша және ағылшынша хат-хабар алмасуға мүмкіндік беретін, қызықты әрі ұлттық нақышта әзірленген, ыңғайлы және қолжетімді мессенджер дүниеге келді.

– Осы уақытқа дейін бәріміз whatsapp, mailagent секілді шетелдік байланыс көздерін пайдаланып келдік. iTys қо­сымшасының қосылғанына да бір айдай уақыт болып қалды. Осы өнім артықшылықтарын көпшілік бағалай білді ме, жұртшылық қалай қабылдады?

– iTys қосымшасының қазақ­стандықтар үшін әрі тиімді, әрі пайдалы екендігі анық. Бүгінгі күні электронды қызметтердің көбісі белгілі бір мерзім өткеннен кейін төлем жасауды талап ететіні баршамызға аян. iTys – қолжетімді, тегін ұсынылатын байланыс желісі. Қазақша жазғанда да латын әріптерін теріп әуре болмайсыз. Интерфейсі, мәзірі, бұдан басқа да функциялары үш тілде бірдей. Жаңа жоба технологиялық жағынан да қалыспайды. Қорғаныш деңгейінің өте жоғары болуы жолдаған ақпаратыңыздың құпия сақталуына толық кепілдік береді. Жеке хат алмасу құпиясын сенімді сақтауға мүмкіндік жасайтын автоматты жою функциясы да бар.

Тәуелсіз елдің мессенджерді барынша ұлттық нақышта безендіруге күш салдық. Бұған отандық кәсіби суретшілер мен дизайнерлер өз үлестерін қосты. Бұл жаңа бастама – iTys жобасы барша қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың қолдауына ие болды, жақсы қабылдады. Бір айға толмай, пайдаланушылар санының 100 мыңнан асуы соның нақты айғағы деуге болады. Біздің осы жобаны іске қосудағы діттеген мақсатымыз – қазақ тілінің қарымын арттыру, қолданыс аясын кеңейту еді. Бұл орындалғандай. Себебі, тұтынушылар дән ризашылықтарын білдіруде. Оған жылы лебіздерін, шынайы қуаныштарын жолдап, жақсы пікір айтып жатқандары дәлел.

– Қазіргі уақытта іске қосылып елді бір серпілтіп, артынан жарты жолда жабылып қалып жататын жобалар да аз емес. Бұл қосымшаның болашағына сенім бар ма?

– Сұрағыңыздың астарын түсіндім. iTys – қазақстандық IT-технологияларды дамытудағы жаңа бастама, тың тақырып. Бұл жобаның іске қосылуы – қазақ тілінің әлемдік ақпарат алмасу жүйесіне енуі үшін тағы бір қадам жасалды деген сөз. Жаңа жоба әр қиырындағы барша қазақтілді тұтынушыларды біріктіруді көздейді. Сондықтан да, әлеуметтік маңызы зор, көтеретін жүгі салмақты мұндай істі одан әрі дамыту – біздің алға мықтап қойған жоспарлы жұмысымыз. iTys-тың функциялары, безендірілуі, басқа да жақтары үнемі жетілдіріліп отырады. Келешекте тегін дыбыстық қоңыраулар енгізу көзделіп отыр.

Бұл ретте де біз тұтынушылар пікіріне сүйенетін боламыз. Себебі, iTys – халықтық жоба. Жаңа мессенджердің стилін, түр-түсін, ең бастысы, қандай функциялар болу керектігін жобаның ресми сайтында дауыс беру арқылы қазақстандықтар өздері таңдай алады. Бір сөзбен айтқанда, iTys-тың қандай болатынын тұтынушылардың өздері шешеді, оның дамуына тікелей үлес қосып, қалаған өзгерістерін енгізе алады. Қазіргі таңда iTys қосымшасына ОС Android платформасы арқылы қосылуға болады. Жақында iOC платформасына шығуды жоспарлап отырмыз.

Әрине, iTys – заман талабына сай, уақыт тамырын дөп басқан тың бастама, қажетті жоба. Бірақ, оның болашақ дамуы, беделінің артуы тұтынушылардың өз қолында. Пайдаланушылар саны молайған, тілек-талап деңгейі артқан сайын оның жетілуі де жақсара түспек.– Өздеріңіз мемлекеттік тілді ақпарат жүйесі арқылы үйрету мен насихаттаудың кілтін тапқанға ұқсайсыздар. Был­тыр дәл осы уақытта іске қосыл­ған www.soyle.kz интернет-порта­­­лының бүгінгі жайы қалай?

– Бұл мәселеде суда жүзген балықтай болмасақ та, заман талабына сай қазақ тілін әлемдік ақпарат кеңістігін пайдалана отырып оқыту қажеттілігін, оның нәтиже беретіндігін түсіндік. Жылға созылған ізденістер, жүргізілген талдау-зерттеулерден кейін бұған толықтай көз жеткізіп, осы бағытта жұмыс істеуге кіріс­тік. Елбасы отандық жетекші телеарналардың журналистеріне берген сұхбатында: «Бүгінгі күні бүкіл қазақстандықтардың, қандай ұлт өкілі болса да, қазақ тіліне деген ынтасы бар. Сол ынтаны қолдап жіберуіміз керек», деген еді. Мұны тапсырма деп білсек, оны жүзеге асыру қажет. Сөйтіп, өткен жылы елімізде тұңғыш рет мемлекеттік тілді онлайн режімінде тегін үйрететін өзіңіз айтқан ­интер­нет-порталын аштық. Бүгінде ­пор­­тал ақ­­па­рат­тық-коммуникация­­лық тех­­нологиялар арқылы мыңда­ған отан­дастарымызға қазақ тілін үйде отырып-ақ тегін үйре­ну мүмкіндігін іске асырды. Деңгей бойынша сабақ оқисыз ба, грамматиканы үйренесіз бе, сөздік қорыңызды молайтқыңыз келе ме, әлде қосылып ән айтасыз ба – бәрі өз еркіңізде. Барлық жағдай жасалған, ең бастысы, қызмет тегін. Әрі кез келген уақытта, кез келген жерде осы мүмкіндіктің бәрін пайдалана аласыз.

– Осы портал арқылы тіл үйреніп жатқандардың саны қаншаға жетті?

– Ашылған 11 айдың ішінде порталдың қызметін еліміздің барлық аймақтарынан және РФ, ҚХР, АҚШ сияқты шет мемлекеттерден 200 мыңнан астам адам пайдаланған болса, тіркеліп қазақ тілін күнделікті онлайн режімінде үйреніп жатқандардың саны – 16 мың. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Жалпы, барлық нәрсе салыстыру арқылы өз бағасын алатыны белгілі. Республикамыздағы Тілдерді дамыту басқармаларының мемлекеттік тілді оқыту жүйесіне жүргізілген талдау мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылы 14 облыс және Астана мен Алматы қалаларының тіл орталықтарында тіркелген тыңдаушылар саны 15 мыңға жуықтаған. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 мемлекеттік орталық жұмыс істейді десек, аталмыш интернет-портал арқылы қазақ тілін үйренушілердің бір жылдағы саны олардан артық болмаса, кем емес. Бұл нені аңғартады?! Қазіргі заман – ақпараттық технологиялар заманы. ХХІ ғасыр – ақпараттық қоғам дәуірі. Соңғы мәліметтерге ден қойсақ, Қазақстанның 70%-дан астам тұрғыны интернетті белсенді қолданады екен. Бұл үлкен жетістік.

– Енді бір сәт алға көз салсақ, қандай жаңалықтар, үйренер үлгілер бар?

– Таяуда Soyle.kz интернет-порталының «Тақырыптық сөздік» және «Балаларға арналған қазақ тілі» атты жаңа бөлімдерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сөздікте 3500-ге жуық сөз бен күнделікті өмірде жиі қолданылатын тілдесу үлгілері толықтай дыбысталып, тақырып бойынша топтастырылып берілген. Барлық қамтылған сөз шағын тақырыптарға бөлінген, бұл есте сақтауда қиындық тудыратын сөздерді кезең-кезеңмен меңгеруге мүмкіндік береді. Және де жаңа сөздерді игерту мақсатында түрлі амал-тәсілдерге негізделген 6 жаттығу ұсынылады. Олар сөздердің аудармасын, айтылуын, жазылуын есте сақтауға, дұрыс сөйлеуге, жазуға көмектеседі.

«Балаларға арналған қазақ тілі» жобасы мектепке дейінгі бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушыларының жас деңгейіне арналған. «Ойын ойнап, ән сал­май, өсер бала бола ма?» – деп, Абай атамыз айтқандай, біз баланы ойната отырып сөйлетуге, суреттерді қарау, заттарды сипаттау, жұмбақ есептерді шешу, құрастыру, тақпақтар жаттау, ертегі тыңдау арқылы олардың қызығушылығын арттыруға тырыстық. Сол секілді порталдың «Әріптер сөйлейді», «Суретті сөздік», «Жыл он екі ай», «Сандар сыры», «Қызықты грамматика», «Жақсы деген немене, жаман деген немене» деп аталатын бөлімдерінде қолданылатын сан түрлі ойын түрлері мен тапсырмалар сол бөлім мақсатына сай іріктеліп, таңдалған. Жаңа материалдардың барлығы дерлік қазақ тілді өзге сайттағыдай жәй мәтін түрінде емес, мультимедиалық техноло­гиялар арқылы көрнекі әрі тартымды безендірілген.

– Иә, портал мазмұндық жағынан жақсы дүниелермен толығып жатыр екен. Ал тех­нологиялық жасақталуында өзгерістер бар ма?

– Қазіргі уақытта жастары­мыздың көпшілігі интернетке ұялы телефон арқылы шығуға бейімделіп алған. Соңғы жылдары интернет жүйесіне енгізілген жаңа өнімдердің мобильді қосымшаларын да әзірлеу қажет­тігі туып отыр. Осы талап-ұсыныс­тарға орай біз де ұялы телефондар мен планшеттерге арналған Анроид платформасындағы Soyle қосымшасын әзірлеп шығар­дық. Интерфейсі, ұсынылатын қызметтері мен мультимедиялық мүмкіндіктері жағынан қазіргі заманғы ақпараттық технология талаптарына толықтай сай келетін бұл қосымшаның безендірілуі де ерекше, жүйелі әрі жинақы. Жоба жұмысына тартылған қабілетті де іскер дизайнерлер мен аниматорлардың бірлескен өнімі көңілімізден шықты. Бұл қосымшаға Soyle сабақтарының барлық бөлімдері, «Тақырыптық сөздік» толықтай еніп отыр. Келесі жылы, iOC платформасына шығамыз деген ойдамыз. Болашақта интернет порталдың латын әріптерімен терілетін қазақша нұсқасын, яғни ағылшынша-қазақша бөлімін жасау да жоспарымызда бар.

– Жалпы, осы Қор қызме­тін үйлестіруге, игі бастама­ларыңызға қолдау, көмек көр­сету жағы қалай?

– Өздеріңізге белгілі, Мем­лекеттік тілді дамыту қоры Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2008 жылдың аяғында құрылған болатын. Қорды басқаратын тұрақты алқалы орган – Қамқоршылар кеңесі, оның құрамына белгілі қоғам қайраткерлері мен мем­лекеттік органдардың өкілдері енеді. Қор қызметінің басты мақсаты ұлттық құндылығымыз – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге жан-жақты ықпал ету болып табылады. Осы белгілен­ген мақсат-міндетке сай құрылған сәттен бастап қазақ тілінің дамуына бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, қазақ тілін үйренушілерді ынталандыру, Қазақ елінің рухани-мәдени жетістіктерін насихаттауға ықпал етіп, тіл мәртебесін көтеру мақсатында кешенді іс-шаралар өткізіп келеміз.

Қор жұмысының жоспарлы жүргізілуіне, жаңа бастамалар­дың жүзеге асуы мен оларды жетілді­ріп, дамытуға Қор Қамқоршы­лар кеңесінің хатшысы Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев әрдайым өзінің көмегін аямай көрсетіп келеді және біздің Қордың бас құрылтайшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қаржылық қолдау көрсетіп отырады.

Елбасымыз Н.Назарбаев «Мәңгілік Қазақстан: Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа жолдаған Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды!», – деген еді. Сондықтан, бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықылас тереңдей түскен шақта қазақ тіліне деген құрмет пен сұраныс ұлттық сана биіктігіне көтеріледі деген сенімдемін.

11.12.2014

Әңгімелескен

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

http://egemen.kz/?p=44906

АСТАНА.