Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Ана тілімізді ардақтай білейік

30 Қыркүйек 2013 | 4:05

Елбасының тапсырмасымен құрылған біздің қордың негізгі мақсаты – туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесін нығайтуға бағытталған істерге қолдау көрсету болып табылады. Осы мақсатта атқарылатын жұмыстар сан-салалы. Соның бірі – тұрақты түрде өткізіліп, дәстүрге айналған жастармен кездесулер.
Ақмола облысы Целиноград ауданының орталығы – Ақмола ауылына жұртшылықпен жүздесіп, көңіл-күйлері мен пікір-тілектерін білсек деген мақсатпен ат басын тіреген едік. Тіл жанашырларымен кездесу осы ауылдағы саяси қуғын сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінде өтті. Осы мұражайдың Зерде орталығындағы «Тіл мен дәстүр мазағы» атты экспозиция тоталитарлық қызыл империяның зұлымдығының куәсіндей. Ал ондай азаптың қазақ халқы талайын бастан кешті. Ашаршылық азасы, атом тозағы, қуғын-сүргін қасіреті, ауған қайғысы азаттыққа қол жетудің азапты жолындай сайрап жатыр.
Кездесуге жиналған жастарды толғандырған мәселе көп екен. Жастар қазақ тілінің қолданылу аясының барған сайын кеңейе түскенін қуаттай отырып, бұл науқаншылдыққа бой алдырмай, жұмысты сабырмен атқаруды жақтайтынын білдірді. Ең бастысы, атамекеніміздегі тату-тәтті тұрмысты, өзімізбен қоян-қолтық өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерімен сыйластықты бәрінен де жоғары қояды. Патриот дегеніміз де осы кең байтақ өлкедегі бейбіт те, берекелі өмірге жанашырлық емес пе?!
«Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін» деген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүрекжарды сөзі ешкімді де бейтарап қалдырмаса керек. Бірақ жұртшылық көбінесе тіл төңірегіндегі түйткілдерді бізге басқа біреу келіп шешіп беретіндей көреді. Сондықтан «неге бұлай емес?» деп сұрауға бейіл болса да білек сыбана қарекетке көшкілері жоқ.
Ал шындығында қазір ел басшылығы тарапынан мемлекеттік тілді лайықты тұғырына қондыруға қажеттің бәрі де жасалуда десек артық айтқандық емес. Туған тілімізде еркін сөйлеп, оны тұрмыста ғана емес, қызметте қолдануға бөгет жоқ. Ата Заңымыз бұған кепілдік берсе, «Тілдер туралы» заң жан-жақты негіз қалайды. Бар мәселе, өзімізге келіп тіреліп тұр. Өзара туған тілімізде сөйлессек, оны қолдансақ, басқа проб­лемалар шешіле жатады. Тым құрыса отбасында ана тілімізде сөйлеспеген соң, кімге өкпелейміз?!
Ақмоладағы кездесуде бір жас жігіт айтқан сөз еріксіз ойыма оралды. Ол «біз қаракөз ағайындар көшеде мекенжайды қазақша сұрамаса, жауап бермейміз және оларға мұны ашық айтамыз» деген еді. Бір қарағанда дөрекілік секілді көрінуі де мүмкін. Бірақ, олай ойласаңыз, қателесесіз. Себебі дөрекілік қана емес, көргенсіздіктің көкесі өз қандасыңмен өзге тілде сөйлесу екені даусыз. Олай болса, жас жігіттің елжанды мінезіне елжіремеу мүмкін бе?!
Себебі тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ол қасиетті ана сүтімен берілетін ұлттық болмыс пен бітім. Қазағымыздың қайсар да қаһарман, қайырымды да қамқор және кешірімді де кеңпейіл, намысшыл да наркескен мінезі оның тілі арқылы қалыптасады. Тіл жойылса, халықтың өзі де жойылады. Күнделікті өмірде мұны баршамыз көріп те, біліп те жүрміз. Ана тілінен мақұрым ағайынға ұлттық діл мен дәстүр, намыс пен мәртебе деген жай ғана сөз болып қалады. Ондайлар үшін тіл де, туыс та, ұлт намысы мен өзара тілектестік те далада қалады екен.
Мәңгүрттіктің ондай жүрекке шаншудай қадалар мысалдары толып жатыр. Айталық, қазақтың жігіттерінің өзіміздің қаракөз арула­рымыз ілтипатпен иіліп тұрғанда өзгенің қыз­да­ры­мен тағдыр қосуын, тіпті мың жерден махаббат болса да, түсіну қиын. Бұл да болса, кейбір «серілеріміздің» ана тілінен айырылып, ұлттық ерекшелікті естен шығарып, күнкөріс қамымен құр міскінге айналуын көрсетеді. Қазағымыздың бір қызын бақытты етудің орнына жеңіл сезім же­тегінде кетудің салдары да. Бізде ұлтымызға қа­тыс­тының бәрі бірінші орында тұруы тиіс емес пе?!
Ұлтжандылық отбасында қалыптасады десек, қазақша сөйлеспейтін отбасында ұлттық құндылықтар азып, тозады. Тіпті тілден айырылған соң, ондай отбасыларында ата-анасы өзара түсінісе алмайды, ал балалары тіпті ата-ананың жан-сырын ұғудан қалады. Ондайлар үшін бәрі де түкке тұрмайды. Бір-бірін ренжіте салу, ата-ананың ақылын құлаққа да ілмеу, қара басының пайдасынан басқаны ойламау әдетке айналады. Ұлдары қайта-қайта шетелден бөгде ұлттың қыздарына үйленіп, келін түсіріп, әке-шешелерін естен тандырған оқиғалар аз емес. «Не ексең, соны орасың» деген осы.
Жоқ, қазақ жерінде адам баласы алалық көрген емес және көрмейді де. Ата Заңымыз қазақты, оның ана тілін ардақтай отырып, қатар өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың өкілдерінің осынау қасиетті мекенде шат-шадыман өмір сүруіне жан-жақты кепілдік береді. «Тілдер туралы» заң да ешқандай қысымға төзбейді. Адамды, тіпті ұлтына қарай бөліп-жару мүмкін бе?! Бұл жағынан Қазақ еліне ешкім де кінә арта алмайды. Қазақстанда ұлттар мен ұлыстардың өзара түсінісіп, татулықта өмір сүру салты бүкіл өркениет үшін үлгіге айналды. Дүниежүзінің дінбасылары да қазақ жерінде жылма-жыл бас қосып, адамзаттың амандығына қатар тұрып, дұға оқиды.
Алайда, адамзат өркениетін оны құрайтын ұлттар мен ұлыстардың мәдениеттері байытып, кемелдендіре түсетіні белгілі. Бұл арада қазақ та өркениеттің өзіндік болмыс-бітімі бар ерекше өзегі болып табылады. Демек, жаһанда адаспай, өркениет көшінен лайықты орын алайық десек, алдымен ана тілімізді ардақтай білейік. Ұлы көшке біздің ұлттық болмысымызбен қосылуымыз абзал.

Азат ШӘУЕЕВ,
Мемлекеттік тілді дамыту
қорының директоры

anatili.kz
26-қыркүйек, 2013