Марина Вольнова,
ХХХ-шы Лондон олимпиадасының қола жүлдегері:
Лондондағы олимпиаданың соңғы күндерінде ел қоржынына әйелдер боксынан қола медальды салған бұл сары қыздың журналистерге қазақ тілінде сұхбат бергенін көріп, қуанғанымыз бар. Өйткені Маринаның Лондон жерінде қазақша сөйлегені біздің рухымызды биіктетті. Жанының қазақ деп соғатынын түсіндік. Шүкіршілік айттық. Спортшыларымыз елге оралғасын Елбасының өзі жүлдегерлермен жүздесіп, олимпиада жеңімпаздарының омырауына ордендер тақты. Қазақша сайраған сары қызды сол арада аз-кем тілге тарттық.
– Марина, сен «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде туғаннан ба, әлде қазақы ортада өскендіктен бе, қазақша таза сөйлейсің. Қай мектепті бітірдің?
– Иә, мен құтты мекен Қызылорда облысының Қазалы ауданында туғанмын. Сол жердегі орысша білім беретін орта мектепте оқығанмын. Алайда осы өңірде негізінен қазақтар тұрады ғой. Қазақы ортада өстім.
– Қазақ тілін үйрену қиын болмады ма?
– Жоқ. Қайдан қиын болсын?! Достарымның дені қазақ балалары болды. Солармен тай-құлындай тебісіп, кішкентайымнан бірге өскесін қазақ тілі маған жат емес. Сондықтан оны үйрену де қиын болған жоқ. Қазақстанда тұратындықтан, ұлтына қарамастан, бәрі де қазақ тілін білуі керек деп санаймын, себебі, қазақ тілі мемлекеттік тіл ғой. Жергілікті қазақтар менің қазақша сөйлегеніме сүйсініп, «Біздің сары қыз» атап кетті. Сондықтан мен Сыр елінің сары қызымын (күліп).
– Қандай тағамды ұнатасың?
– Қазақ елінің Лондон олимпиадасында жеті бірдей алтын, бір күміс, бес қола жүлдеге қол жеткізуін Еуропа елі қазақтың ет тағамымен байланыстырып жатыр ғой. Сөз жоқ, шынында да қазақтың ет тағамына жетер ас жоқ қой. Мен де етті сүйсініп жеймін.
– Ал өзің ас әзірлей білесің бе?
– Бұл жағынан ұяттымын. Қызылордада ата-анаммен бірге тұрғанда тағамды анам әзірлейтін. Ал Астанаға көшіп келгелі бері ас әзірлеуді үйреніп жатырмын. Қазір палауды жақсы дайындаймын.
– Егер саған қазақ жігіті тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаса қалай қарар едің?
– Дәл сондай ұсыныс түсіп жатса ойланып көрер едім. (күлді)
– Cпортқа қалай келдің? Боксты таңдауыңа ата-анаң қарсы болған жоқ па?
– Мен боксқа дейін дзюдо секциясына барғанмын. Оған барғанымда ешкім қарсы болмап еді. Ал боксқа қатысамын дегенімде, анам бірден қарсылық білдірді. Кейін жарыстардан жүлделі орала бастағанымда, «өзің таңдаған жол ғой» деп келісімін берді.
– Келесі Олимпиадаға қатысасың ба?
– Әрине, жаттықтырушым екеуміз төрт жылға жоспар құрып отырмыз. Бразилияда өтетін олимпиадада үздік нәтиже көрсеткім келеді.
– Ендеше сәттілік тілейміз. Әңгімеңе рахмет!
Бейбітгүл Исаева
Ана тілі газетінен
http://anatili.kz/?p=10260