Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Мемлекеттік тілді үйренді

28 Наурыз 2013 | 10:59

Биылғы «Ұлыстың ұлы күні» – әз Наурызды тойлау үшін мемлекет Қазақстан халқына ресми түрде бес күн демалыс берді. Осынша мол уақытты қазақстандықтар көптен ойда жүрген, бірақ орындауға мұршасы бола бермеген істерді жүзеге асыруға жұмсағаны сөзсіз. Көптеген адамдар мәселен, мемлекеттік тілді үйренуге арнапты. Осы мерзімге сұраныстың көп түсуіне байланысты, біраз тіл үйрету орталықтары мереке күндері демалыссыз жұмыс істеген көрінеді. Отандастарымыздың бұл ізгі бастамасы халық қалаулылары тарапынан қолдау табуда.

Президент Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында мемлекеттік тілді меңгеруге баса көңіл, айрықша орын берді. Қалыптасқан еліміздің осы жаңа бағытында Мемлекет басшысы «2025 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95%-ы қазақ тілін меңгеруге тиіс» деп міндет қойды. «2025 жылға қарай қазақ тілі өмірдің барлық салаларында үстемдік құра бастайды, барлық жердегі қарым-қатынастың тіліне айналады. Және бұл, сөзсіз, біздің мемлекетіміздің өте маңызды жетістігі болады. Біздің егемендігіміз, біздің тәуелсіздігіміз ақыры ұлтты ұйыстыратын, біріктіретін нышанға – ортақ ана тілге қол жеткізеді. Мемлекетіміздің егемендігінің «тәжіндегі» басты «асыл тас» – осы болмақ» деп көркем сөзбен түйген еді Елбасы.

Осылайша, Қазақстан Көшбасшысы мемлекеттік тілді үйрену үшін қажетті сұраныс пен ұсынысты қатар тудырғандай. Президенттің тапсырмасына жеке сектор да қолдау білдіруде, елорданың өзінде тіл үйрету орталықтары көптеп ашылуда. Олар бүгінде бұрынғыдай жай ғана аудармамен айналысудан алыстап, тілді тереңдетіп оқытатын ғылыми мекемелерге айналуда. Сұраныс туып, тілді игеруге ұмтылғандар легінің, тиісінше, келетін қаржы көлемінің де артуымен бірге, ондай орталықтардың біразы енді дәріс оқуға білдей атақтары бар ғалымдарды тарта бастапты. Әйткенмен, осы салада ортақ бір мәселе туындауда: осындай ұйымдардың бәрінде бірдей қолданылатын, өз бойына ең озық тәжірибелерді жинақтаған Бірыңғай тіл үйрету әдістемесі болмай отыр. Нәтижесінде, тіл үйрету орталықтарының әрқайсысы әртүрлі әдістемені пайдаланады.

Бір қызығы, Парламенттің өзге ұлттағы депутаттарының ішінде мемлекеттік тілді әжептәуір меңгергені саналатын, қазақ тіліндегі әңгімені жақсы түсінетін қалаулы, Мәжіліс төрағасының орынбасары С.Дьяченко «ең жақсы әдістеме – жалқауланбау» деп санайды екен.

«Көп еңбектену керек,–дейді Сергей Александрович. –Қазір қазақ тілін үй­ре­ну­дің қаншама озық әдістемесі бар. Мем­лекет тіл үйренемін дегендерге көмектесіп, бюджеттен мол қаражат бөледі. Оқыту­шы­лар да білікті. Олардың оқыту сапасы жыл өткен сайын жақсаруда».

Сергей Дьяченко мемлекеттік тілді кезінде өз бетімен үйрене бастағандығын айтады. Тіл үйренуде оның өзінің төл «әдістемесі» бар екен: «Менің көмекші­ле­рім – қазақ жігіттері. Кейінгі жылдары үнемі осылай болып келеді. Солар арқылы мен өз айналамда тілдік ортаны түздім» дейді ол.

– Ең бастысы, біз тіл үйренуде ерін­шек­тікке бой алдырмауға тиіспіз, – деп сабақтады сөзін вице-спикер. – Мем­лекетімізде барлық жағдай жасалынған. Құштарлық та барлық адамда бар деп ой­лай­мын. Бірақ енді азаматтарымыз өз құш­тарлықтарына табандылықты серік етулері керек. Әйтпесе, қазақ тілін білудің қажеттілігін қазір барша қазақстандықтар ұғынады. Мемлекеттік тіл барған сайын кең қолданыла береді. Мұны бәрі жақсы түсініп отыр. Сондықтан барлығы осы тіл­ді еркін меңгергісі келеді. Алайда бар­лығы бірдей осы бағытта еңбектеніп жатқан жоқ. Ендеше, әрбір қазақстандық осындай мемлекеттің өзі беріп отырған демалыстарды пайдаланып, тілді үйренуге білек сыбана кіріскендері жөн,–дейді Сергей Дьяченко.

Бір сүйсінтетіні сол, ресейлік белгілі психолингвист, 30 тіл білетін, соның ішін­де 8-і бойынша ілеспе аударма жүргізе алатын, Гиннесс рекордтар кітабына кір­ген, Горбачев, Ельцин, Путиннің аудар­ма­шысы болып жұмыс істеген Д.Петров­тың өзі қазақ тілін меңгеруге ынта қойып отыр. Онымен көптеген қазақстандықтар ресейлік «Культура» арнасында жүрген «Полиглот» бағдарламасы арқылы таныс. Енді Қазақстан да мемлекеттік тілді үйретуде осы білгір маманның әдістемесіне жүгінуде.

Дмитрий Петровтың әдістемесі не­гізін­де Қазақстан халқы ассамблеясының «Тiл дарын» Тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы барлық этностарға арналған қазақ тілін жеделдетіп меңгерудің жаңа әдістемесін әзірлеген. Соның арқасында тіпті Жапо­ния елшісінің кеңесшісі Кенъитиро Саса­мэ қазақ тілін 24 академиялық сағат ішін­де үйреніп алыпты!

Жаңа инновациялық әдістеме алдымен бір ай бойында екі арнайы топта сынақтан өткізілген екен. Ол топтарға тілді мүлдем біл­­мейтін тыңдаушылар тартылған. Бұл ретте шетелдіктерді – Франция, Үнді, Украина сияқты әртүрлі елшіліктердің өкілдерін шақыру ұсынылыпты. Олар 4 аптадағы 24 күн бойы бейнесабақтар, аудиотыңдаулар, сондай-ақ тілді этномә­дени зерттеу арқылы қазақ тілін игерген көрінеді. ҚХА-ның «Тіл дарын» орталығы­ның мамандары ары қарай тілді оқытудың жаңа әдістемесін еліміздің білім беру жүйе­сіне ендіруді жоспарлауда.

Осы әдістеменің мәнісі неде? Қазақ тілін жеделдетіп оқыту курсын жүргізуші Дми­трий Петров «ұлты, кәсібі, ақыл-ой деңгейі әртүрлі кез келген ересек адам қа­зақ тілін екі апта ішінде меңгеріп ала ала­ды» дейді. Мұның «құпиясын» ол былайша түсіндіреді: «Әрбір адамның тіл­дік қорының пайдаланылатын лексика­сы­ның 90%-ы 300-350 сөзден аспайды. Кез келген тілдің грамматикасы да қара­пайым: ол бірнеше – 5, 10, 15 қабаттан тұра­ды. Сондықтан екі апта ішінде тілдің бірнеше негізгі грамматикалық ережелері мен құрылымдарын жылдам есте сақтап және 300-350 сөзді еркін жаттап алуға болады. Бұл «жанбайтын қорды», қара­пайым тілдік базаны қалыптастырады. Ал одан ары қарай мұны дамытып, лекси­ка­ны ұдайы өрістете беруге болады».

Дмитрий Петров қазақ тілінің кей­бі­реу­лер айтып жүргендей, үйрену үшін қиын еместігін айтады. «Адамдар қазақ тілін меңгеру үдерісін айтарлықтай жеңіл­дететін жайттар туралы бірден білулері тиіс, – дейді полиглот-ғалым. – Оған сеп­тік жалғаулар жатады: бұл тілде қаптаған «предлогтарды» игеріп жатудың қажеттілігі жоқ, сөздің түбірін және оның соңына қосылатын жалғауларды білсеңіз, жетіп жатыр». Қазақ тілінің тағы бір артықшы­лығы ретінде Дмитрий Петров бір-бірінен қатты ерекшеленетін диалектілердің жоқ­тығын атайды. «Ал мәселен, Германияда елдің әртүрлі өңірлерінің тұрғындары диалекті кесірінен бір-бірін тіпті түсінбейді де», – дейді ол.

Қазақстан Көшбасшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясында елімізді «оқыту әдіс­темелерін жаңғырту ісі күтіп тұрған­дығын» мәлімдеді. «Біз отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешім­дер мен құралдарды қарқынды ендіруге тиіспіз» деді Н.Назарбаев. Қазақстан бұл бағытта ендігі қадам жасады.

Айхан ШӘРІП